Депутат интернетте ақша тауып, салық төлемей жүрген блогерлер туралы айтты

Мәжілісте «Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы» заң жобалары талқыланып жатыр.

«Интернеттің дамуына байланысты қоғамдық қатынастар кеңейіп, қарыштап қадам басты. Әлеуметтік желілердің адам өміріне терең бойлағаны соншалық, олар бұқаралық ақпарат құралдарын ығыстырып, қоғамдық пікір қалыптастыруда негізгі рөл атқарып жатыр. Қай жағынан қарасақ та, бұл жақсы құбылыс. Алайда интернет ортаның қаншама оңтайлы тұсы болғанымен, руханият, тіл, балаларды қорғау, экономика және тағы да басқа маңызды бағыттарға кесапаты жоқ деп айта алмаймыз», — деді Мәжіліс депутаты Анас Баққожаев.

Депутат атағандай, 2022 жылы жалған ақпарат таратумен байланысты 5 545 факті анықталған.

«Оның ішінде 278-і деструктивті сипатта. 5267 факті – алаяқтық белгілеріне (фишинг), 2846-і қаржы пирамидаларын жарнамалауға қатысты болды. Еліміздің тұтастығы мен қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін, адамның ар-ожданы мен абыройын «тырналайтын» құбылыстың белең алып бара жатқаны шындық. Онымен қоса, Қазақстанда қызмет ететін онлайн-платформалар мемлекеттік тіл бойынша қойылатын талаптарды толық орындамай жатыр десе де болады. Көптеген ресурстың интерфейсі мен контенті мемлекеттік тілге автоматты түрде аударылмайды. Бұл мәселенің экономикалық аспектілерін де ұмытпаған жөн», — деді ол.

Баққожаев мемлекет қазынасының толуы халық мүддесіндегі мәселе екенін айтты.

«Бірақ Қазақстанның интернет аудиториясын кеңінен пайдаланып, тікелей түрде де жасырын түрде де жарнама жасап, пайда тауып жүргендердің арасында салық төлемей жүрген азаматтар аз емес. Сондайлардың дегеніне еріп, шатасып, алдау мен арбаудың залалына шалдыққан интернет тұтынушылардың құқық қорғау мәселесін де ұмытпағанымыз жөн. Осыған байланысты заң жобасын әзірлеу бастамасы қолға алынды. Оны Мәжілістегі барлық 6 партиялық фракция қолдады. Осыған байланысты 6 депутат бірігіп, заң жобасын әзірледік», — деді ол.

Жалған жарнама жайлы мысал ретінде жақында алаяқтар ақмолалық тұрғынды 18,8 млн теңгеге алдап кеткен еді.

Ақмола облысының 68 жастағы тұрғыны интернеттегі жалған жарнамаға тап болып, алаяқтардың айла-амалдарына бой алдырып, 18 млн теңгеден астам сомада шығынға ұшырады.

2 мамыр күні Степногорск қаласының тұрғыны интернеттегі жарнамадан «Halyk Bank» биржасына тиімді инвестиция салу ұсынысын көріп, қызығушылық танытып, сайтта көрсетілген абоненттік нөмірге қоңырау шалған.

Алаяқтар зейнеткерді уақытты жоғалтпауға және «мұнай, газ және т.б. сатудан немесе сатып алудан пайда табуға» 2-17 мамыр аралығында белгілі бір банктік шоттарға ақша аударуға көндірген. Залалдың жалпы сомасы 18 млн 800 мың теңгені құрады. Аталған соманы толтуры үшін жәбірленуші түрлі банктерден несиеге алып, туыстарынан қарыз алған.

Кейінірек алаяқтар жәбірленушімен байланыс орнатуды тоқтатқан. Зейнеткер оны алдағанын түсініп, полициядан көмек сұраған.

Степногорск қаласының полиция басқармасы осы дерекке сәйкес, ҚР ҚК-нің 190-бабы 4-бөлігі 2-тармағы (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады.

Күдіктілер он жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.