Шымкенттің туристік әлеуеті Қытайда таныстырылды

Қазір Қытай астанасы Бейжіңде ҚР Туризм және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен Қытай Халық Республикасындағы Қазақстанның туризм жылының ашылуы аясында форум өтіп жатыр.

Іскерлік шара аясында еліміздің әрбір өңірі қытайлық туроператорларға, көрме ұйымдастырушыларына және кәсіпкерлеріне өзінің туристік әлеуеті мен инвестициялық мүмкіндіктерін ұсынады.

Форумда Шымкент қаласының стенді ұлттық нақышта безендірілді. Қонақжайлық дәстүрі көрсетіліп, келушілерге қазақтың ұлттық тағамдары – қазы, бауырсақ, наурыз көже ұсынылды.

Стендтің құрметті қонақтарының бірі Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев болды.

Форумның панельдік отырысында Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Қуаныш Асылов баяндама жасап, тарихи ескерткіштер мен көрікті жерлер, қолайлы климат пен қонақжайлылық сияқты мегаполистің туристік артықшылықтарын атап өтті.

Инвестициялық әлеуетке келетін болсақ, қалада инвесторлар үшін барлық қажетті жағдай жасалған. Сәуір-мамыр айларында Шымкентке Қытайдан туроператорлар делегациясы келіп, қаланың инфрақұрылымымен танысатын болады.

Еске салайық, Қытайдағы Қазақстанның Туризм жылы деп ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2023 жылы ҚХР-ға ресми сапары барысында жарияланған болатын. Осыған байланысты «Egemen Qazaqstan» газетіне шыққан мақаланы ұсынамыз.

Кейінгі жылдары құдайы көрші, стратегиялық әріптес Қытай мемлекетімен достық рәуіштегі қарым-қатынасымыз одан сайын нығайып келеді. Ілтипатымыз зор іргеміздегі елмен ортақ істеріміз қашанда ілкімді, ілгерінді сипатқа ие. Осынау берік байланысымыздың жарқын үлгісіндей болып, табалдырығымыздан еніп келген жаңа 2024 жыл Қытайда Қазақстан туризмі жылы болып төрге озды. Меймандостығымыздың мәртебесін асқақтататын бұл атаулы жыл барыс-келісті арттырып, таныстығымызды тереңдете бермек. Оның үстіне екі ел арасында визасыз режімнің енгізілуі де есігімізден енетін несібемізді еселей түседі.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр Қытайға ресми іссапары барысында осынау атаулы жылдың туризм саласына тигізетін септігі мол екенін атап өтті.

«Туризм саласындағы ынтымақ­тастықтың келешегі зор. Қазақстанның бұл бағыттағы мол әлеуетін ескере отырып, жақында Туризм және спорт министр­лігін құрдым. Біз Қазақстанға саяхаттайтын қытайлық туристер саны артады деп үміттенеміз. Үкіметіміз елдегі туризм саласын дамытуға бар күш-жігерін жұмсайды. 2024 жыл – Қытайда Қазақстан туризмі жылы болып жарияланды. Бұл осы сала үшін мол мүмкіндіктерге жол ашады. Өзара мәдени-гуманитарлық байланыстар үшін қолайлы жағдай жасалып жатыр. Мемлекетаралық қарым-қатынастарды мүлдем жаңа деңгейге шығару үшін Қазақ­станның да, Қытайдың да орасан зор әлеуеті бар деп санаймын. Әрине, біз отандастарымыздың достас елмен және оның әсем табиғатымен, әлеуметтік-эко­номикалық даму жетістіктерімен танысуы үшін Қытайға жиі саяхаттап баруын қолдаймыз», деді Қ.Тоқаев.

Расында, бұл жыл көршімізге еліміз­дің көрікті жерлерін барынша кеңінен көрсетуге, туристік әлеуетімізді жақсы қырынан таныстыруға зор ықпал етеді. Осы мақ­сатта Туризм және спорт министр­лігі арнаулы тұжырымдама әзірлеп, Қытай мемлекетінде ауқымды іс-шаралар ұйымдастыруды жоспарлап отыр.

«Туризм саласындағы 2024 жылдың ең басты оқиғаларының бірі – Қытайдағы Қазақстан туризмі жылы болмақ. Іс-ша­раның негізгі мақсаты – еліміздің турис­тік әлеуетін ілгерілету, мәдени тәжі­рибе ал­масу, екі ел халықтары арасындағы өзара түсіністік пен достықты нығайту. Қытайдағы туризм жылы аясында Бейжің қаласында ашылу рәсімі, туризм түрлері (экологиялық, медициналық, агротуризм, қалалық, MICE және ғарыштық туризм) бойынша тақырыптық апталар өткізу, Қытайдың 7 ірі қаласында ТОП-20 отандық дестинациялардың тұсаукесерін жасау жоспарланып отыр. Еліміз ерекше табиғаты, бай мәдени мұрасы және баға қолжетімділігі сияқты көрсеткіштерімен әлемдік рейтингте жақсы орын алады. Біз қолда бар орасан зор туристік мүм­кін­діктерімізді толық пайдалануымыз керек. Бұл сөзімізге Дүниежүзілік эконо­микалық форумның Жаһандық бәсе­кеге қабілеттілік индексіне сәйкес, туризм рейтингінде 117 елден 66-орынға тұрақтауымыз дәлел бола алады», деп атап өтті Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев.

