Amazon-да жұмыс істейтін Шымкенттік қыз

Шымкентте дүниеге келген Нұрлы Күздікбай бүгінде Лондонда Amazon компаниясында дата аналитик болып жұмыс істейді.

Құрылыс инженериясы мамандығы бойынша білім алған ол, ІТ-саласына қызығып, мамандығын өзгерткен. Дата аналитиканы қосымша курстар негізінде меңгерген.

— Нұрлы ханым, әу баста қайда білім алыңыз?

– Шымкент қаласындағы NIS мектебін бітірген соң, Назарбаев университетіндегі Foundation бағдарламасына қабылдандым. Бакалавриатты Құрылыс инженериясы бөлімінде тәмамдап, мамандығым бойынша бір-екі компанияда жұмыс істедім. Бірақ, уақыт өте, бұл мен аңсаған сала емес екеніне көз жеткіздім, сөйтіп, ІТ-ға қарай ығысып, біржолата сол салаға ауысып кеттім. 2022 жылы тұрмыс құрып, жұбайыммен Лондонға көштік.

— Мамандығыңызды ауыстыруға не себеп болды?

– Мен кішкентайымнан математиканы сүйіп оқыдым, дегенмен, физикадан ептеп қиналатынмын. Жоғары білім аларда білместіктен құрылыс инжерениясын таңдадым. Ал бұл бағытта барлығы физикамен тікелей байланысты болғандықтан, біраз қиналғаным бар. Құрылыс компанияларында жұмыс істеп көргенде де, бұл сала «менікі емес» деп таптым. Артынша, жұбайымның кеңесімен «дата аналитик боламын» деп шештім. Бұл саланы игере алатыныма өзім іштей сендім де. Түрлі курстарды оқып, үш айдың ішінде жаңа мамандықты меңгеріп кеттім. Жобалар жасап, резюмемді толықтырдым. Нәтижесінде елдегі көптеген компаниялар мен банктерден job offer алдым. Солардың бірінен түскен ұсынысты қабылдап, жұмысқа кіріскенімде, жұбайым Лондонда Software Engineer болуға job offer алды. Сөйтіп, тұманды Альбион еліне бағыт алдық.

— Сіз секілді мамандығын ауыстырғысы келетін немесе дата аналитикаға қызығатын замандастарға қандай кеңес бересіз?

– Егер өзіңіз жұмыс істеп жүрген сала, жұмысыңыз, мамандығыңыз рахат әкелмесе, тапқан табысыңыз көңіліңізден шықпаса – онда өзіңізді босқа қинаудың не қажеті бар? Мамандықты ауыстырыңыз. Өкінішке қарай, біздің қоғамда, біздің бойымызда кеңес дәуірінен жатталып, тұрақталып қалған қатаң қағида бар – 40 жыл бойы бір орында жұмыс істеу керек деген. Мұның несі дұрыс, өз басым түсіне алмаймын.

Қазір мүмкіндіктер заманы, осы мүмкіндіктер легінен, мүмкіндіктер көшінен қалыс қалмау керек, жаңа нәрсені үйреніп, жаңа білім алудан қорықпау керек. Байқасаңыздар, қазір нарықта өзін «экспертпін» деп бағасын удай етіп, курс сататын небір сарапшылар қаптап кетті. Бірақ, ертең олардың сертификатын алып, шетелге жұмысқа тұру үшін «мына сарапшының курсын оқыдым» десеңіз, оны бәрібір ешкім танымайды. Сондықтан әлемдік деңгейдегі Google, Microsoft сынды басқа да танымал компаниялардың курстарын оқуға кеңес беремін. Олардың курстары әдетте қымбат емес, әлдеқайда сапалы әрі түсінікті. Оның сыртында, әлемдік компаниялардың сертификаттары кез келген елде бір саты жоғары тұрады.

— Сіздіңше, төрт жыл бойы университетте оқымай-ақ, сертификат беретін курс оқып, мамандық алу қаншалықты дұрыс?

– Мен бұл пікірмен келіспеймін. Себебі, университет шынайы білімнің өзегі, арқауы әрі университет қабырғасында жақын дос, серіктес, әріптес табасыз. Былайша айтқанда, бойыңыздағы таным көкжиегі кеңейіп, өмірлік құндылықтар қалыптаса бастайды, өз-өзіңді жақын танып, оң-солыңызды түсіне бастайсыз. Ия, мен өзім бөлек курс оқып, жаңа мамандықты игеріп шықтым. Бірақ бұған университетте алған білімім арқау болды, онда бірге оқыған достарым ықпал етті – оларсыз мұндай қадамға батыл жетпес те еді. Меніңше, кез келген нәрсенің жақсы жағын көріп, жағымды ықпалын тануды үйренген дұрыс, осыған тырысу керек.

