Бүгінгі күні кең таралған қылмыстардың бірі – ол алаяқтық

Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің (әрі қарай ҚК) 190-бабының 1-бөлігінде алаяқтықтың түсінігі берілген.
Алаяқтық — бөтеннің мүлкін жымқыру немесе алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен бөтен мүлiкке құқықты иемдену. Қарапайым сөзбен айтқанда алаяқтық -алдау және сенімге қиянат жасау жолымен бөтен мүлікті ұрлау болып табылады.

Егерде кінәлі адам жай алаяқтық жасаған болса, яғни ҚК-тің 190-бабының 1-бөлігінде көрсетілген әрекеттерді жасаса ол 2 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Алаяқтықтың адамдар тобында алдын ала сөз байласуымен, адам өз қызмет бабын пайдалана отырып, ақпараттық жүйені пайдаланушыны алдау немесе сенімін теріс пайдалану жолымен, мемлекеттік сатып алу саласында жасалған алаяқтық үшін аталған баптың 2-бөлігіне сай 4 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Алаяқтықтың ауыр түрлері осы баптың 3-4-бөліктерінде көрсетілген.
Қылмыстық топ жасаған немесе аса iрi мөлшерде алаяқтық жасалса, ол үшін сол баптың 4-бөлігінде 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Барлық жағдайда да қосымша жаза ретінде кінәлінің мүлкін тәркілеу жазасы қолданылады.

Бүгінгі таңда ең кең таралып жатқан алаяқтықтың өте қауіптісі – ол интернет арқылы жасалатын алаяқтық. Ғаламтордағы әккілер әсіресе әлеуметтік желілерді ұтымды пайдаланып отыр.
Алаяқтардың арбауына түсіп қалып жатқан адамдар аз емес және оның торына кез келген адам түсіп қалуы мүмкін.
Әдетте алаяқтар әлеуметтік желілерге жалған интернет хабарландырулар орналастырады немесе аккаунт пен арнайы бет ашып, сайт жасап алады. Ең жиі кездесіп жүрген интернет алаяқтықтың түрлері: интернет арқылы сауда жасау және қызмет көрсету, сондай-ақ өздерін банк қызметкері ретінде таныстырып, жеке деректерді иемдену және бөтен біреудің атынан онлайн-несие рәсімдеу арқылы жасалатын қылмыстар болып отыр.

Ақпараттық жүйені пайдаланып, алдау, арбау арқылы ақшалы болудың ең көп таралған жері – сауда-саттық маңы. Әсіресе сұранысқа ие Instagram, Facebook, WhatsApp әлеуметтік желісі арқылы мұндай қылмыстар жиі жасалып жатады. Instagram, Facebook желілерінен кімнің ақ, кімнің арам екенін ажырату өте қиын. Киімдер, автобөлшектер, күнделікті тұрмыс заттарын сатып, талайдың ақшасын қалтасына басқан қылмыскерлер тұтынушылардың сеніміне қалай кіру керектігін ғана емес, онлайн-сауданың қыр-сырын да мықты меңгеріп алады.

Интернет алаяқтардан сақ болудың қарапайым қауіпсіздік шаралары: дербес деректерді, пластикалық карталардың мәліметтерін, кодтарды және құпия сөздерді ешкімге хабарламауға, белгісіз әрі тексерілмеген сайттар арқылы алдын ала төлем жүргізбеуге, күмәнді мәмілелер бойынша ақша аударымдарын жүзеге асырмауға, ұялы телефон мен компьютерге белгісіз қосымшаларды орнатпауға, кез келген сілтеме бойынша өтпеуге, спам хабарламаларға сенбеу. Осы талаптарды сақтау арқылы әр адам алаяқтардан өзін қорғап жүре алады.

Дереккөз: «Қармақшы таңы» газеті