Киберқылмыспен күрес – бір күндік шаруа емес. Ол – күннен-күнге аясы кеңейіп келе жатқан әрі құқық қорғау органдары үшін күн тәртібінен түспейтін жұмыс бағыттарының бірі. Өйткені интернет арқылы жасалатын құқыққа қарсы әрекеттердің түрлері көбеюмен қатар, қақпанына түсіп жатқан құрбандар саны да азаймай тұр. Осы орайда ІІМ Криминалдық полиция департаменті Киберқылмысқа қарсы күрес орталығының бастығы, полиция подполковнигі Жандос Сүйінбаймен әңгімелесіп, осы салада атқарылып жатқан жұмыстар мен өзгерістер жайлы сұраған едік.
– Жандос Талғатұлы, кейінгі жылдары киберқылмыстар, соның ішінде интернет арқылы жасалатын алаяқтық әрекеттері қаншалықты көбейді?
– Бүгінгі таңда бүкіл әлемде, соның ішінде елімізде де киберқылмыстардың саны мен түрі көп. Оның ең кең таралған және қауіпті түрі – электрондық ұрлық, яғни интернет алаяқтық. 2017 жылдан бері кейінгі 6 жылда осындай қылмыстардың саны 10 есеге, яғни жылына 2 мыңнан 20 мың оқиғаға дейін өсті. Бұл барлық тіркелген қылмыстардың 15%-н құрайды.
Нақтырақ айтар болсақ, 2017 жылы 2046 қылмыс тіркелген болса, өткен жылы 20 444-ке жетті. Биылғы 5 айда елімізде 7 823 киберқылмыс жасалған. Салдарынан ел тұрғындарына келтірілген залал миллиардтаған теңгемен есептеледі. Тек биылдың өзінде интернет алаяқтардың қылмыстық әрекеттерінен азаматтарымыздың қалтасынан 4,8 млрд теңге жымқырылған. Ал соңғы 5 жылда интернет кезген алаяқтар 45,5 млрд теңгені заңсыз жолмен қалтаға басты. Бұл шамамен 100 млн долларды құрайды.
– Ішкі істер министрлігі тарапынан осы қылмыстардың алдын алу үшін қандай қадамдар жасалып жатыр?
– Қазіргі уақытта Ішкі істер министрі, полиция генерал-полковнигі Марат Ахметжановтың бастамасымен және Мемлекет басшысының келісімімен 2024-2028 жылдарға арналған Қоғаммен серіктестікте қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тұжырымдамасы әзірленді. Ол туралы сіздердің газеттеріңізде де жазылған болатын. Оны іске асыру аясында халықаралық және ведомствоаралық ынтымақтастық пен әріптестікті кеңейту, мемлекеттік органдар мен қоғамның жауапкершілігін арттыру және құзыреттерді дамыту жөніндегі шараларды көздейтін «Киберқылмысқа тиімді қарсы іс-қимыл» атты жеке бөлім қарастырылған. Сонымен қатар, ІІМ киберқылмысқа, оның ішінде телефон және интернет алаяқтыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ведомстволық бағдарламаны әзірлеп, іске асырып келеді. Бұл құжат 2023-2025 жылдарға арналған және кең ауқымдағы іс-шараларды қамтиды.
Бұдан бөлек, ІІМ мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп ұялы байланыс операторларының ауысымдық нөмірлерінен жасалатын халықаралық қоңырауларды бұғаттау бойынша жұмыстар жүргізді. Бұдан былай мұндай қоңыраулар дереу анықталып, бұғатталады. Осы жылдың басынан бері 5 айдың ішінде алаяқтар тарапынан еліміздің азаматтарына шалынған 17 миллионнан астам жалған қоңырауға тосқауыл қойылды. Биыл бұл көрсеткіштің өскенін айта кету керек. Ал өткен жылы 19 миллион қоңырау бұғатталған болатын.
– Сонда алаяқтар 19 миллион халқымыздың бәріне қоңырау шалып шыққан деуге де болады екен. Осы орайда банк қызметкері болып хабарласатын шетелдіктердің көбі украин азаматтары дегенді естиміз. Бұл қаншалықты рас?
– Иә, Украина тарапынан көп қоңырау шалынады. Мәселен, өткен жылы еліміздің аумағында интернет алаяқтық арқылы ақша жымқырумен айналысатын 5 трансұлттық қылмыстық топ анықталып, жолы кесілді. Мәселен, желтоқсан айында біздің орталық қызметкерлері Украинаға қызметтік іссапарға барып, Днепропетровск облысының аумағында Украина полициясымен бірлесіп арнайы операция жүргізді. Нәтижесінде, телефон арқылы алаяқтықпен айналысқан, құрамында 32 Украина азаматы бар қылмыстық топты қолға түсірді. Олар колл-орталық ұйымдастырып, банк қызметкері болып тек отандастарымызға ғана емес, басқа да мемлекеттердің азаматтарына хабарласу арқылы қаражаттарын жымқырып отырған. Мәселен, біздің ел тұрғындарынан 18 млрд теңгеден астам ақшаны алаяқтық жолмен шекара асырған.
Бұдан бөлек, Алматы қаласы ПД киберқылмысқа қарсы күрес бөлімінің қызметкерлері жедел-іздестіру шараларын жүргізу барысында интернет алаяқтарының тағы бір колл-орталығын анықтап, Грузия Республикасының 24 азаматынан тұратын топты құрықтады.
Интернет алаяқтық қылмыстарын жасауда өз еліміздің азаматтары да шетелдік «әріптестерінен» қалыспай тұр. Мәселен, Астана қаласында киберқылмыспен күрес бөлімінің қызметкерлері интернет алаяқтық қылмыстарын жасады деген күдікпен Екібастұз қаласының тұрғынын ұстады. Ол Instagram әлеуметтік желісінде арнайы парақша ашып, төмен бағамен тон сату туралы хабарландыру жариялаған. Қарапайым халық жалған «саудагерлерге» сеніп қалып, тауарды қолына алмай тұрып, ақшаларын аударып жататыны белгілі. Бұл қылмыскер де осындай жолмен 4,2 миллион теңгені қалтаға басқан.
Жоғарыдағы оқиғаларға қарап біз интернеттегі алаяқтық қылмыстары шекара талғамайтынын, яғни құқық бұзушылық әрекеттерін жасау ауқымы тым кеңейгенін көріп отырмыз. Сол себепті де еліміз үшін халықаралық деңгейде өзара іс-қимылды нығайту үшін Еуропа Кеңесінің компьютерлік қылмыстар туралы конвенциясына (Будапешт конвенциясы) қосылу мәселесі күн тәртібіне қойылып, тиісті жұмыстар жүргізілді. Нәтижесінде, биыл сәуір айында аталған құжатқа қосылуға шақыру алдық.
– Қазір еліміздің бірқатар өңірінде полиция департаменттері жанынан Киберпол деп аталатын бөліністер ашылып, жұмыс жүргізіп жатыр. Оның мақсат-міндеттері қандай?
– ІІМ-нің Жедел криминалистика департаменті құрамында Цифрлық криминалистикалық зертхана ашылған болатын. Киберқылмысқа қарсы күрес орталығы осы зертханамен тікелей байланыста жұмыс істейміз. Одан бөлек, Астана, Алматы, Қарағанды және Түркістан қалаларында «Киберпол» атты қанатқақты жобалар ашылып, жұмысын бастап жатыр. Мұндай орталықтар жақын арада басқа облыстардың бәрінде де ашылады. Бұл жедел топтың ерекшелігі – «бір терезе» қағидатымен жұмыс істейді.
Бұрын интернет алаяқтық қылмысы бойынша адамдардан арыз түскеннен кейін, оның орындалуы біраз уақытты алатын. Енді мұндай арыздарды Киберпол бір терезе арқылы қабылдайды да, тез арада жұмысты бастайды. Мәселен, ол жерде 3 қызметкер отырады: аймақтық ПД Жедел криминалистика басқармасының бір қызметкері, тергеуші және жедел уәкіл жұмыс істейді. Үшеуі бірлесіп, түскен арыздар бойынша шетелдік және отандық бағдарламалық жүйелер арқылы қылмыскерді тез табу үшін жедел әрекет етеді.
Киберпол – тергеу амалдарының жаңа тәсілі. Осының арқасында киберқылмыстар бойынша тергеу мерзімі 20-30 күннен 3-4 күнге дейін қысқарды. Сондай-ақ бұл жобаға отандық IT-компаниялар да (кибершабуылдарды талдау және тергеу орталығы, СевенХилс) өз үлестерін қосып жатыр, олар алынған техниканы зерттеуге, сондай-ақ цифрлық дәлелдемелерді іздеуге және өңдеуге көмектеседі. Бұдан бөлек, жоба шеңберінде бірқатар екінші деңгейдегі банкпен және криптоплатформамен шоттардан ақша ұрлау фактілеріне жедел әрекет ету, жәбірленушілердің транзит үшін пайдаланылатын ақшалардың шоттарын дереу бұғаттау туралы келісімдер жасалды.
– Интернет жағалаған алаяқтардың құрбаны болмау үшін отандастарымызға қандай кеңес айтасыз?
– Бүгінгі таңда мұндай құқық бұзушылықтардың алдын алудың ең тиімді әдісі – құқықтық сауаттылықты көтеру. Осы мақсатта біз үнемі ақпараттық хабарламалар таратып келеміз. Биылдың өзінде БАҚ-та профилактикалық сипаттағы 6 мыңнан астам материал жарияланды. Сонымен бірге, байланыс операторларымен фрод-қоңырауларға қарсы іс-қимыл туралы меморандумдар жасалды. «Колеса», «Крыша» хабарландыру сайттарымен және ЦАРКА IT-компаниясымен (кибершабуылдарды талдау және тергеу орталығы) келісімдерге қол қойылды.
Алаяқтардың құрбаны болмау үшін біріншіден, тексерілген жарнама сайттарын пайдалану; екіншіден, тауарды алғаннан кейін ғана төлем жасау; үшіншіден, тауардың бар екеніне алдын ала көз жеткізу қажет. Мысалы, бейне қоңырау арқылы хабарласып, тауарды өз көзіңмен көруің керек.
Сонымен қатар қарапайым қауіпсіздік амалдарын сақтау арқылы өзіңізді алаяқтардың алдауынан қорғай аласыз. Атап айтқанда, ешкімге өзіңіздің дербес деректеріңізді, абоненттік нөміріңізді, банк карталарын және олардың деректемелерін бермеу; телефоныңызға кез келген жерден көшірілген бағдарламаларды орнатпау; тек «App stor» және «Play Market» ресми көздерінен қосымшаларды пайдалану; банк немесе құқық қорғау органдары қызметкері болып хабарласқан адамның нұсқауларын орындамау; күмәнді мәмілелер бойынша аударымдарды жүзеге асырмау; банк қосымшасына кіретін парольдерді үнемі өзгертіп отыру арқылы да аяқ астынан төнетін бәле-жаладан сақтана аласыздар.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Ескендір ЗҰЛҚАРНАЙ,
«Egemen Qazaqstan» газеті