Климаттың өзгеруіне қарсы күрес, күрделі сын-қатерлерге жауап бере білу жолдарын талқылау мақсатында сарапшылар мен жас ғалымдар Түркістан қаласында бас қосты. ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі, Ғылым қоры және халықаралық ғылыми-техникалық орталығы бірлесе отырып ұйымдастырған дәрістер мен семинарлар Қазақстанның өңірлерінен келген ғалымдар мен докторанттардың, сондай-ақ бизнес және үкімет өкілдерінің назарын аударды.
Кездесуде қазіргі экологиялық өзгерістер мен оларды энергетика мен көлік салаларын тиімді дамыту арқылы еңсеру жолдары ғана емес, сонымен бірге олардың әлеуметтік салдары мен климаттың өзгеруінің қажеттілігі талқыланды.
Мамандар жас ғалымдар үшін бұл саладағы халықаралық тәжірибенің маңыздылығына тоқталды. Еуропалық Одақтың негіздемелік бағдарламалары бойынша Ұлттық орталықтың жетекшілігімен өткен стратегиялық сессия энергетика және көлік арқылы климаттың өзгеруі контекстіндегі тұрақты дамудың стратегияларына арналды. Сондай-ақ шарада жас ғалымдардың әртүрлі салалардағы, соның ішінде климаттың өзгеруі, медицина және атом өнеркәсібі бағытындағы жобаларының тұсаукесері өтті.
Ғылыми қауымдастық пен қоғамдық сектордың өкілдері осы саладағы халықаралық тәжірибе алмасудың және оны қазақстандық тәжірибеде қолданудың маңыздылығын атап өтті. Талқылаудың негізгі тақырыптары климаттың өзгеруінің энергетика мен көлікке әсері, сондай-ақ ғылыми жобалаларды халықаралық қаржыландыру мүмкіндіктері болды.
ЮНЕСКО-ның аймақтық кеңсесінің әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар секторының меңгерушісі Мақсат Байбеков: «Бүгінгі таңдағы экологиялық, әлеуметтік және экономикалық мәселелер келісілген әрекет пен ынтымақтастықты жақсартуды талап етеді. Климаттың өзгеруі, су тапшылығы және ресурстарды теңгерімсіз пайдалану тек аймақтық ғана емес, сонымен бірге бәрімізге әсер ететін жаһандық мәселе. Біз жас ғалымдарға арналған бірнеше жобаларды, атап айтқанда, жас ғалымдарға арналған Орталық Азия желісін қолға алып жатырмыз және келісімге қол қою арқылы Ғылым қорымен ынтымақтастықты нығайтуға ниеттіміз», — деді.
Жас ғалымдар медицина, атом өнеркәсібі және климаттың өзгеруі сияқты кең ауқымды тақырыптарды қамтитын жобаларын ұсынды. Жапон ғалымдары да Қазақстанмен ынтымақтастық және тұрақты даму бойынша тәжірибелерімен бөлісті. Қорытындылаушы баяндамашы ретінде Хоккайдо университетінің докторы Тошихико Ямада, сонымен қатар Жапониядағы Цубака университетінің Қиыр Шығысты зерттеу кафедрасының шақырылған профессоры доктор Такаши Ниномия сөз сөйледі.
Саммиттің маңызды аспектісі ғылыми жетістіктерді коммерцияландыру бойынша гранттық қаржыландыру конкурсына қатысу ережелерін талқылау болды. Х.Ясауи атындағы ХҚТУ өкілдері бұл саладағы өз тәжірибелерімен бөлісіп, жас зерттеушілерге құнды ақпараттар жеткізді.
Дереккөз: ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі