Смайылов 5 жаңа министрді таныстырды

ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов бес министрліктің ұжымына жаңа басшыларды таныстырды,

Премьер-министр Әлихан Смайылов Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Экология және табиғи ресурстар, Әділет, Оқу-ағарту, Мәдениет және спорт министрліктерінің ұжымдарына жаңа басшыларды таныстырды.

Үкімет басшысы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің ұжымына Марат Қарабаевты таныстыра отырып, оның жаңа технологиялар, индустрия және инновациялық даму салаларында жұмыс тәжірибесі мол, өзін мақсатқа қол жеткізуде қажетті ресурстарды жұмылдыра алатын жоғары білікті маман ретінде көрсеткенін атап өтті.

«Мемлекет басшысы өңдеу өнеркәсібінің өсу қарқынын және қосымша құны жоғары қайта өңдеу өнімдерін шығаруды ынталандыру, сондай-ақ индустрияның базалық салаларын, логистикалық әлеуетті және көлік инфрақұрылымын дамыту жөнінде маңызды міндеттерді белгіледі», — деді Әлихан Смайылов.

Сонымен қатар ол геологиялық саланы дамытуға және пайдалы қазбаларды барлау мен өндіруге инвестициялар тартуға ерекше назар аудару қажет екенін айтты.

Премьер-министр Экология және табиғи ресурстар министрлігінің ұжымына Зүлфия Сүлейменованы таныстыра отырып, ведомство бұрынғы экологиялық мәселелерді, оның ішінде Арал теңізі мен Семей өңіріне қатысты мәселелерді шешу, сондай-ақ су ресурстарын басқару және табиғат пен жануарлар әлемін қорғау жөніндегі міндеттерге қол жеткізу бойынша жұмысты жандандыруы тиіс екенін атап өтті.

«Ірі кәсіпорындардың зиянды қалдықтарын кезең-кезеңмен төмендетуге қол жеткізу және оларды жаңа технологияларды енгізуге ынталандыру қажет, өйткені бұл азаматтарымыздың денсаулығына тікелей байланысты», — деді Әлихан Смайылов.

Әділет министрлігінің ұжымымен кездесуде Премьер-министр жаңа басшы Азамат Есқараев пен ведомство қызметкерлері жақында қабылданған барлық заңдар бойынша заңға тәуелді актілерді әзірлеуді және осы мәселеде тиісті ведомствоаралық үйлестіруді қамтамасыз етуі тиіс екенін айтты.

Сонымен қатар, оның айтуынша, нормативтік-құқықтық актілерді сараптау сапасын арттыру, жалпы сарапшылар қоғамдастығымен белсенді өзара іс-қимыл жасау және «модельдік» заңдар нысанында жаңа заңнамалық базаны қалыптастыру бойынша жұмысты жалғастыру қажет.

«Ел Президенті мемлекеттік басқарудың барлық деңгейлерінде шешім қабылдау процесін жеделдету міндетін қойып отыр. Мұндай тәсіл қажетті әлеуметтік және экономикалық реформаларды жедел жүргізуге мүмкіндік береді», — деді Әлихан Смайылов.

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың алдында тұрған басым міндеттерді атап өткен Үкімет басшысы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын сапалы іске асыру, оқу орындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, саланы оқыту мен цифрландырудың озық әдістемелерін енгізу қажеттігіне назар аударды.

Оның айтуынша, мектепке дейінгі және мектептен тыс, кәсіптік білім беру жүйесін одан әрі дамыту қажет.

«Білім берудің бастапқы кезеңдерінде адами капиталдың және тұтастай мемлекетіміздің одан әрі дамуының негізі қаланады. Үкімет тарапынан білім беру саласына көп көңіл бөлінеді: мұғалімдердің жалақысы көтерілуде, жаңа мектептер мен балабақшалар ашылуда, оқытудың заманауи форматтары енгізіліп жатыр. Біз саланың барлық проблемалық мәселелерін жоспарлы түрде қарап, шешім қабылдауды жалғастырамыз», — деп Әлихан Смайылов бұрынғы оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетовке атқарған жұмысы үшін алғыс білдірді.

Үкімет басшысы Мәдениет және спорт министрлігінің ұжымына жаңа басшы Асхат Ораловты таныстыра отырып, ведомствоның басым міндеттері Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасын сақтау және дәріптеу, республиканың халықаралық аренадағы беделін арттыру, сондай-ақ спортты дамыту тәсілдерін өзгерту болып табылатынын атап өтті.

«Бұқаралық спортты дамытуға баса назар аударып, кәсіби спортшылардың жаңа буынын даярлау деңгейін көтеруіміз керек. Барлық күш-жігер осыған жұмсалуы тиіс», — деді Әлихан Смайылов.

x

Check Also

Алдын ала қорытынды: Референдумға 7,8 млн қазақстандық қатысты

Алдын ала қорытынды: 7 млн 820 мың 918 адам: Референдумда дауыс беруге құқылы азаматтардың 63,87 пайызы таңдау жасаған Аймақтар бойынша ...

Референдум ТМД байқаушылар миссиясының жіті бақылауында

Науқанды қадағалауға Әзербайжан, Беларусь, Тәжікстан, Қырғызстан, Ресей және Өзбекстан елдерінен 74 байқаушы келген. Олар өңірлерді аралап дауыс беру барысын бақылайды. ...