Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Түркістан облысының білім басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы Ардақ Садықова айтты.
– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, бүгінгі таңда облыстағы 1-4 сыныпта оқитын 187 832 бала қыркүйектен бастап тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етілді. Бұған дейінгі талдау нәтижесі бойынша облыстағы 110 асханасы жоқ мектептерде қосымша бөлмелер қарастырылып, ыстық тамақ беруге жағдай жасалды. Сондай-ақ, 51 мектепке модульдік асхана салу қарастырылуда, — деді Ардақ Мәдіханқызы.
Брифинг барысында Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Нұрбек Нышанов мектеп асханаларының санитариялық талаптары мен ондағы тағамның қауіпсіздігі жіті бақылауда болатынын жеткізді. Айта кетейік, өңірдегі мектеп асханаларының дайындығын пысықтау үшін санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармалары өз тараптарынан білім бөлімінің өкілдерімен бірлесіп, тиісті шараларды жүзеге асыруға кіріскен.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі