Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Назгүл Сағындықова Түркістан облысына іссапармен арнайы келіп, өңір жұртшылығымен кездесті.
Ең әуелі Сауран ауданындағы ересек мүгедектігі бар адамдарға арналған 200 орындық заманауи оңалту орталығының жұмысымен танысты. Бұл орталық жасы 18-ден асқан I, II топтағы мүгедектерге арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін болады. Ол үшін қажетті құрал-жабдықтар мен жағдайлар қарастырылады. Атап айтқанда асхана, жатын бөлмелері, бассейн, спорт залы, емдік-сауықтыру бөлмелері, қысқы бақ сияқты арнайы орындарымен қамтылады. Ғимаратты қабылдау шаралары сәтті аяқталса, қыркүйек айында пайдалануға беріледі. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаева Оранғай ауылында 50 орындық психоневрологиялық ауытқуы бар мүгедектігі бар балаларға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының құрылысы жүріп жатқанын атап өтті. Назгүл Ерікқызы бастамалар халық үшін маңызды екенін айтып, оң пікірін білдірді.
Мұнан соң вице-министр Түркістан қаласында орналасқан «Белсенді ұзақ өмір» орталығында облыс тұрғындарымен жүздесіп, оларды алаңдатқан сұрақтарға жауап берді. Кездесуде облыс әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы, әлеуметтік мекемелердің қызметкерлері, мүгедектік қоғамы бірлестіктерінің төрағалары, мүгедектігі бар адамдар, көп балалы аналар және атаулы әлеуметтік көмек алушылар қатысты. Назгүл Сағындықова азаматтарға Қазақстанның жаңа әлеуметтік саясаты, әлеуметтік қызмет көрсету жүйесі, арнаулы әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін арттыру, әлеуметтік сақтандыру жүйесін жаңғырту, зейнетақымен қамсыздандыру жүйесіндегі өзгерістер жайында кеңінен таныстырды. Жеке қабылдау өткізіп, талап-тілектерді тыңдады. Жиын барысында мемлекеттік бағдарламаларға қатысып, кәсібін дөңгелетіп отырған тұрғындардың өнімдерінен қойылған көрмені аралап көрді. Биыл Түркістан облысының 1793 жасқа бизнес бастау үшін қайтарымсыз грант бөлінетінін тілге тиек етті. БАҚ өкілдері және тұрғындар тарапынан көтерілген өзекті мәселелер мен ұсыныстарды түртіп алып, шешуге ықпал ету бойынша облыс әкімдігімен бірлесіп жұмыс жүргізетінін мәлімдеді.
Вице-министр 9 мамыр — Жеңіс күні қарсаңында түркістандық Ұлы Отан соғысы ардагері, 102 жастағы Немат Абдрасиловтың үйіне барып, мерекемен құттықтады. Майдангердің еңбегі, батырлығы үшін алғысын білдіріп, жастарға өнеге ретінде насихатталуы тиіс екенін жеткізді.
Назгүл Сағындықованың сапары Төлеби ауданында жалғасты. Әсия Құралқызы «№4 Тасарық арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» КММ атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады. Сапар аясында мемлекеттік қолдауларға ие болып, өз ісін ашқан азаматтардың дайын өнімдері көрмесімен танысуы жоспарланған.
Түркістан облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы