Алаяқтар сіздің атыңызға жалған кредит ресімдеген жағдайда не істеу қажет

Егер сіздің дербес және төлем деректеріңіз киберқылмыскерлердің қолына түскен жағдайда, олар сіздің онлайн- немесе мобильдік банкингіңізді бұзып, алаяқтық тәсілмен кредит ресімдеуі мүмкін. ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қызметкерлері мұндай жағдайда не істеу керек екенін түсіндірді.

Агенттік өкілдерінің айтуынша, атыңызға заңсыз кредит ресімделу фактісін кредиттік тарихтың көмегімен анықтауға болады, оны тоқсанына кемінде 1 реттен үнемі тексеріп тұру қажет. Дербес кредиттік есепті Мемлекеттік кредит бюродан, Бірінші кредиттік бюродан, ХҚО-дан немесе eGov.kz порталы арқылы алуға болады.

«Егер сіз «басқа адамның кредитінің» құрбаны болсаңыз, онда бірінші кезекте, қарыз ресімделген кредиттік ұйымның атауын біліп алыңыз, және оған өтінішпен жүгініңіз. Өтінішті сондай-ақ, құқық қорғау органына да беру қажет. Сіздің өтініштеріңіз тіркелуге тиіс, өтінішті қабылдау күні көрсетілген тіркеу нөмірі сіз өзіңізге қалдыратын өтініштің көшірмесіне де қойылуға тиіс», — дейді мамандар.

Кредитордан міндетті түрде ішкі қызметтік реттеу жүргізуді талап етіңіз. Сонымен қатар, кредиттік ұйым сізге шарттың көшірмелерін, оған қосымшаларды және жеке басты куәландыратын құжаттарды, сондай-ақ ақша аударылған шоттың деректемелерін ұсынуға тиіс. Сізге кредит берген және шартты ресімдеген қызметкердің деректерін нақтылау қажет.

«Кредиттік ұйым құжаттар ұсынудан бас тартқан жағдайда, сіз ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне шағым бере аласыз», — дейді агенттік өілдері.

Егер кредиттік ұйым ақшаны сіздің жеке куәлігіңіз бойынша алаяқтардың алғанына дәлелдер таба алмаса, тұрғылықты мекенжайыңыз бойынша сотқа мәмілені жарамсыз деп тану туралы шағым-талап беру қажет. Сот шешімді сіздің пайдаңызға шығарған жағдайда, кредиттік ұйым:

  • сізден борышты төлеуді талап етуді тоқтатуға;
  • берешекті есептен шығаруға;
  • кредиттік бюроға сіздің кредиттік тарихыңыздан басқа адамның қарызы бойынша ақпаратты алып тастау жөнінде хат жолдауға тиіс.