Ғабит Сыздықбековтің жергілікті бизнес қауымдастығы өкілдерімен өткен арнайы кездесуінде кәсіпкерлікті дамытуда көрсетілетінін қолдау шаралары баяндалып, мегаполисті өркендетуге қатысты ұсыныстар талқыланды,-деп хабарлайды Xnews.kz ақпарат агенттігі Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қала басшысы сыйақы ставкаларын субсидиялау мақсатында жергілікті бюджеттен 2 млрд теңгеден астам қаржы қаралғанын жеткізді. Қазіргі уақытта мемлекет тарапынан бизнес өкілдеріне барлық қолдау көрсетіліп отырғанына тоқталып, салықты уақтылы және толық төлеу қажеттігін ескертті. Сондай-ақ қаламызда көлеңкелі экономикамен күресті күшейту қажеттігін, осы мақсатта бөлшек салық мөлшерін 4 пайыздан 2 пайызға төмендетілгенін, жеңілдікпен 90 мыңнан астам кәсіпкер қамтылатынын атап өтті.
Біз өз тарапымыздан жалақысы төмен бюджеттік қызметкерлерді анықтап, өткен жылы 15 мың қызметкерге жергілікті бюджеттен 22 мың теңге қосымша үстемақы тағайындадық. Биыл үстемақы мөлшерін 50 мың теңгеге дейін ұлғайтып, ең төменгі жалақы көлемін 140 мың теңгеге жеткіздік. Бұл мақсаттарға жергілікті бюджеттен 10 млрд теңгеге жуық қаржы бағытталды. Құрметті кәсіпкерлер! Бұл бастамаға қолдау көрсетіп, халықтың әл-ауқатын көтеруге Сіздер де үлес қосады деген сенімдемін. Жалпы, ниеті таза, қаламызға, халқымызға жанашыр кәсіпкерлермен біз қашан да жұмыс істеуге дайынбыз – деді қала әкімі.
Сондай-ақ Ғабит Әбдімәжитұлы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігіне тоқталып, «Шымкент – қайырымды қала» корпоративтік қорының жұмыс істеу форматы түбегейлі өзгеретінін атап өтті. Өз кезегінде Кәсіпкерлер палатасының директоры С.Қ.Адамбекова бөлшек салық мөлшерінің төмендетілуі бүгінде 364 қызмет түрін қамтып отырғанын, бұл қолдау кәсіпкерлерге жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беріп, қаражат айналымын арттыратынын айта келе, бизнес қауымдастығы тарапынан аталған қорға қолдау көрсетілетінін баяндады.