Шымкент қаласында көктемгі егіс жұмыстары басталып кетті. Биыл жалпы көлемі 26,5 мың гектарға егіс егіледі. Бүгінгі таңда жоспардың 75 пайызға жуығы орындалды. 10 мыңнан астам гектарға дәнді дақыл, 8,6 гектарға малазықтық, ал қалған аумаққа майлы дақыл, картоп пен көкөніс тұқымы себілді.
Сонымен қатар, алдағы күндері бақша мен майлы дақылдар егіледі. Жалпы бұл егіс алқабынан 86 мың тонна өнім жиналады деп күтіледі.
Өнімділікті арттыру мақсатында егін шауашылығы саласын мемлекеттік қолдауға жергілікті бюджеттен 143 млн 226 мың теңге қаржы қаралған. Оның ішінде 122 млн 146 мың теңгесі минералды тыңайтқыштардың құнын субсидиялауға, 20 млн 480 мыңы тұқым шаруашылығын дамытуға, ал 600 мыңы пестицид пен биоагенттердiң құнын субсидиялауға бағытталған.
Сонымен қатар, субсидиялаудың мемлекеттік ақпараттық жүйесі арқылы көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге бөлінген 36 тонна жеңілдетілген жанар-жағармайға 1 870 гектар егіс алаңын құрайтын 5 шаруа қожалықтың өтінімі қабылданды.
Шымкент қаласы бойынша көктемгі егіс жұмыстарына бөлінген жеңілдетілген жанар-жағармайды таратушы оператор анықталып, «ҚазМұнайГаз» ҰК арасындағы тиісті шарт жасалды. Қазір бекітілген кестеге сәйкес ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне үлестірілу жұмыстары жүріп жатыр.
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі