Республикалық «Таза Қазақстан» акциясы аясында Шымкент қаласында 5 аудан әкімдіктерінің коммуналдық қызметкерлері көшелерді тазартып, абаттандыру жұмысын жүргізді.
Экологиялық акцияның бірінші кезеңі «Таза өлке» тақырыбы бойынша өтуде. Ол 14 сәуірге дейін жалғасады. Жоспарланған жұмыс шеңберінде қаладағы аялдамалар мен аяқжолдар жуылып, жол жиектері қоқыстан толық тазартылды. Жерасты және жерүсті өткелдері мен халық көп қатынайтын көшелер де сумен жуылып, тазаланды.
Тазалық жұмыстарын оңтайландыру мақсатында қала аумағы секторларға бөлініп, жұмыс жүйе бойынша жүргізілуде. Бұл шараға әр ауданнан 150-ден аса қызметкер мен 15-ке жуық техника жұмылдырылды.
Бұдан бөлек, республикалық акцияға қала әкімдігіне қарасты барлық басқарма қызметкерлері де қатысып жатыр. Әр мекеме өзінің ауласын қоқыстан тазартып, абаттандыру жұмысын жүргізді.
Тазалықты басты орынға қойған шымкент тұрғындары да экологиялық акцияға белсене қатысып жатыр. Жастар бұл апталық шарасында ағаштарды әктеп, жол жиегіндегі ирригациялық арықтарды қоқыс пен шөптен тазартып, коммуналдық мекеме қызметкерлеріне қол ұшын созды.
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі