«Қарызсыз қоғам» — бұл жоба қаржылық алаяқтықты азайтуға көмектеседі

Ағымдағы жылдың сәуір айынан бастап «AMANAT» партиясы ауыл тұрғындарының қаржылық сауаттылығын арттыру мақсатында Halyk Bank-пен бірге «Қарызсыз қоғам» жобасын іске қосты.

Жобаның негізгі мақсаты – жеке тұлғалар арасында проблемалық берешегі бар адамдардың қаржылық сауаттылығын арттыру. Оқу бағдарлама азаматтардың мынадай санаттарына арналған: несие бойынша қарыздар бар және борышкерлер тізіміндегі адамдар, дәл қазіргі уақытта несиесі бар, бірақ мерзімі өтіп кеткен берешектері жоқ адамдар, жеңілдікпен несие алып, мемлекеттен бағдарламалар бойынша қаржыландырылатын ісін жаңа бастаған кәсіпкерлер, АӘК алатын азаматшалар. Қатысушылар жобаға қатыса отырып өз қаражатын тиімді басқаруды және шығынды оңтайландыруды үйренеді.

Олар қаржыға қатысты мәселелер қалай пайда болатынын несиелік қарыздар санын азайтудың қандай жолдары барын, алаяқтық әрекеттерді қалай анықтау қажет екенін білетін болады. Жоба аясында ауылдық елді мекендердің 80 мыңға жуық тұрғынын қамту жоспарлануда. Оларды қаржы мамандары оқытады. «Қарызсыз қоғам» жобасының алғашқы кезеңінде еліміздің 8 өңірі қамтылады: Ақтөбе, Алматы, Түркістан, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Атырау және Маңғыстау облыстары. Түркістан облысы бойынша оқу биыл 2 мамырда басталып, жыл соңына дейін жалғасады. Бір топтың оқу мерзімі (5) күн, бір топтағы қатысушылардың саны (70) адам, бір айда оқитын топтардың саны – (3). Ордабасы ауданы бойынша оқу семинар 2023 жылдың 26 маусымында басталып, шілде айының соңына дейін жалғасады. 1 айдан аса уақыт ішінде бүкіл округ қамтылады деп күтілуде.

«AMANAT» партиясының атқарушы хатшысы Елнұр Бейсенбаев:
«Біз ауылдың әл-ауқатын арттыру және аграрлық секторды қолдау мемлекеттің стратегиялық басымдығының бірі екеніне сенімдіміз. Біздің басты міндетіміз – елді азық-түлікпен қамтып отырған шаруаларға жағымды жағдай жасау. Ол үшін жеке қосалқы шаруашылықтар мен шаруа қожалықтары несиеге қол жеткізе алуы тиіс. Дәл осы ретте, қаржылық сауаттылық деңгейін сапалы арттыру мәселесі туындайды. Бұл жоба қаржылық алаяқтықты азайтуға, шамадан тыс қарызданып қалуды болдырмауға және ауыл тұрғындарының қаржылық мәдениетін жақсартуға негізделген», – деді Елнұр Бейсенбаев.

Бүгінгі күні Ордабасы ауданы бойынша алғашқы оқу-семинар Қажымұқан және Шұбарсу ауылдық округтернде өткізілуде. Қажымұқан ауылдық округіне қаржы тренері Д.Мыңбаев және Шұбарсу ауылдық округінде Қ.Батырбеков дәріс беруде. Барлық қатысушыларға әр аптаның соңында семинар сабағына қатысқандығын растайтын сертификат табысталады.

Осыған дейін, Мәжіліс спикері, «АМАNАТ» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов Түркістан облысында болды. Онда өңірдегі әлеуметтік нысандарды, кәсіпорындарды аралап, тұрғындармен партиялық жобалардың іске асырылу барысын талқылады.

Палата спикері сапарын Сайрам ауданындағы сүт өнімдерін өндіретін кәсіпорын «AYKAN» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін аралаудан бастады. Мұнда «Ауыл аманаты» партиялық жобасына атсалысқан шаруа қожалықтары басшыларының қатысуымен бағдарламаның іске асырылу барысы талқыланды. Аталған жоба ауыл-аймақта кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған.

– «Ауыл аманаты» жобасы – ауыл азаматтары үшін табысын арттыруға зор мүмкіндік. Бұл, әсіресе, тұрғындарының көбі ауылда тұратын Түркістан облысы сияқты халқы тығыз өңір үшін өзекті. Биыл осы бағдарлама бойынша бөлінетін барлық қаражаттың бестен бір бөлігі дәл осында бағытталады. Бұл – шамамен 20 миллиард теңге. 3,5 мыңға жуық адамға жаңа жұмыс орындары ашылады, – деді Ерлан Қошанов.

Облыста «Ауыл аманаты» жобасын іске асыру қорытындысы бойынша оған қатысушылардың орташа айлық табысын 1,5 есе, сүт өнімдерін өндіруді 40,6 пайызға, етті 63,2 пайызға, жылыжай өнімдерін 30 пайызға ұлғайту жоспарланған. Жалпы биыл жоба аясында еліміз бойынша 17 мың адамды қамту көзделіп отыр.

Сондай-ақ Ерлан Қошанов «Қарызсыз қоғам» жобасына қатысушылармен кездесті. Жоба қаржылық сауаттылықты арттырып, қаржыны дұрыс жұмсауға үйретеді. Жобаны өңір тұрғындары жоғары бағалап отыр. Мәжіліс төрағасының айтуынша, қазір елімізде 7,5 млн адамның, яғни халықтың үштен бір бөлігінің банкте қарызы бар. Шамамен 1,5 миллион азамат несиесін 90 немесе одан да көп күнге кешіктіріп төлеуде және банкроттық күй кешуде. Бүгінде бұл мәселе мемлекет деңгейінде көтерілді.

– Ондай адамдар қайда барып, кімнен көмек сұрайтынын да білмейді. Айналып келгенде, барлығы қаржылық сауатсыздыққа келіп тіреледі. Сондықтан «AMANAT» партиясы «Қарызсыз қоғам» жобасын қолға алып отыр. Екі айда еліміздің бірқатар өңірінде 20 мыңнан астам адам оқытылды. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш бүкіл ел бойынша 80 мыңға жеткізіледі. Тренерлер халыққа қаржыны дұрыс игеруді, отбасылық бюджетті жоспарлауды, несиені дұрыс алуды үйретеді,– деді Мәжіліс төрағасы.

Жалпы Палата спикері Президенттің саясаты мен «AMANAT» партиясының жобалары арқасында бүгінде ауылдағы белсенді азаматтар үшін жаңа әрі үлкен мүмкіндіктерге жол ашылғанын атап өтті.

– Партияның жобалары халыққа заң шеңберінде қарыздан құтылуға, қаржылық сауаттылықты үйренуге, өз ісін жүргізу үшін мемлекеттен тиімді несие алуға көмектеседі. Сонымен қатар біраз ауыл шаруашылығы жерлері мемлекетке қайтарылып жатыр. Олар да халықтың игілігіне беріледі. Ендігі кезекте ең бастысы – белсенділік танытып, осы мүмкіндіктерді пайдалану. Біздің міндетіміз – халыққа балық емес, қармақ беру. Адамдардың өзін-өзі дамытуына мүмкіндіктер жасасақ, сонда жұмыс істеп, өздерін лайықты түрде қамтамасыз ете алады, – деді Мәжіліс төрағасы.

Қазығұрт ауданы, Шарбұлақ ауылындағы Данияр Қаратаевтың шаруашылығы – осының айқын дәлелі. Ерлан Қошанов бұл шаруашылыққа да ат басын бұрды. Қарызы көп, тұрақты жұмыс орны жоқ ауыл тұрғыны «Қарызсыз қоғам» жобасы бойынша оқып, кейін «Ауыл аманаты» жобасымен 4 млн теңге несие алған. 8 сауын сиыр сатып алып, сүт өндірісін жолға қойып отыр. Қазір Данияр Қаратаевтың тұрақты табысы бар.

