Науқастармен психолог мамандар жұмыс жүргізеді

Орталықта психолог дәрігерлер науқастар мен олардың туған-туыстарына келген күннен бастап және ем алу барысында психологиялық тұрғыдан пайдалы кеңестер береді. Жалпы онкологиялық ауруларды емдеу барысында психолог дәрігерлер жұмысының маңызы зор.

Мамандар науқастарды түрлі ойын әдістері мен арнайы көрнекіліктер арқылы тестерден өткізеді. Мұндай шаралардың нәтижесінде науқас психологиялық тұрғыдан ұстамды болып, өзіне деген сенімі артып, емнің сапасы жоғарылай түседі.

Мысал ретінде коронавирус пандемиясы көпшіліктің психологиясына жайсыз әсер етті. Ақпарат ағыны жылдам заманда вирус туралы сан түрлі алыпқашпа жаңалық адамдардың көңілінде үрей мен қорқыныш туғызды. Адамды қорқышын билегенде оған қалай бой алдырмауға болатынын «TopDoc.me» сайтынан ақпараттар ұсынамыз.

ПАНИКАЛЫҚ (ҮРЕЙЛІ) ШАБУЫЛ ДЕГЕН НЕ ЖӘНЕ ОНЫ ҚАЛАЙ ЖЕҢУГЕ БОЛАДЫ?
Психолог Ольга Сон үрейлі шабуылдар мен үрейлі бұзылыстар туралы әңгіме өрбітеді, кім және қалай емдеу керектігін түсіндіреді және өз-өзіне көмек көрсету бойынша кеңес береді.

Эпидемия және еріксіз оқшаулану кезінде адамдарда көптеген психологиялық проблемалар үдей түседі. Солардың ішінде ең жиі кездесетіні — паникалық шабуылдар. Жағымсыз көріністерден қалай арылу керектігі туралы тәжірибелі психолог Ольга Сон кеңес береді.

— Ольга Владимировна, үрейлі шабуыл мен қарапайым үрейленуді қалай ажыратуға болады?

— Қарапайым, қалыпты үрейдің негізделген себептері болады. Мысалы, емтихан, сұхбаттасу, той алдындағы үрей. Үрейлі (паникалық) шабуыл – бұл негізсіз үрей мен қорқыныш жағдайы. Мұндай жағдай жиі өлімнен қорқу және қатты физикалық вегетативті белгілермен көрінеді.

— Үрейлі шабуыл мен истериканың арасында қандай айырмашылық бар?

— Истерика – нақты сыртқы тітіркенгішке аса жоғары эмоционалдық реакция. Истерикаға эмоцияның кең спектрі кіреді: ашу қысу, ызалану, әділетсіздік сезімі, реніш, абыржу. Истерика ешқашан физикалық көріністермен қатар жүрмейді. Ал үрейлік шабуыл физикалық, тәндік симптомдармен қатар жүреді.

— Паникалық шабуылды қалай анықтауға болады?

— Паникалық шабуыл – қысқа уақытта болатын және жүрек қағуы, бас айналу, тершеңдікпен қатар жүретін ауыр, азапты үрей ұстамасы. Аяқтары дірілдеу, денесі бір суып, бір қызып, асқорыту жүйесінде бұзылыстар анықталып, қан қысымы көтеріліп, бас ауруы, бас айналу белгілері, яғни әр түрлі вегетативті симптомдар байқалады.

— Үрейлік шабуылдар қайдан пайда болды және не себепті қазір олар өте жиі кездеседі?

— Адамдарда эволюция барысында осындай реакция қалыптасқан. Биологиялық көзқарас бойынша бұл стресс гормондары – кортизол, адреналиннің бөлінуі болып табылады. Олар қан айналысын күшейтіп, өмірімізге қауіп төндіретін қатерлерден қашып құтылуға мүмкіндік беретін күш-жігерімізді жұмылдырады. Яғни бұл — ағзаның қорғаныш реакциясы. Уақыт өте келе әр түрлі себептерге байланысты бұл жүйе істен шығуы мүмкін. Жинақталған стресс, эмоционалдық сарқылу, тұқымқуалаушылыққа бейімділік, мазасыз — күмәншіл мінез, тәрбие ерекшеліктері, отбасылық менталитет, өмір сүру салты, физикалық аса көп жүктемелер және тағы басқа себепші фактор болуы мүмкін. Адамдар еңбек, демалыс, тамақтану гигиенасын сақтамайды, өздерінің эмоционалдық және психикалық денсаулығына мән бермейді. Сонымен қатар үрейлі жаңалықтар, коронавирус пандемиясы қосарланады. Үрейлік пен күмәншілдікке жақын адамдарда үрейлі шабуылдар жиі кездеседі.

— Үрейлі шабуылдарға гендерлік бейімділік бар ма?

— Негізінен көмекті жиі әйелдер сұрап келеді. Бірақ ер адамдар да аз емес, олар тек көмек сұрамайды, ішімдік, спорт, жұмыс, бизнес арқылы мәселені өздері шешуге тырысады.

— Үрейлік бұзылыстар – бұл дербес ауру ма?

— Үрейлік (паникалық) бұзылыстар – бұл ауру емес, тұлға, мінез бұзылыстары, мінездің ерекшелігі. Үрейлі шабуылдар әрбір адамда болуы мүмкін. Тек барлығы оның шабуыл екенін білмейді немесе аса көңіл аудармайды. Паникалық шабуылдар бір реттік, яғни ұстама, жеке эпизод ретінде болуы мүмкін. Ал үрейлік (паникалық) бұзылыстар – бұл аса маңызды ауру. Үрейлік бұзылыстар кезінде үрейлік шабуылдар үнемі қайталануы мүмкін. Адам мұндай жағдайды біледі және шабуылды күтеді, ол басталады деп қатты қорқады. Оның тәртібі өзгере бастайды. Мысалы, адамда сауда орталығында жүрек талмасы болған, басы айналып, аяқтары мақтадай болып, өлімнен қатты қорқып қалған. Ол автоматты түрде үрейлі шабуылды сауда орталығымен байланыстырып, онда қайта бармауға шешім қабылдайды. Өлімнен қорыққаны соншалық, ол барлық сауда орталығына бармайды. Ал біраздан соң тіпті үйден де шықпай қоюы мүмкін.

— Үрейлі шабуылдар мен бұзылыстарды кім емдеу керек?

— Үрейлік бұзылыстарды психотерапевт емдеу керек. Дәрігерлер жиі осындай науқастарды психиатрларға жібереді, сөйтіп оларды одан әрі қорқытады. Әдетте психиатрлар антидепрессанттар немесе транквилизаторларды тағайындайды. Бірақ олар ауруды емдемейді, тек қана симптомдарды жояды. Бұл тұмау кезінде мұрынға тамшы тамызғанға ұқсас.

Сонымен қатар тағы бір үлкен мәселе бар. Бұл — дәрігерлердің үрейлі шабуылдарды дұрыс анықтай алмауы. Мұның бәрі осындай науқастарды жалған аурулардан қате емдеуіне әкеледі. Адам ең алғаш үрейлік шабуылды басынан өткергенде бірден емханаға барады. Терапевт қарап тексеріп, әр түрлі сараптамалар тағайындайды. Бірақ ауруының себебін анықтай алмаған науқастар жылдар бойы әр түрлі дәрігерлерге қаралып, көптеген сараптамалар жасатуы мүмкін. Дәрігерлер мұндай науқастарға жиі «вегето-қантамырлық дистония» (ВҚД) диагнозын қояды және сәйкес ем тағайындайды. Бірақ ВҚД диагнозы аурулардың халықаралық жіктелуінде (АХЖ) жоқ! Осындай науқастар жылдар бойы дәрілер ішеді, массаж, физиоем және дәрумендер қабылдайды, қан тамырлары мен жүрегін емдейді. Бірақ осының бәрі олардың жағдайын жеңілдетпейді.

