Түркістанда Орталық Азия мемлекеттерінің парламентаралық форумы өтіп жатыр — Xnews — ақпарат агенттігі

Түркістанда Орталық Азия мемлекеттерінің парламентаралық форумы өтіп жатыр

Түркістан шаһарында Орталық Азия мемлекеттерінің бірінші Парламентаралық форумы өтіп жатыр. Ауқымды іс-шараға аймақтағы елдер Парламент Палаталарының делегациялары қатысуда. Екі күнге жалғасатын Форумда олар парламентаралық қатынастарды кеңейтудің басым бағыттарын және біртұтас рухани-мәдени кеңістікті дамытудың өзекті мәселелерін талқылайды.

Қазақстан Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев өз сөзінде Орталық Азия елдері арасындағы қарым-қатынасты әрі қарай нығайту үшін осындай кездесулердің маңызы зор екенін айтты. Палата Спикері аймақтағы елдердің Мемлекет басшыларының байланысы жоғары деңгейде екенін де тілге тиек етті. Сондай-ақ өзара ынтымақтастықты жан-жақты және белсенді дамытуға Парламент өкілдері де өз үлестерін қосуы керектігін атап өтті.

Форумға қатысып жатқан қырғыз, өзбек, тәжік және түрікмен делегацияларын тиісінше Қырғызстан Жогорку Кенешінің Төрағасы Нұрланбек Шакиев, Өзбекстан Олий Мажлисі Сенатының Төрайымы Танзила Нарбаева, Тәжікстан Маджлиси намояндагон Маджлиси Оли Төрағасы Махмадтоир Зокирзода және Түрікменстан Меджлисінің Төрағасы Гурбанмурат Ашыров бастап келді.

Іс-шара кезінде депутаттар Орталық Азия елдерінің жан-жақты стратегиялық ынтымақтастығын нығайту мәселесін және Парламенттердің осы үдерістегі рөлін талқылайды. Сонымен қатар форумға қатысушылар ортақ тарихи-рухани мұраға негізделген мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейту барысына назар аударады.

Форумның қорытындысы бойынша Түркістан декларациясы қабылданады. Құжатта экономикалық өзара іс-қимылды кеңейтуге және өзіндік бірегейлігімен ерекшеленетін Орталық Азияның біртұтас мәдени-тарихи кеңістігін қалыптастыруға арналған парламентаралық қатынастарды одан әрі дамыту перспективалары көрсетіледі.

Айта кетейік, аталған Парламентаралық форумды өткізу туралы шешім былтыр шілде айында өткен Орталық Азия Мемлекеттері басшыларының Консультативтік кездесуінде қабылданды.

ҚР Парламенті Сенатының баспасөз қызметі,
Суретті түсірген Н.Байбулин.

x

Check Also

Басты мақсат – сайлаудың заң талаптарына сай өтуін қамтамасыз ету

ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров Шымкент қаласына арнайы жұмыс сапарымен келді. Сапар барысында ОСК төрағасы 2026 жылғы 23 ...

Құрылтай сайлауы – білімді ұлт қалыптастыруға негіз болатын маңызды қадам

Елімізде жүргізіліп жатқан саяси реформалардың басты мақсаты мемлекеттік басқару жүйесін заман талабына бейімдеу және қоғамның барлық тобының пікірін шешім қабылдау ...