Мемлекет басшысы 2023 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында халықпен алдын-ала қоғамдық талқылау өткізу арқылы Қазақстанда атом электр станциясын салуға жалпыхалықтық референдум өткізу туралы бастама көтерген болатын.
Президент 2030 жылға қарай елімізде электр энергиясы тапшылығы туындайтынын айтқан еді. Энергетика министрлігі қазірдің өзінде электр энергиясына сұраныс артып, жетіспеушілік байқала бастағанын айтуда. Сондықтан осы маңызды мәселеге қатысты референдум өткізгенге дейін елімізде атом электр станциясын салу керек пе, қажет емес пе дейтін мәселені талқылау керек.
Қазір жер-жерде осы мәселеге қатысты қоғамдық талқылаулар өтуде. Осыған байланысты Қазақстанның атом саласының мамандары қаламызға келіп, талқылау өткізді. Талқылауға өңір тұрғындары, қоғамдық кеңес мүшелері, Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі, «Қазақстан Республикасы Ұлттық ядролық орталығы» РМК, «Қазақстан атом электр станциялары» ЖШС, «Ядролық физика институты» РМК, БАҚ, Қазақстанның Азаматтық альянс өкілдері қатысты.
Бұл іс-шарада экология, денсаулық, табиғи-климаттық факторлардың атом электр станцияларына әсері, экономикалық факторлар, инфрақұрылымды дамыту, АЭС-тің шағын және орта бизнесті дамытуға әсері, сондай-ақ басқа да өзекті мәселелер талқыланды.
Мамандардың айтуынша, атом энергиясы басқа баламалы түрлеріне қарағанда, көміртегі жоқ энергияға жатады. Энергияның бұл санатына күн, жел энергиясы да кіреді. Бұларды басқаша «жасыл энергия» деп те атайды, өйткені зиянды шығарындылар жоқ екен. Ғалымдар атом реакторларында қауіпсіздік жүйелері толық жасалынғанын және ең озық үлгісімен салынатынын алға тартады.
– Қазіргі таңда еліміз 15,8 ГВт энергия тұтынады. Бұл көрсеткіш 2035 жылы 23 ГВт дейін ұлғаяды. Көмір жағатын ЖЭС-тердің құбырлары, жабдықтары 70%-ға тозған. Сол себепті 2035 жылға дейін 8,1 ГВт энергияны жоғалтуымыз мүмкін деген болжам бар. Тозығы жеткен станцияларды күрделі жөндеуден өткізген күннің өзінде олар өте тиімсіз. АЭС салу әлемдік тәжірибеден алынып отыр. Дамыған мемлекеттірдің көбі энергияны АЭС-тан алады. АЭС-тің артықшылықтарына келсек, ЖЭС оттегі жұтады. Ал АЭС оттегіні қажет етпейді, сәйкесінше зиянды түтін шығармайды, –дейді ҚР Энергетика министрлігінің Атом энергетикасы және өнеркәсібі департаменті директорының орынбасары Гүлмира Мұрсалова.
Жалпы, АЭС-тің қуаты, орналасу ауданы қай жерде болатыны зерделенген. АЭС салуға Балқаш көлінің маңындағы Үлкен ауылы таңдалған. Қазақстанда АЭС салу мәселесі қозғалған сайын сала мамандарының тапшылығы туралы да әңгіме бірге шығады. Дегенмен, келген мамандардың мәліметі бойынша, бүгінде «Болашақ» бағдарламасымен ядролық физика және жалпы сала мамандарын даярлау жұмыстары жүзеге асырылып жатыр. Еліміздегі Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті және Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті мамандар даярлап келеді.
Қоғамдық талқылаулар барысында азаматтар өздерін қызықтыратын технологиялардың қауіпсіздігі бойынша да, АЭС құрылысының әлеуметтік-экономикалық аспектілері бойынша да сұрақтар қоя алды.
Ядролық ғалымдардың «жобадан тыс апат» деген керемет сөзі бар. Бұл олар реакторды қаншалықты қауіпсіз жасауға тырысса да, олар болжай алмайтын апаттың бар екенін білдіреді. Бұл Чернобыльда да, Фукусимада да болды.
Дереккөз: Салтанат ЖАМАЛДИНОВА, «Шымкент келбеті» газеті