Жалпы, Қазақстанда туризм саласының негізгі көрсеткіштері бойынша орташа өсім байқалады. 2023 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша ішкі туристер саны 5,4 млн адамды құрады. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда 552 мыңға артық. Ал шетелдік туристер саны 225 мың адамға артып, 835 мың адамды құрады. Елі­мізде 2019 жылдан бастап Топ-10 басым туристік аумақты дамыту бойынша жұмыстар белсенді жүргізілді.

Осы бағыттағы жұмыстар жаңа жылда одан сайын жандана түседі деген сенім зор. Бұл өз кезегінде елдің атын танытып, сапарлап келушілердің де қатарын арттыра түседі. Бұған, әрине, Қытайдағы қазақ туризмінің жылы да зор үлесін қосатыны сөзсіз. Сондай-ақ Шанхай ынты­мақтастығы ұйымы (ШЫҰ) аясында Алматы қаласына мәдени және турис­тік астана мәртебесі берілгенін де ерек­ше атап өтуге болады. Бұл мәртебе 2023 жылдың қарашасында Үрімжіде өткен «Туризм жылы – 2023» форумында берілді. ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің бұл отырысында 2023-2024 жылдарға арналған төрағалық Үндіс­таннан Қазақстанға ауысқаны да белгілі.

Осы орайда өткен жылы Алматыға жолы түскен шетелдік туристердің 70%-ға жуығы ШЫҰ-ға мүше елдерден екенін айта кеткен жөн. Бұл көрсеткіш биыл көтеріле түсуі әбден мүмкін. Себебі бұ­ған алғышарттар жеткілікті. Алматы кө­рікті мекенге бай, тау кластеріне 20 минутта жетіп баратын ерекшелігімен қоса іскерлік, мәдени және спорттық туризм­ді дамытуда үлкен әлеуетке ие. Бүгінде Алматының 77 елмен 45 тікелей әуе қа­тынасы мен визасыз режімі жолға қойыл­ған.

Бұл ретте Қазақстан мен Қытай мемле­кеттері арасындағы визасыз режім туралы мәлімет бере кетейік. 2023 жылдың 10 қарашасын екі елдің Үкіметтері ара­сындағы визалық талаптардан өзара босату туралы келісім күшіне енді. Осы келісімнің 1-бабына сәйкес екі елдің азамат­тары жеке істерді, туризмді, ем қа­был­дауды, халықаралық тасымалдарды, транзиттік, сондай-ақ іскерлік мақ­саттарды жүзеге асыру үшін визалық талаптардан босатылады.

Осылайша, екі елдің азаматтары шекарадан өткеннен кейін көрші елде 30 күн сапарлай алады. Жалпы, 6 ай ішінде (180 күн) күнтізбелік 90 күн визасыз режімсіз жүруге рұқсат етіледі. Ал азаматтарға 30 күн­нен артық болу қажеттілігі туындаса, тиісті санаттағы кіру визасын алдын ала рәсімдеу қажет. Сондай-ақ визасыз режім жұмысқа орналасуға, оқуға және миссионерлік қызмет жасауға құқық бер­мейді. Жоғарыда аталған ке­лісім ҚХР Гонконг және Макао арнайы әкімшілік аудандарының аумағына баруға қолда­нылмайтынын атап өту керек. Қазақстан азаматтары Гонконгқа визасыз 14 (он төрт) күннен аспайтын мерзімге бара алады, ал Макаоға бару үшін виза рәсімдеу қажет.

Жалпы, бүгінгі таңда Қазақстанда 80 бағыт бойынша халықаралық әуе қа­тынасы қалпына келтірілді. 74 ел үшін визасыз режім жаңартылды. Бұл тізімді 100-ге дейін арттыру жоспарланып отыр.

x

Check Also

Шымкентте 2024-2025 жылдардағы жылыту маусымының қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары күшейтілуде

Шымкент қаласында 2024-2025 жылдардағы жылыту маусымында төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Осы мақсатта 15 тамыз бен ...

Шымкент: Дабыл жүйесі тексеріледі! Проверка системы оповещения!

Құрметті Шымкент қаласының тұрғындары мен қонақтары! 21 қараша күні сағат 11:00-де «Қыс-2024» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығулары аясында “Дабыл жүйесін тексеру” жүргізіледі. ...