Интернет-алаяқтық қылмыстарының 37%-ы ашылмаған

Онлайн-брифингіде БАҚ өкілдерінің сауалына жауап берген ІІМ Криминалдық полиция департаменті Киберқылмысқа қарсы күрес орталығының бастығы Жандос Сүйінбай интернет-алаяқтық қылмыстарын ашуда қандай қиындықтар бар екенін айтты, деп хабарлайды Xnews.kz ақпарат агенттігі.

«Биыл бізде 9 мыңнан аса интернет-алаяқтық қылмысы тіркелді. Оның ішінде мамандар 2 мыңнан астам қылмысты ашты. Шамамен 37%-ы ашылмаған күйі қалып отыр. Дегенмен бұл жерде мынадай мәселе бар: Егер қылмыс жасаған адам шет мемлекеттердің аумағында болса, онда істі тергеу қиындайды. Өйткені, ол елдің құзырлы органдарымен ақпарат алмасу сияқты процестер ұзаққа созылады. Алайда, біздің қызметкерлер қылмыстың дәл қай жерде отырып жасағанын нақты анықтай алады», — деді Жандос Сүйінбай БАҚ өкілдерінің сауалына жауап бере отырып.

Мәселен, жыл басынан бері Қазақстан аумағында 9 462 интернет-алаяқтық қылмысы тіркелді. 

«Биылғы 6 айдың қорытындысы бойынша қабылданған шаралар нәтижесінде тіркелген интернет-алаяқтық қылмыстардың 1,3%-ға төмендеуі байқалады. Атап айтқанда, олардың саны 9 585-тен 9 462-ге дейін кеміді. Ауыстырылатын нөмірлерден жасалатын интернет-алаяқтық 34%-ға азайды. Сонымен қатар, биыл министрлік киберқылмысқа қарсы іс-қимыл жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған ведомстволық бағдарламаны іске асыруға кірісті. Осы бағдарлама шеңберінде бар проблемаларға жан-жақты талдау жүргізіліп, бірқатар ұйымдастырушылық-практикалық шаралар қабылдануда», — деп мәлім етті Жандос Сүйінбай.

Оның айтуынша, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп, ұялы байланыс операторларының антифрод-жүйелерінің дерекқорларын интеграциялау жұмысы жүргізілген. Яғни, қабылданған техникалық шаралар халықаралық трафик арқылы өтетін қазақстандық абоненттік нөмірлерге фрод-қоңырауларды анықтауға және бұғаттауға мүмкіндік берді.

x

Check Also

Алдын ала қорытынды: Референдумға 7,8 млн қазақстандық қатысты

Алдын ала қорытынды: 7 млн 820 мың 918 адам: Референдумда дауыс беруге құқылы азаматтардың 63,87 пайызы таңдау жасаған Аймақтар бойынша ...

Референдум ТМД байқаушылар миссиясының жіті бақылауында

Науқанды қадағалауға Әзербайжан, Беларусь, Тәжікстан, Қырғызстан, Ресей және Өзбекстан елдерінен 74 байқаушы келген. Олар өңірлерді аралап дауыс беру барысын бақылайды. ...