Батыс Еуропа — Батыс Қытай күре жолы бойында орналасқан Шымкент – туризмді дамытуға өте қолайлы қала. Түркі жұртының рухани астанасы атанған Түркістанға, Алатау, Қаратау мен Қазығұрт тауларының тұмса табиғаты аясында орналасқан түрлі демалыс аймақтарына, Ақсу-Жабағылы қорығына, Сарыағаштағы шипажайларға, тіпті көрші Өзбекстанға келетін жұрт алдымен Шымкентке аяқ басады. Ал, сырттан келген қонаққа не көрсетіп, не ұсына аламыз?
Шетелдермен байланыс жандануда
Шымкентте қазіргі уақытта 100-ге жуық туристік нысан бар. Солардың бірі – ежелгі қала орны. Бұл қалада соңғы жылдары пайда болған жаңа саяхат орындарының бірі. «Шымкент ескі қалашығы» (Цитадель) – жергілікті маңызы бар тарихи және мәдени ескерткіштердің мемлекеттік тізіміне енгізілген еліміздің археологиялық орны. Бұл әлемдегі ең үлкен алаңдардың бірі. Көлемі жағынан Индонезияның Джакарта қаласындағы Medan Modecaдан (Бостандық алаңы) сәл кіші, Алматыдағы Республика алаңымен шамалас (11-12 га).
Тарихи деректерге жүгінсек, XIX ғасырдың басында қоныстың ежелгі тұрғындары бұл жерді «Ескі Шымкент» (ескі қала) деп атаған және оның аумағы бірнеше есе үлкен болған. Шахристан (биік қабырғалары мен мұнаралары бар қаланың бөлек ядросы) мен көптеген рабадтары бар Шымкент қалашығы бірнеше шақырымға созылды.
Уақыт өте келе қала өзгеріп, ежелгі қоныстың аумағы болған жерде құрылыс жүргізілген, яғни археологтар қорған тұрған жерде қазба жұмыстарын жүргізуге мәжбүр болды. Дәл осы жерде бекініс қабырғаларының іздері табылды.
Қазіргі уақытта цитадельдің қалдықтары 40×50 метрді құрайды және биіктігі орташа есеппен 25 метрден асады. Шахристанның мәдени қабаттары бүгінде екі-үштен бес-алты метрге дейін жетеді. Сыртқы қорғаныс қабырғалары мұнаралардың қалдықтарымен биіктігі бір жарым-екі метр болатын жер қорғанының қалдықтары түрінде сақталды.
Дендрологиялық бақ – Шымкенттің мақтанышы. Мұнда ағаштардың 500-ден аса түрі өседі. Саяхатшылар Бәйдібек би ескерткіші мен соның айналасындағы демалыс орнын да тамашаламай өтпейді.
Шымкентке келетін туристер әртүрлі демалу түрлерін таңдайтын көрінеді. Осыған орай қаладағы туризм бірнеше бағытқа бөлінген. Осы ретте Шымкент қалалық туризм, сыртқы байланысты және кретивті индустрия басқармасы Өзбекстан Республикасымен туристік байланыстарды жандандырып жатыр. Сондай-ақ биыл Қытайда Қазақстанның туризм жылы болып жарияланды. Осыған орай Шымкенттен арнайы делегация Қытайға Қазақстанның туризм жылының ашылу салтанатына қатысып қайтты.
– Қытайда Қазақстанның туризм жылының ашылуы 28-30 наурыз аралығында өтті. Ашылу салтанатында Шымкент қаласының стенді ұйымдастырылып, іс-шара барысында Шымкент қаласының туристік, гастрономия және инвестициялық әлеуеті таныстырылды. Сонымен қатар, қазақтың тұсаукесер салт-дәстүрі көрсетіліп, Nauryz Fest-пен түйіндедік. Сол күні қатысушыларға ұлттық тағамдар ұсынылды. Халықаралық және шетелдік ұйымдармен ынтымақтастықты дамытуға арналған іс-шараларымызды бірнеше бағытта жоспарладық. Сыртқы байланыстарды дамыту бойынша қала әкімдігі ғимаратында 10-нан аса делегациямен кездесу ұйымдастырылды. Соның ішінде Қытай, Ресей, Бельгия және Франция елшіліктері бар, – дейді Шымкент қалалық туризм, сыртқы байланыстар және кретивті индустрия басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы Ерболат Оспанов.