— Ал психолог қалай көмектесуі мүмкін?

— Психолог немесе психотерапевт адамның ойымен, эмоциясымен жұмыс істейді. Адамды тұлға, мінез деңгейінде өзгертеді. Шын мәнінде адам өзі үрейлі шабуылды туындатады. Мұндай адамдар негізінен көретіні қауіп-қатер емес, өздерін қорқытатын белгілі бір оқиға туралы қиялдап, үрейлі шабуылды шақырады. Мысалы, қазіргі уақытта пандемия, тыныс жеткіліксіздігінен болатын өлім туралы кез келген жаңалық барлығы өлуі мүмкін деген қорқыныш сезімін тудырады

— Үрейлі шабуылдар мен бұзылыстарды емдеу әдістері қандай? Олар тиімді ме?

— Үрейлі шабуылдарды когнитивті — мінез-құлықтық терапия арқылы емдейді. Бұл әдіс — барлық әлемде қолданылатын, дәлелденген, ең тиімді техника. Паникалық шабуыл 100% емделеді. Тек бір ғана шарт орындалу керек. Науқастың өзінің емделуге деген құлшынысы болу қажет. Өз ойын, мінез-құлығын өзгерту – бұл өте қиын. Бұған өте көп уақыт кетеді, психотерапияның кем дегенде 20 сессиясы қажет болады. Бірақ тағы айта кетейін, психотерапевттің көмегі керек екенін дер кезінде анықтамаса, мұндай науқастар жылдар бойы жүрек аурулары, жоғары қан қысымы, остеохондроз сияқты аурулардан емделеді. Көп мөлшерде ақшаларын әр түрлі сараптамаларға, қарап тексерулерге жұмсайды. Менің тәжірибемде жалған ауруды емдеуге 2 жылда 2 миллион теңге жұмсаған науқас болған. Сондықтан осымен салыстырғанда психотерапевтте 20 сессия өту анағұрлым арзанырақ болады.

— Үрей ұстамасы басталды – не істеу керек? Үрейлі шабуылдар кезінде өзіне көмек көрсету әдістері бар ма?

— Ұстама әрқашан өлімнен немесе ақылынан айырылу қорқыныш сезімімен қатар жүруі мүмкін. Бірінші кезекте адам бір нәрсені ұғыну керек. Ешкім үрей ұстамасынан өліп кетпейді. Екіншіден, көңілді басқа нәрсеге аударуға тырысу керек. Мысалы, көзінің қиығын басқа жаққа бұру, көріп тұрған заттарды санау, су ішу, жуыну, тыныс алу техникаларын қолдану.

— Егер үрейлі шабуылдың бірінші жағдайы туындаса, неге дайын болу керек?

— Үрейлік шабуылды дайындалып күтудің қажеті жоқ. Бұл үрейді одан әрі өршітіп, ұстаманы қоздыруы мүмкін. Егер үрейлік шабуыл басталса, біріншіден, ешкім ешқашан мұндай жағдайдан өліп кетпегендігін ойлау керек.

Егер сіз үрейлік шабуылдың өзіңізде болғанын байқасаңыз, психолог немесе психотерапевтке қаралу керек. Бұл ерте кезеңде өте жақсы емделеді.

Үрейлік шабуыл – бұл сіздің ағзаңыздың дабылы: сіздің өміріңізде өзіңізге ұнамайтын жайттар орын алып жатыр. Ішкі қақтығыс жүріп жатыр, «мен өзім қалағандай өмір сүріп жатқан жоқпын» деген ішкі ой болады. Әзірге сіз себептерді анықтамасаңыз, үрейлі шабуылдар жалғаса береді, фобияға, ипохондрияға, обсессивті-компульсивті бұзылыстарға (ОКБ) айналады және жағдайды одан әрі қиындатады.