— Лондонға көшкенде онда немен айналыстыңыз?

– Соңғы жылдары Батыс компанияларында кризис көрініс беруде. Мықты деген холдингтердің біразында қысқартулар басталып, тәжірибелі мамандардың өзі жұмыссыз жүр. Соған сәйкес нарық ішіндегі бәсекелестік те өте жоғары. Лондонға келген бойда жұмыс таппай, біраз қиналдым. Сөйтіп жүргенде, Georgia Institute of Technology ұсынатын Micromastaers in Analytics программасын оқып бастадым. Machine learning бойынша білімімді шыңдап, жетілдірдім. 2022 жылдың қарашасында Amazon-нан Business Analyst Intern болуға offer ұтып алдым. Бастапқы кезеңде сол жерде жарты жыл тағылымдамадан өттім. Осы уақыт ішінде мол тәжірибе жинақтап, «Succces», яғни сәтті ақтады деген баға алдым. Бірақ ол кезде компанияда вакансия болмай, қайта жұмыс іздеуге тура келді.

Жарты жылдың ішінде 300-ге жуық компанияға резюме жолдадым, алайда олардан «қабылдандың» деген жауап келмеді. Содан магистратураға түсуге бел будым: Micromasters-тен алған жақсы балл магистратуға түсу мүмкіндігін жоғарылатады. Арада үш ай өткенде Masters in Analytics (Data Science) at Georgia Institute of Technology программасынан Accepted (қабылдандың) деген хат келді. Бұл университет Data Science мамандығынан әлем бойынша 9-шы орында. Бірақ ол АҚШ-та болғандықтан, қазір онлайн оқып жүрмін. Ал бір ай бұрын Amazon-нан offer ұтып алдым. Қазір осы компанияда дата аналитик болып жұмыс істеймін.

— Әлемдік деңгейдегі әйгілі компанияларға жұмысқа тұру үшін нені ескеру керек?

– Қазір Еуропада не АҚШ-та болсын жұмысқа қабылдау барысында hard skill және soft skill дегендей дағды-машықтарға мән береді. Яғни, hard skill мамандығыңызға қатысты біліміңіз болса, ал soft skill жеке адамгершілік қасиеттеріңіз. ТМД аумағындағы мемлекеттерде көпшілігі тек маман ретіндегі біліміңе қарайды: hard skill-ға. Ал Еуропада hard skill талабынан 99% деңгейде өтіп, soft skill аясында сай келмесеңіз, жұмысқа алмайды. Сондықтан адамдармен дұрыс коммуникация орнатып, қандай да бір конфликт кезінде дұрыс шешім қабылдай білу сынды мәселелер дамыған елдерде өте маңызды.

— Ал Amazon компаниясының құндылықтары қандай?

– Негізі, компанияда 16 қағида бар. Ең маңыздысы Customer obsession, қазақша айтқанда тұтынушының көңілінен шығу дегенге келеді. Мен логистика командасында жұмыс істеймін. Яғни, Amazon-ның клиенттері өз тапсырыстарын дер кезінде алуына біздің топ жауапты. Тапсырыс берушіге берген уәдеміз бірінші орында тұрады, бұл басты шарты. Одан бөлек компанияда барлық жұмысшыларды лидерлікке тәрбиелейді.

Бір проблеманы байқағанда, «бұл менің жұмысым емес» деп кері бұрылмай, «бұны қалай жақсарта аламын» деген көзқараспен қарауды үйретеді. Және ондай ұсыныстар байқалмай қалмайды, жоғары басшылық ұсынысыңды тыңдап, алғыс білдірумен қатар, болашақта өсіп, шыңдалуыңа, көтерілуіңе септік етеді. Amazon автоматтандыру дегеннің не екенін жақсы түсінеді. Ал ол болмаған жағдайда, адами фактор әсер ететінін тағы біледі. Мен жұмыс істеген екі командада процестерді жеңілдету, автоматтандыру, адами факторларды азайту секілді ұысыныстар өте маңызды саналады. Сол үшін де мен бұл компанияда аналитик ретінде жұмыс істегенді ұнатамын.

— Қазір Қазақстанда әрбір он ІТ-маманының тек үшеуі ғана әйелдер. Техникалық қызметтерді қыздар жағы дұрыс игере алмайды дегенге не айтасыз? Сіз өзіңіз оқу барысында немесе жұмыс бабында әйел ретінде дискриминацияға ұшыраған кезіңіз болды ма?

