Мамандар интернет алаяқтарынан сақтану жолын түсіндірді

Шымкент қаласында «Әділетті Қазақстан: Экономикалық қауіпсіздік пен тұрақтылық кепілі» атты халықтың қаржылық сауаттылығын арттыратын акция басталды. Жастар арасында қаржы пирамидасы мен ойынқұмарлық секілді індеттердің алдын алуға арналған іс-шара бүгін Сайрам тұрғын алабында ұйымдастырылды.

Жиынға қатысушылардың басым бөлігі студент жастар мен оның ата-аналары. Акцияны Түркістан облысы мен Шымкент қаласы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті, қалалық прократура және қала әкімдігінің қолдауымен «Сайрам Планета» холдингі қолға алып отыр. Іс-шара барысында мамандар жастарға интернет алаяқтардан сақтану жолын егжей-тегжейлі түсіндіріп берді.

– Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауы мен Қауіпсіздік кеңесінің отырысында лудомания, қаржылық пирамида және интернет алаяқтық, одан бөлек халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру мақсатында өзекті мәселе көтерген болатын. Шын мәнінде соңғы жылдары халық арасында интернет алаяқтарынан зардап шеккендердің саны артты. Осы мәселеге талдау жасай келе, негізінен алаяқтың құрығына тұрақты табысы бар саланың мамандары жиі түседі екен. Олардың қатарында мұғалімдер, дәрігерлер мен медбикелер және шәкіртақы алатын студенттер бар.

Алаяқтықтың ең көп таралған түрі – қаржылық пирамида. Жалпы, қаржылық пирамиданың 10 белгісі бар. Ең алдымен қомақты көлемде қаржы салу, капиталға өте жоғары пайыз уәде беретін пайыздар, одан кейін салған ақшаңызды қайтару үшін міндетті түрде таныстарыңызға осында ақша салуы керек. Сонымен қатар, бұл инновациялық жоба ретінде ұсынылып, компания жаңадан ашылғанын айтады. Мәселен, бизнес жүргізу үшін жаңа компания ашылса, оның құрылтайшысы, жарғысы, өзінің келісім шарттары, іс-қағаздарын жүргізу барысында жауапкершілігі болады. Ал, қаржы пирамидасында тек жалғыз құрылтайшысымен келісім шарт түзіледі. Және, келісім парағында екі жақтың да ешқандай жауапкершілігі көзделмейді. Мәселен, сіз ақша саласыз, бірақ ешқандай жауапкершілік алмайсыз, — деді жиында сөз алған Түркістан облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің аға-офицері Гүлзия Қарсыбай.

Маманның айтуынша, интернет алаяқтары ең алдымен адамдардың әлеуметтік желідегі парақшасына тіркеліп, оны әбден зерттейді екен. Көбіне әйелдер астау, ыдыс-аяқ, көрпе-төсек секілді чаттарға тіркеліп, сол жердегі ұтыс ойындары қатысу ниетімен жиі алданады. Ал, ер азаматтар интернетте көлік сатуға арналған сайттардың атауын, үтір, нүктесіне дейін дұрыс жазып, іздеу қажет екенін айтты. Мысалға, «Koleso.kz» сайтын іздеген адамдар көбіне адасып, «Koleso.com» сайтына тіркелетін жағдай жиі кездесіп жатыр. Ол жерге тіркелушілер аты-жөні, байланыс нөмірі мен банк картасын жазып, соңында сан соғып қалатын жағдайлар да орын алып жатыр.

–Алаяқтар түрлі екінші деңгейлі банк немесе құқық қорғау органдарының қызметкері болып хабарласуы мүмкін. Қай жерден қоңырау түспесін тұтқаны көтергенде «иә» немесе «мақұл» деген сөзді айтушы болмаңыздар. Ең алдымен қоңырау соққан адамды тыңдап, содан кейін жауап беру керек немесе мүлдем тіл қатпай тұтқаны қоюға кеңес береміз. Алаяқтықтың тағы бір түрі банк карталары арқылы жүзеге асырылады. Айталық, қолма-қол ақшаны шешіп алатын тұста банкоматқа құпиясөзді теріп жатқанда пернетақтайы дірілдейтін болса, міндетті түрде операцияны тоқтатыңыз. Себебі, сіздің картаңызға скрин жасалып жатыр. Сондықтан, банкоматтан ақша шешіп алар кезде айналаңыздағы адамдар мен бейнебақылау камераның бар екеніне көз жеткізіңіздер. Ешқашан бейтаныс адамнан ақшаны шешіп беруі үшін көмек сұрамаңыздар, — деді Г.Қарсыбай.

Дереккөз: «Шымкент келбеті» газеті

x

Check Also

Түркістандағы «Жасыл белдеуде» ағашты күтіп-баптау, толықтыру жұмыстары жүргізілуде

Түркістан облысында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында күзгі тал егу, тазалық жұмыстары қарқынды жалғасуда. Бүгін экологиялық шара аясында ауқымды сенбілік өтті. ...

Түркістан: «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында қолдау тапқан ерекше жобалар жүзеге асырылуда

Мемлекет басшысының тапсырмасымен іске қосылған «Ауыл аманаты» бағдарламасы Түркістан облысында өз нәтижесін беріп жатыр. Ауыл тұрғындарының бірі жаңадан кәсіп ашса, ...