Бір жылда 420 398 саяхатшы келген
Бүгінде туризм дүниежүзі бойынша ең табысты бизнес түріне айналып отыр. Осыдан біраз жыл бұрын ақшасы бар қазақ шетелдерге шығып, ел-жер көруге құмар еді. Бүгінде шетелдіктер тарапынан Қазақстанға қызығушылық жоғары. Алайда, бізде туризмді дамытуға әлі де кедергі көп. Шымкентке туристерді көп тартамыз десек, баға қолжетімді, қызмет сапалы болуы керек.
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, өткен жылы айда қалаға 420 398 турист келген. Басқарма басшысының айтуынша, Шымкентке туристер ағыны наурыз-сәуір айларында басталатын көрінеді. Бүгінде қала аумағында 144 орналастыру орны, 25 әлеуметтік және мәдени нысан, 23 демалыс орны, 72 спорт орталығы, 10 саябақ, республикалық маңызы бар 7 сакралды нысан, 3 326 тамақтану орны, 100-ден астам туристік нысан орналасқан.
– Биыл Солтүстік Қазақстан бағытында – Қостанай, Павлодар, Батыс Қазақстан бағытында – Атырау, Ақтөбе, Ақтау, Шығыс Қазақстан бағытында – Өскемен, Семей, Орталық Қазақстан бағытында Жезқазған, Қарағанды қалаларына рейстер ашылды. Сондай-ақ, Шымкент қаласынан Джидда, Медина, Дубай, Пхукет бағыттары бойынша чартерлік рейстер жүреді. Алдағы уақытта Шымкент қаласының темір жол ішінде және жаңа әуе терминалында туристік ақпараттық киосктар қойылады. 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобасы бойынша 4 индикаторлық көрсеткіш бекітілді. Жыл соңына дейін жалпы келген туристер санын 450 мың адамнан асыру жоспарлануда. Аталған көрсеткіш бойынша Шымкент қаласы республика көлемінде Астана, Алматы қалалары мен Ақмола облысынан кейінгі 4-орынды иемденіп отырмыз. 2024 жылы Шымкент қаласы аумағында туризм саласы бойынша 6,2 млрд теңгені құрайтын жеке инвесторлар қаржысына 6 жобаны – түрлі санаттағы қонақүйлерді іске қосу жоспарлануда. Орташа есеппен 125 жаңа жұмыс орны ашылады. Жалпы қонақүйлердегі төсек-орын саны 365-ті құрайды. Олар: «Kazakh Hotel» «Керемет, «Алтай», «Zhamal Hotel Shymkent», «Zeinnur-Tau» және Б/Н қонақ үйлері. Аталған жобалар қаланың тартымдылығын арттырып, жаңа туристік бағыттардың ашылуына әсер етеді, –деді басқарма басшысы.
Сайрамда бар сансыз баб…
Сондай-ақ биыл Шымкент қаласы бойынша 2 ауқымды танымдық-ақпарттық экскурсия өткізілді. Индонезия елінің NET-телеканалының делегациясы мен Мәскеу қаласынан келген туристерге, жалпы саны 300-ге жуық адамға қызмет көрсетті. Көршілес мемлекеттермен байланыс жылдан-жылға нығайып келе жатқандығын жоғарыда атап өттік. Нәтижесінде 25 гид-экскурсоводтан құралған делегациямен бірге Өзбекстан Республикасының астанасы Ташкент қаласына сапарлап қайтты. Іссапар барысында халықаралық туристік нарықты ілгерілету мәселелерін талқылау, гид-экскурсоводтардың туристерге қызмет көрсету саласының дамуына үлес қосу, қалалық туризмді дамыту барысындағы жаңа методикалары талқыланды. Сонымен қатар 2024 жылдың 6-9 ақпан аралығында Стамбул қаласында өткен 27-ші «EMITT 2024» халықаралық туризм және саяхат көрмесіне қатысып, әлемнің түкпір-түкпірінен келген 70-тен астам сарапшы және 30 түрлі жетекші ұйымдармен кездесті.