– Өкінішке қарай, бұл өмір шындығы. Кезінде мен мектепте оқып жүргенде, математика, физика пәндерін таңдағандардың 80%-ы ұлдар болатын. Мұғалімдердің арасында қыздарға биология, химия не гуманитарлық мамандықтар дұрыстау деп есептейтіндер де кездесті. Өз басым, ең алдымен, ата-анама алғыс айтамын, олар ешқашан бетімнен қаққан емес. Керісінше, менің математикаға деген құлшынысымды қолдап, арқамнан қағып отырды. Содан да болар, өзімді жігіттерден кем сезінген кезім болған жоқ. Оқуды бітіріп, Қазақстанда жұмыс іздеп жүргенімде, жұмыс берушілердің біразы «тұрмыс құрдың ба?» деп сұрайтын, онда көбіне: «ертең жұмысқа кіріп, артынша бала күтіміне ақша төлеп отырамыз ба?» дегендей пиғыл жататын. Осыны ескеріп, көп жерге барғанда: «алдағы бес жылда тұрмысқа шығу ойымда жоқ, тек жұмысқа фокус қоямын» деп жауап бере бастадым. Бірақ артынша бұл «менің жеке шекарама сұқтану» әрекеті екенін түсіндім. Жұмысқа көйлек киіп не шашыңды сәндеп келгенде, сыртқы түріңе қатысты пікір айтатындар да болды. Әлбетте, ондай сөздерден кейін қыз бала өзін ыңғайсыз сезініп, қуыстана бастайды.

— Шетелде қаншалықты гендерлік теңдік бар?

– Гендерлік теңсіздік бұл жақта да арагідік байқалып жатады. Оған дәлел: қарапайым қызметкерлер арасында әйелдер көп те, ерлер менеджерлік қызметтерде жүреді. Бірақ бұл мәселе соңғы кездері барынша көтеріліп, талқылануда. Әйелдерді қолдауға арналған түрлі бағдарламалар бар. Мысалы, біздің компанияда Women’s Leadership Program бар. Оның мақсаты – техникалық мамандықтар бойынша қыздардың да мықты шебер, майталман болуына ықпал ету, бұл салада қыз-келіншектердің өздерін мейлінше жайлы әрі батылдау сезінуіне жағдай жасау, көмектесу.

Екінші бағдарлама – Men as Allies. Яғни, Amazon тек әйелдерді оқытып қана қоймай, ер әріптестерге арнап та осындай бағдарлама жасаған. Онда әйел адамдарға қалай көмектесуге болады немесе керісінше оларға қатысты қандай әрекеттерге баруға болмайды дегенді талқылап, үйретеді. Әйел адам жұмыс орнында қандай қиындықтарға тап болады, қандай гендерлік стереотиптер бар деген сияқты тақырыптарды қозғайды. Меніңше, бұл мәселенің өте күшті шешімі – бәрін ашып айтып, талқыға салу. Жалпы, мұнда жұмыс істеп жүргенде өзіме қатысты бөтен бір ер азамат мені әйел болғаным үшін кемсітіп не маған бір «объект» ретінде қараған кездер болған жоқ. Керісінше, қолдау көрсетіп, ыңғайсыз жағдайға қалдырмауға тырысады.

Болашақтағы мақсатыңыз қандай?

– Болашақта IT-саласындағы ең күрделі мамандықтардың бірі саналатын Data Science-ты игеріп, сол бағытқа көшкім келеді. Data Science аясында мықты маман болу үшін, кем дегенде, магистратура қажет. Сондықтан оқуымды сәтті аяқтап, жұмыста жеткілікті тәжірибе жинап, дамуымды тоқтатпаймын.

Біз жұбайым екеуміз де IT-саласында жұмыс істегендіктен, әлемнің мықты компанияларынан тәжірибе жинап, елге оралғанда, студенттер мен жас мамандардың кәсіби өсуіне мүмкіндік беретін жұмыс орнын ашсақ дейміз. Ол жерде гендерлік теңдік пен адам құқығы толық сақталып, әр қызметкер өзін құнды маман, құнды адам ретінде сезіне алатын қолайлы жағдай жасасақ деген ойымыз бар.

Дереккөз:
Forbes.kz тілшісі
x

Check Also

Шымкентте шала туған нәрестеге күрделі екі ота жасалды

Шымкент қалалық перинаталды орталығының дәрігерлері шала туған нәрестеге бір уақытта күрделі екі ота жасады. Шақалақ 31 апталық мерзімде 2350 грамм ...

Программа «Таза Қазақстан»: в Шымкенте все больше горожан, заботящихся об экологии

Пока общество не борется с экологическими проблемами, которые беспокоят мир, результаты невелики. Поэтому суть экологических мероприятий в рамках программы «Таза ...