— Пандемия адамдардың жағдайына қалай әсер етті?

— Коронавирус пандемиясы үрей вирусын туындатты, үрейлік шабуылы бар адамдар саны күрт артты, үрейлік жағдай ұстамаларды ұшықтырды. Бұдан басқа, үреймен қатар жүретін әр түрлі аурулар да қоза бастайды. Мысалы, социофобия – тілдесуден қорқу. Осындай адамдар өздігінен оқшаулануға шақырған кезде өз үрейлеріне дәлел табады және олардың жағдайлары одан әрі нашарлайды. ОКБ бар науқастар да өз үрейлеріне дәлел тауып, мысалы, қолдарын одан әрі жиі жуа бастайды. Өлімнен қорқу – үрейлік шабуылдың шешуші индикаторы, алайда, тағы қайталап айта кетейін, бұл қорқыныш тек науқастың басында ғана болады. Шын мәнінде үрейден ешкім қайтыс болмайды.

— Егер Covid-19-пен ауырып қалсаң, өздігінен оқшаулануда болсаң және үрейлі шабуылдар дамыса не істеу қажет?

— Ұйқы режимін сақтау, сапалы тамақтану, жаңалықтар қарамау, өзіне сандық детокс жасау, жағымды сәттерді табу, сүйікті іспен айналысу керек.

Егер сіз үрейлік шабуылдармен күресе алмасаңыз, онда психотерапевттің онлайн-кеңесі сізге кез келген жерде қолжетімді болады.

— Туысқан немесе таныс адамдарда үрей ұстамасы болған жағдайда қалай әрекет ету керек? Қалай көмектесу қажет? Үрейлік шабуыл екенін оған қалай түсіндірген жөн?

— Дәрігерлер деніңіз сау деп айтса да, әлдеқандай аурулардан жылдар бойы емделіп жүрген адамдар өз туысқандары мен достарынан қолдау таппайды. Олар сылтауратып жатыр деген күдік туындауы мүмкін. Шын мәнінде оларға қолдау керек. Мұндай адамдарға үрейлік шабуылды анықтауға көмектесу қажет. Өз бетімен емделуге болмайды, бұл көмектеспейді.

ПСИХОЛОГ — ПСИХОТЕРАПЕВТ — ПСИХИАТР: ҚАЛАЙ ТАҢДАУ КЕРЕК?

Ковидтік жылда қазақстандықтардың «жан дүниені емдеушілерге» қаралуы күрт артып кетті. Психолог пен психотерапевттер науқастардың екі есе артқанын айтып отыр.

Бұл таңғаларлық жайт емес. Сіз коронавирустық жұқпамен аурымасаңыз да (бұл аурудың өзі адамның психикасына терең із қалдырады), ай сайын ауыр күйзелісті басыңыздан өткіздіңіз. Жұмыстан айырылу, ақшаның жеткіліксіздігі, жабық кеңістікте ұзақ уақыт болу, келешектің айқын болмауы, сырқаттанып қалудан қорқу, жақындарыңыздың денсаулығы мен өміріне алаңдаушылық — барлығын атап өту мүмкін емес. Бұған қоса бітпейтін проблемалар, атап айтсақ, ажырасу, жақыныңнан айырылу, отбасы мен жұмыстағы жанжал және т.б. ешқайда жоғалып кеткен жоқ. Осындай қиындықтар кезінде адамға көмек керек, әсіресе кәсіби маманның көмегі керек.

Біздің қолданушыларымызға қай маман тез, тиімді әрі артық шығынсыз барлық мәселелерді шеше алатынын анықтауда көмектесу үшін біз психолог, психотерапевт және психиатрдың қандай айырмашылығы бар екені туралы қысқаша түсініктеме береміз.