Оңтүстік өңіріне зиярат ету туризмі Сайрамдағы сансыз баптан басталады. Шымкент қаласының Сайрам тұрғын алабында республикалық маңызы бар, Қазақстанның сакралды географиясына енгізілген 7 киелі нысан орналасқан. Зияратшылар Қ.А.Ясауи кесенесіне бармай тұрып, алдымен Сайрамда Қожа Ахмет Яссауидің ата-анасы Ибраһим ата мен Қарашаш ананың кесенелеріне ат басын бұрады.
Сайрамда бұдан өзге Қожа Ахмет Яссауидің бабасы Махмутхан-шейх бабаның, Қыдыр атаның әкесі Қожасалықтың, көшеде зікір салып, адамдарды емдеген Мәриям ананың, ел арасында ислам дінін уағыздаған Шах-мәлік баба мен оның ұлы Мірәлінің, исламды таратушы, бәлені болдырмайтын және жаладан ақтай алатын әулие, жұртшылық арасында Бәлегарден деген лақапқа ие болған Әбдул-Әзіз бабтың кесенелері бар.
– 2024 жылы Сайрам тұрғын алабын дамыту тұжырымдамасын әзірлемекпіз. Аталған жоспарға сәйкес Қаратау ауданы әкімдігімен 2024-25 жылдар аралығында жылына 80 мыңнан аса зияратшы келетін Ибрагим ата және Қарашаш ана кесенелерін 1-кезеңде абаттандыру көзделген. Қазіргі таңда тиісті министрліктен ғылыми- зерттеу жұмыстарын ерте жүргізу мәселесі пысықталуда. Туристердің ең көп келетін іс-шараларын да айқындап алдық. Қалаға туристер ең көп келетін науқан –наурыз айы. Биыл «Damdastour», дипломатиялық корпус, пресс-турлар мен блог-турлар, Қазақстандағы «KItf» алматылық туристік көрмесі, «Shymkent Tourism Awards» форум-көрмесін өткіземіз деп жоспарлап отырмыз, – деді басқарма басшысы.
Шығындарды мемлекет өтеп береді
Турбизнесті одан әрі ынталандыру мақсатында заңнамалық деңгейде саланы қалпына келтіруге және одан әрі дамытуға бағытталған мемлекеттік қолдау шаралары 2022 жылы қабылданған болатын. Осыған сәйкес туристік нысандарды салу және реконструкциялау кезінде жеке бизнестің шығындары инвестиция сомасынан 10 пайызға дейін өтеледі. Туристік санаттағы көлік құралдарын сатып алу кезінде де туроператорлар мен турагенттіктер шығындарының 25 пайызын мемлекет өтеп береді. Жол бойынан қызмет көрсету нысандарын салу кезінде кәсіпкерлерге шығындарының 10 пайызы өтеледі.
Сонымен қатар кәсіпкерлік субъектілердің санитарлық-гигиеналық тораптарды күтіп-ұстауға арналған шығындарының бір бөлігі субсидияланады. Шығындарды өтеуге 83 300 тг қаржы беріледі. Келесі жылы 14 санитарлық- гигиеналық торап үшін жеке кәсіпкерлер субсидия алмақ.
Аталған мемлекеттік қолдау шаралары туризм индустриясының және сала кәсіпкерлерінің тез қалпына келуіне жағымды әсер етпек. Басқарма туризм саласын дамытудың концепциясы әзірлемек.Аталған концепция Сайрам тұрғын алабының нысандарын да қамтиды.
Дереккөз: Гүлнұр БАЛАБАСОВА, «Шымкент келбеті» газеті