Түркістан қалалық «Балалар мен жасөспірімдер спорт клубы» өз жұмысын бастағалы екі жылға жуықтады.
Клуб аталған жыл аралығында облыс орталығында түрлі спорттық шараларға мұрындық болып, жүйелі жобаларды жүзеге асырды.
Алты сектор тұрғындары бақ сынаған «Менің отбасым» отбасылық сайысынан бастап, клуб баскетбол, футбол, үлкен теннис ойындарынан жасөспірімдер арасында қала біріншілігін өткізді.
Өткен жылдың сәуір мен тамыз айларында «Дені сау ұрпақ – ел болашағы» атты ашық алаң ойындарымен қатар, «Жазғы демалыс-2022» командалық ашық алаң ойындары ұйымдастырылды.
Одан бөлек, клубтың бастамашы болуымен республикалық деңгейде жасөспірімдер арасындағы үлкен теннистен жарыс өткізілді. Оған Түркістан облысынан бастап, Алматы, Қызылорда облыстары және Тараз, Шымкент, Түркістан қалаларынан келген спортшылар қатысты.
Сонымен бірге, клубтың ұйымдастыруымен өткен Түркістан қаласының қысқы ойындары біріншілігінде жүзге жуық тұрғын бақ сынасты.
Қатысушылар шарада шахмат, гір тасын көтеру, волейбол, баскетбол, үстел теннисі, футбол ойындарымен қатар, ұлттық спорт түрлерінен: тоғызқұмалақ, қол күрес пен асық атудан жарысқа түсті.
Көптеген спорттық шаралардың ұйымдастырушы болған клуб ұжымы республикалық, облыстық деңгейдегі бәсекелерде шаһардың намысын қорғап, жүлделі орындарға ие болды.
Атап айтқанда, «ARMANS ZHETISAY CUP-2022» облыстық турнирінде клуб қатысушыларынан құралған команда үшінші орынды иемденсе, Кентау қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы турнирде клубтың «Түркістан» командасы I-орынды жеңіп алған болатын.
Қазіргі таңда, клубта алпысқа жуық қызметкер жұмыс жасайды. Оның ішінде жиырма жаттықтырушы — футбол, үлкен теннис, баскетбол ойындарынан 700 -ге жуық оқушыны жаттықтыруда.
Одан бөлек, мекемедегі 28 спорт нұсқаушысы қала тұрғындары арасында бұқаралық спортты дамытуда жүйелі жұмыстар атқаруда. Спорт нұсқаушылары қысқы маусымда әр аптаның сейсенбі күндері (Отырар мөлтек ауданы көпқабатты тұрғын үйлер арасында)
Бейсенбі күндері (Сауран бірінші мөлтек ауданы көпқабатты тұрғын үйлер арасында), жаз маусымдарында қаладағы отыздан аса ашық алаңда таңғы жаттығулар ұйымдастырады.
Айта кетейік, клубтың үйірмелеріне қатысуға 6 жастан 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер өтініш бере алады.
Мекемедегі басқа да сауалдар бойынша төмендегі байланыс нөмірлеріне шыға аласыздар;
8 776 991 11 91 Амандық Әбдікерімұлы (мекеме директоры орынбасары)
8 707 222 17 10 Фариза Әлі (әдіскер)