Психолог

Психолог — адам мен адамдар тобының психикасын және психикалық қызметін зерттеумен айналысатын, сонымен қатар психологиялық көмек пен қолдау көрсететін маман. Психолог өз жұмысында әр түрлі әдістерді қолданады, бірақ олардың барлығы психологиялық әдістер болып табылады. Ешқандай дәрілер пайдаланылмайды. Дәрігердің көмегін қажет етпейтін дені сау адамдарға психолог эмоционалдық, жеке және әлеуметтік мәселелерді жеңуге көмектеседі. Психолог жұмысының мәні – адамның проблемаларының себептеріне көзін ашу, оларды шешу алгоритмін жасау және қолайлы нәтижеге жету жолында қолдау.

Психолог дайын рецепт бермейді (бұл кәсіби маманның шарлатаннан айырмашылығы болып табылады. Шарлатан бірден «Сіз ажырасуыңыз керек!» немесе «Гардеробты тез ауыстырыңыз!» деп айтуы мүмкін). Ол өзінің клиентін дұрыс шешімді өзі қабылдауға мүмкіндік береді. Сол себепті психологиялық көмек ауыр тиюі мүмкін. Өйткені кез келген адам өз қателігін түсініп, оны мойындай бермейді немесе берік, мықты қарым-қатынасты үзе алмайды.

Өкінішке орай, Қазақстанда психологқа қаралу мәдениеті әлі дамымаған. Көптеген адамдар мұны әлсіздік деп есептейді. Олар миларындағы проблемаларды қазбалайды деп қорқады, өз мәселелерінен ұялады, күлкілі болып көрінеді деп ойлайды, психологтарға сенбейді. Шынында психолог өз клиентін қолдайды, оның мүддесін қорғайды. Сонымен қатар олар жоғарғы оқу орнында білім алған кезде (айтпақшы, психологтың жоғары білімі болуы қажет) адамдар туралы басқалар білмейтін көп ақпарат алады.

Егер сіздің көңіл-күйіңіз үнемі жабырқаулы болса, сіздің ішкі жан-дүниеңіз ауырса, абыржып жүрсеңіз, өз күшіңізге сеніміңіз болмаса, жақындарыңызбен қалай тіл табысуды білмесеңіз, қиын шешімді қабылдай алмасаңыз, онда міндетті түрде тұрмыстық психолог деп аталатын досыңыз/құрбыңызға, жұбайыңызға, ата-анаңызға, көршіңізге, мұғаліміңізге немесе жаттықтырушыңызға және т.б. баруға болады. Бірақ осы аталған адамдардың сізге беретін ең жақсы кеңесі — кәсіби психологқа қаралу.

Психотерапевт

Психотерапевт – бұл біріншіден дәрігер, жиі психиатр болып табылады. Психотерапевт психолог сияқты сізге эмоционалды немесе жеке мәселелерді шешуге көмектеседі. Бірақ оның көмегі осымен шектеліп қоймайды. Психотерапевтке невроздар, үрейлік шабуылдар, ашу ұстамасы, үрей және қазіргі уақытта ең «танымал» депрессия және тәуелділік сияқты өте ауыр бұзылыстармен барады. Психотерапевттің психиатрдан айырмашылығы неде? Пациенттің шынайы өмірмен байланысты жоғалтпайтын және өзін бақылай алатын бұзылыстарын емдеумен айналысуға психотерапевттің құқығы бар.

Психотерапевттің құралы — психологиялық әдістермен әсер ету (әңгімелесу, тестілеу, бақылау, сауалнама және т.б.) және дәрілік препараттар. Егер психотерапевт пациенттің жағдайы психикалық (эмоционалдық емес) бұзылысқа тән екенін байқаса, міндетті түрде оны психиатрға жолдауы керек. Бұл жағдайда да «жергілікті менталитет» мәселесі туындайды. Егер адам психотерапевтке барса, онда оған «жынды» немесе «әлсіз» деген таңба қойылады, ал «психиатр» деген сөз мүлде қорқынышты естіледі.