Сонымен қатар Мәжіліс спикері Сайрам ауданы Ақсукент ауылындағы 1200 оқушыға арналған «Әл-Фараби» атындағы мектепке барды. Бұл білім ордасын 2022 жылы өңірге белгілі меценат, партия ардагері Низамхан Сулайманов жеке қаражатына салып берді. Меценат өз ауданында осындай 7 мектеп салдырған.

– Түркістанда өткен соңғы Құрылтайда Президентіміз жауапты азаматсыз Әділетті Қазақстанды құру мүмкін емес екенін айтты. Бұл адам ел игілігі жолында адал еңбек етіп, туған жердің дамуы үшін барын салып жүр. Ол өзінің нағыз патриот екенін сөзімен емес, ісімен дәделдеді. Сайрам өңірінің кәсіпкерлері – осы жауапты азаматтың жарқын үлгісі, – деді Мәжіліс Төрағасы.

Ерлан Қошанов Құтарыс ауылындағы толықтай жеке қаражатқа салынған жаңа спорт кешенінде де болды. Ол партия мүшелеріне бизнестің әлеуметтік жауапкершілігінің осындай үлгілерін республика деңгейінде көбірек насихаттауды тапсырды.

Сондай-ақ өңірде Мәжіліс спикері «Жер аманаты» және «Құқықтық көмек» партиялық жобаларының жүзеге асырылу барысымен танысып, халықтың ұсыныстарын тыңдады. «Қарызсыз қоғам» жобасының бірқатар қатысушысы «АМАNАТ» партиясының қатарына қосылды. Жаңа мүшелердің айтуынша, олардың келуіне партияның қарапайым халыққа сөзбен емес, нақты іс жүзінде көмектесетіні себеп болған.

Түркістан облысы, Қазығұрт ауданындағы №11 кәсіптік колледждің оқытушысы Қырмызы Әбілдаева «АMANAT» партиясына мүше болды. Партия Төрағасы Ерлан Қошановтың қолынан партия билетін алған Қырмызы Сапарханқызы өз шешімін «АMANAT»-тыңатқарып жатқан игі істерімен байланыстырады. Ол партияның «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында 15 күндік тренингке қатысып, көптеген өте пайдалы ақпарат алғанын айтады.

«Жобада қарыздан құтылудың жолдарын ғана емес, бизнес бастауға да бағыт-бағдар алдық. Енді отбасылық жеке ісімізді ашқымыз келеді. Осы жобаға қатысқаннан кейін партияда басқа да қандай істер атқарылып жатыр екен деген қызығушылығым оянып, зерттеп-зерделеп көрдім. Халықтың қамы үшін атқарылып жатқан істер мен тың бастамалар көп екен. Партияның шын мәнінде халыққа деген жанашырлығын сезінгеннен кейін «АMANAT»-қа мүше боламын деп шештім»,- дейді ол.

Қырмызы Әбілдаева – көпбалалы ана.Балаларының болашағы үшін де үздіксіз білім алып, уақыт пен мүмкіндікті дер кезінде пайдалана білу қажет деп есептейді. Оның жобаға дейін бірнеше несиесі болған. Бүгінде қарыздарынан құтылып, тіпті «Отбасы банкінен» депозит ашып, қаражат жинауды бастаған.

«Қарызсыз қоғам» арқылы қаржыны дұрыс басқаруды үйренгеннен кейін несиелерімді жаптым. Бұл маған мотивация берді. Бір ғана «Қарызсыз қоғам» жобасының халыққа көп көмегі тиіп жатыр. Қазір несие алып, оны қалай төлерін білмей жүрген жандар қаншама. Сондықтан партияның осындай халыққа қажетті жобалары көп болса екен деп тілеймін», – дейді көпбалалы ана.

Сондай-ақ, ол жобада алған білімін өзі жұмыс істейтін колледжде оқитын жастарға жеткізуге ниетті. Себебі ол жастарға да бұл тұрғыдан бағыт-бағдар беріп, қаржылық сауатын көтеру өте маңызды деп санайды.