Шымкентте «Visit Shymkent» туристік ақпараттық орталығының ұйымдастырумен қонақ үй бизнесі әкімшілеріне арналған оқыту семинары басталды. Семинарда мейманхана индустриясында табысты жұмыс істеу үшін қажетті дағдылар үйретілмек.
Семинардың басты спикерлері – қонақүй және мейрамхана индустриясында тәжірибелері мол танымал мамандар. Соның бірі қонақүй және мейрамхана бизнесінде 15 жылдан астам тәжірибесі бар, қонақүй бизнесін дамыту бойынша сарапшы, «Silk Road Samarkand» халықаралық туризм университетінің және Swissam университетінің профессоры, бизнес-тренер Артём Клыков тәжірибесімен бөлісті.
– Шымкентке бірінші рет келіп тұрмын. Мені қонақүй қызметшілері жылы шыраймен қарсы алды. Өзім осы саланың маманы болғандықтан, сервиске баса назар аудардым. Маған ұнап жатыр. Көрікті жерлерді аралап, семинарда әрі қарай да өз идеяларыммен бөлісетін боламын. Шымкентті гастрономиялық аймақ деп жүргеннен кейін мені мұндағы тағамдар, ресторан қызметі қызықтырып тұр. Мүмкіндігімше танысып шығуға тырысамын, – деді А.Клыков.
Семинар-тренинг екі күнге жалғаспақ. Екінші күні «Hilton Astana», «Hampton by Hilton Turkistan» қонақүйлерінің коммерциялық директоры, бизнес-тренер Анна Суханова қатысушылармен тиімді коммуникациялар және маркетинг стратегиялары саласындағы білімдерін жетілдіру бойынша тәжірибесімен бөліседі деп күтілуде. Қатысушылар сондай-ақ «Hilton Astana» қонақүйінің HR директоры – Ольга Чесноковадан қызметкерлерді жалдау және жұмыста тұрақтандыру бойынша білім алады.
Айта кетейік, бұл іс-шара 2021 жылдан бері өткізіліп келеді. Осы жылдар аралығында отандық мамандармен бірге Түркия, Ресей Федерациясы және Өзбекстаннан келген жаттықтырушы мамандар өз тәжірибелерімен бөлісті. Туристік индустрияның 250-ден астам өкілі біліктілігін арттыру туралы сертификат алды. Бүгінгі семинарға да 30-ға жуық қонақүй және мейрамхана әкімшілері қатысуда. Семинардан соң қатысушыларға біліктілігін арттырғаны жайында сертификат табысталады. Қонақжайлылық саласында табысқа ұмтылып, білімін жетілдіргісі келгендер үшін бұл семинар-тренинг өсу мансабында жаңа биіктерге жетудің негізгі қадамы болмақ.
Дереккөз:
Гүлнұр БАЛАБАСОВА
«Шымкент келбеті» газеті