ТМД елдерінде медициналық білімі жоқ маман да психотерапевт бола алатынын атап өткен жөн. Бұлар базалық психологиялық білім алған психологтар болып табылады. Олар психотерапияның түрлері, мысалы психоанализ немесе гештальт-терапия бойынша айтарлықтай маңызды қосымша білім алған. Олар адамның психикасына әсер ететін терең психологиялық әдістерді меңгерген. Бірақ дәрілік препараттарды тағайындауға құқығы жоқ. Мұндай мамандардың сауалнамасында «Психолог, Психотерапевт» деп қатар көрсетіледі.

Маманды таңдау кезінде жоғары білімнің болуына (медициналық па, әлде психология саласында) басты назар аударуды ұсынамыз. Сонымен қатар психология саласында қосымша білімнің болуына, оның ұзақтығына да көңіл бөлу керек. Тәжірибенің сағат саны өте маңызды.

Психиатр

Психиатр – психикалық бұзылыстардың диагностикасы, алдын алу мен емін зерттеумен айналысатын дәрігер. Психикалық бұзылыс — психикалық денсаулықтың бұзылысы. Ал психикалық денсаулық — «адамның өз потенциалын жүзеге асыра алатын, жай өмірлік күйзелісті жеңе білетін, еселі еңбектенетін, сонымен қатар өзінің қоғамына үлесін қоса алатын қолайлылық жағдайы» (БДҰ анықтамасы). Іс жүзінде психиатрлар анда-санда немесе тұрақты түрде шынайы өмірмен байланысы үзілген және өзіне немесе жанындағы адамдарға зиянын тигізуі мүмкін науқастармен жұмыс жасайды.

Психикалық бұзылыстарға депрессия, биполярлық аффективті бұзылыс, шизофрения және психоздың басқа да түрлері, деменция, ақыл-ойдың кемістігі және дамудың бұзылыстары, аутизм жатады.

Пациенттерге көмектесу үшін психиатрлар антипсихотикалық препараттарды, яғни арнайы дәрілік заттарды қолданылады. Психикалық бұзылыстары бар науқастардың басым бөлігін мамандандырылған психиатриялық көмек азаптан құтқаруы мүмкін. БДҰ сарапшылары дұрыс ем мен әлеуметтік қолдау жағдайында науқастар тиімді өмір сүріп, қоғаммен біте қайнасу мүмкіндігін белгілеп отыр.

Мынаны түсінген өте маңызды. Адам тұмаумен ауырып қалуына немесе аяғын сындырып алуына кінәлі болмағандай, өзінің психикалық немесе психологиялық бұзылыстарының болуына да кінәлі емес. Иә, біреудің сүйегі қатты болып, ол сол жерде тек аяғын жаралап алуы мүмкін. Бірақ ол оның жетістігі емес, ол солай дүниеге келді. Егер сіздің көршіңізге екі рет ажырасудан кейін психолог немесе психотерапевт көмегі керек болмаса, бұл сіздің қиналып, уайымға салынуыңыз керектігін білдірмейді. «Тек әлсіздер ауруханаға барады» деп сіз сынған аяғыңызға гипс салмай жүрмейсіз ғой? Психологиялық көмек те осындай. Қарт әкеңізбен немесе жасөспірім қызыңызбен ұрсысуды тоқтату, жұмысыңызды ауыстыруға немесе көшіп кетуге бел буу, жұбайыңызбен қарым-қатынасыңызды түзеу қоршаған ортаның сіз туралы ойына қарағанда әлдеқайда маңызды екеніне сеніңіз.

x

Check Also

Шымкентте 2024-2025 жылдардағы жылыту маусымының қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары күшейтілуде

Шымкент қаласында 2024-2025 жылдардағы жылыту маусымында төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Осы мақсатта 15 тамыз бен ...

Түркістанда АИТВ инфекциясына қарсы күрес жұмыстары тұрақты жүргізіліп келеді

Түркістан облысында АИТВ инфекциясына қарсы күрес жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Жыл басынан бері облыстық «АИТВ-ның алдын алу және онымен ...