Киберқылмысты тойтару күшейтілуде

Елімізде киберқылмыстың өсуі қоғамда алаңдатушылық туғызып отыр. Осынау қауіпті құбылыстарды болдырмау мақсатында киберқылмыспен күрес жөніндегі бағдарламаның тұжырымдамасы қабылданған болатын. Себебі ақпараттық қауіп мемлекет мүддесіне тікелей және жанама әсер етуі ықтимал.

Мәселен, ол ғаламтордағы қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Жаңа тұжырымдама пиғылдағы жат алаяқтар мен әртүрлі кибершабуылдардан әрі жеке деректердің жариялануынан қорғай алады. Қабылданған тұжырым халықты ақпараттық-коммуникациялық технологиялар мәселелерімен хабардар етіп, ақпараттық қауіпсіздікті басқаруға қабілетті жоғары технологиялық мемлекеттік жүйені құруға, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар, төтенше немесе соғыс жағдайларын енгізудің алдын алуға бағытталған.

Елімізде мұндай киберщит 2016 жылы әлеуметтік желіде адам өміріне қауіп әкелетін интернет ойынынан соң пайда болды. 2017 жылы Қазақстанда қауіпсіздік сертификатын қамтитын «Қазақстанның киберқауіпсіздігі» бағдарламасын әзірлеу қолға алынды. Ұлттық қауіпсіздік комитеті қауіпсіздік сертификатын отандық мамандар әзірлегенін, шетелдіктердің бұл іске тартылмағанын айтты. Қазақстан Республикасы үкіметінің 2017 жылдың 30 маусымдағы №407 қаулысына орай Қазақстанда киберқалқан заңы қабылданды. Бұл тұжырымдама мемлекеттік мекемелерді ақпаратпен қамтамасыз етуге, мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді автоматтандыруға, «цифрлы» экономиканы дамытуға және өнеркәсіптегі өндірістік процестерді технологиялық жаңғырту жолдарын ілгерілетуге, ақпараттық-коммуникациялық қызметтер көрсетуді дамыту саласындағы жағдайды бағалауға арналған.

«Киберпол» арнайы бөлінісі жұмысын бастады

Қарағанды облыстық полиция департаментінде киберқылмыстармен күресетін бөлініс жұмысын бастады. Оның құрамына тәжірибелі тергеушілер, жедел уәкілдер және криминалдық сала қызметкерлері тартылды. Сондай-ақ бөлініске киберкеңістігіндегі қылмыстармен күресуге жетекші ІТ компаниясының мамандары, ішкі істер министрлігіне қарасты Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясының қызметкерлері кіреді.

— Біз интернет-алаяқтығы қылмысымен күресудің жаңа тәсілін қолдануға шешім қабылдадық. Жәбірленушілердің арызы енді «бір терезе» қағидаты бойынша қабылданады. Жедел уәкілдер, тергеушілер және криминалистер қоян-қолтық іс қимыл танытады. Жәбірленушілердің арызы бұрындары бір адамнан екінші қызметкерге өтетін. Соның салдарынан істі 3-4 күн күтіп, уақыт ұттырып алатын едік. Бұл жүйенің тағы бір оңтайлы тұсы, жәбірленушілердің қаржысын өзге біреу үстемдік етпеу үшін бұғаттау жұмыстарын жасауға мүмкіндік туды, –деді полиция генерал-майоры Санжар Әділов.

Киберпол арнайы бөлінісі цифрлық лабораториямен жабдықталған. Мамандар интернет-алаяқтар жасайтын бағдарламаларды енді олардың гаджеттерін бақылау арқылы анықтай алады.

— Киберқылмыспен күрес бөлімінің ашылуы уақыт талабы. Интернет пен цифрлық технологиялардың өмірімізге етене сіңісіп кеткені соншалық, кей жағдайларда кейбір сілтемелердің қауіпті екенін де аңғармай қаламыз. Полиция қызметкерлері тарапынан бұқара халықты сақтандыру шаралары, алдын алу жұмыстары тоқтаусыз жүргізіліп тұрады. Соған қарамастан, тұрғындардың алаяқтардың құрығына түсіп қалу деректері көптеп белең алуда. Сондықтан да бұл қылмыс түрімен күресуге жаңа тәсілдер көптеп қажет, – деді «Киберпол» арнайы бөлінісінің жұмысымен танысуға барған облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.

Аз уақыттың ішінде аталған бөліністің жетістіктері де жоқ емес. Алдыңғы аптада киберпол қызметкерлері алаяқтықпен айналысқан екі қылмыстық топты құрықтады. Жалпы облыстық полиция департаменті алаяқтық дерек бойынша 400 қылмыстық істі тіркеген.

Айта кетерлік жайт, соңғы 4 жыл ішінде интернет-алаяқтарынан жәбірленушілер 3,5 миллиард теңгеге шығынға батқан. Бүгінге дейін полиция бөліміне тұрғындардан 5 мыңнан астам арыз келіп түскен.