Түркістанда бұқаралық спортқа басымдық берілуде

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауларында өскелең ұрпақтың спорттық және шығармашылық әлеуетіне аса назар аудару қажеттігін айтты. Сондай-ақ Президент мемлекеттің және квазимемлекеттік компаниялардың бюджетінен миллиардтаған теңге тиімсіз жұмсалуда екенін айтып, қаржы тапшылығы кезінде мемлекет бюджеті есебінен кәсіби спорт клубтарын толықтай қамтамасыз етудің қажеті жоқтығын да ескертті. «Бұқаралық спортқа, дене тәрбиесіне және балаларға басымдық беру керек. Әр облыста, ірі аудан орталықтарында спорт үйірмелерін ашу қажет», деді Мемлекет басшысы.

Киелі Түркістан қаласында бұқаралық спортты дамыту, денешынықтыру бағытындағы спорт үйірмелерін, тұрғындарға арналған алаңшаларды көптеп ашуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Халқымыз ежелден денсаулықтың қадірін жете түсініп, оны басты байлыққа балаған. Осы тұрғыдан алатын болсақ, өңірде дене шынықтырумен және спортпен шұғылданатын азаматтар саны артып отырғаны байқалады. Яғни облыс бойынша көрсеткішті биыл 38,86 пайызға, ал 2025 жылға дене шынықтырумен және спортпен шұғылданушылардың санын 50 пайызға жеткізу жоспарланған. Жалпы алғанда, облыс тұрғындарының спортқа ден қойып, көрсеткіштің жылдан жылға өсіп отырғаны қуанарлық жәйт. 2022 жылдың 11 айында облыс аумағында 2 146 бұқаралық спорттық іс-шаралар өткізіліп, оған 289 816 адам қатысса, оның ішінде, ауылдық жерде 1 561 іс-шара өткізіліп, 197 723 адам қамтылды. Түркістан шаһарындағы бұқаралық спортты дамыту, қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу, салауатты өмір салтын насихаттау, мақсатында жарыстар ұйымдастырылып жұмыстар атқарылуда. Түркістанда дене шынықтыру және спортпен шұғылданатын барлық жастағы тұрғындар саны 823 896 адамға жетіп, бұл облыстағы жалпы халықтың 39,04 %-ын құрап отыр. Бұл ретте, қалалық адами капиталды дамыту бөлімімен бірлескен жұмыстар да қала спортының дамуына септігін тигізуде. Атап айтқанда, мектеп оқушылары, мұғалімдер арасындағы спартакиадалар, жоғары, орта-арнаулы оқу орындарының студенттері, оқытушылары арасында спартакиадалар, құқық қорғау қызметкерлері арасында жарыстар, ҚР атаулы мерекелері қарсаңында дәстүрлі түрде спорттық жарыстар ұйымдастырылып өткізілуде. Мәселен, Балуан Шолақ спорт кешенінде баскетболдан 2006-2007 жылы туылған қыздар арасында, волейболдан ардагерлер арасында жарыс ұйымдастырылса, «Береке, Қайрат» ГТК спорт кешендерінде ардагерлер арасында кіші футболдан, «Оқушылар сарайында» шахматтан жасөспірімдер арасында сайыс өткізілді. Мұндай сайыстарды тізе берсек өте көп. Мұнан бөлек, мемлекеттік қызметшілер арасында волейболдан облыстық спартакиадада Түркістан қаласы әкімі аппараты және дербес бөлім қызметкерлерінен құралған команда 2 орынға ие болса, волейболдан ересектер арасында облыстық спартакиадада Түркістан қаласынынан әйелдер және ерлер командасы да 2-орынға жайғасыпты. Үстел теннисінен ересектер арасында өткен спартакиадада Түркістан қаласының құрамасы 1 орынға ие болса, шаһарда өткен волейболдан және кіші футболдан 40 жастан асқан ардагерлер арасында арасында облыстық спартакиадада Түркістан қаласының командасы 1 орынға шыққан. 2022 жылдың 11 айында Түркістан қаласында өткізілген ірі спорттық іс-шаралар өткізілді. Нақтырақ айтсақ, садақ атудан ересектер, жастар және жасөспірімдер арасындағы ҚР чемпионаты, бокстан ересектер арасында КСРО СШ, ҚРЕСЖ Ә.Нұрмахановты еске алуға арналған халықаралық турнир, триатлоннан Қазақстан Республикасының кубогының 1 этабы, Х.Аққалиевті еске алуға арналған грек-рим күресінен ересектер арасындағы республикалық турнир, «Алаш Прайд» 74 ММА аралас жепе-жек спорт түрлерінен халықаралық турнир, баскетболдан С.Ерубаевты еске алуға арналған халықаралық турнир, кикбоксингтен жасөспірімдер арасындағы ҚР чемпионаты, баскетболдан кіші жасөспірімдер ұлдар қыздар арасындағы ҚР чемпионаты, 100 шаршы дойбыдан жастар мен ересектер арасында ел чемпионаты, бокстан Сидней Олимпиадасының чемпионы, ҚРЕССШ Б.Саттархановты еске алуға арналған халықаралық турнир, Керуен сарай, Б.Саттарханов даңғылы — Майкотов көшесі аралығында «Turkıstan Marathon — 2022» бұқаралық жүгіру марафоны, Визит орталығы, Б.Саттарханов даңғылы — Әуежай жолы аралығында «Turkistan Marathon — 2022» — халықаралық бұқаралық-жүгіру марафоны, еркін күрестен Совет Одағының Батыры, генерал-майор С.Рахымовты еске алуға арналған халықаралық турнир, «Тұран Барысы» ересектер арасындағы Азия кубогі, Қазақ даласының батыры Қажымұқан Мұңайтпасовты еске алуға арналған қазақ күресінен халықаралық турнир, Сүйіліш Батыр атындағы WT таеквондодан республикалық жастар арасындағы республикалық турнир өтті. Бұл жарыстардың әрқайсынының қала спортында алар орны ерекше. Өйткені жергілікті жастарының өз шеберліктерін сынауға мүмкіндік берілумен қатар, спортқа деген қызығушылығын арттырды. Түркістанда өткен жарыстарға еліміздің өзге өңірлерінен қатысқан спортшылар киелі қалада жасалған жағдайлардың жоғары деңгейде екенін айтып, ризашылықтарын білдіруде. Жеңімпаздардың еңбегі де лайықты бағалануда. Мысалы, Түркістанда қазақ күресінен ересектер арасында өткен Қажымұқан Мұңайтпасовтың жүлдесіне арналған Азия кубогында «Түйе балуан» атанған батысқазақстандық Темірлан Көлбай бас жүлдеге ие болып, «Нива» автокөлігін жеңіп алды. Екі күнге созылған дүбірлі додада қазақстандық балуандар өз мықтылықтарын көрсетіп, Азия құрылығы бойынша теңдессіз екендігін көрсетті. Жарыста Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Қытай мемлекеттері мен еліміздің барлық өңірлерінен келген 300-ге жуық спортшы бақ сынасты. Кезінде халқымыздың атақ-даңқын күрес арқылы бүкіл әлемге танытқан Қажымұқан Мұңайтпасов та талай жеңістің шыңына жетті. Биыл кең көлемде ұйымдастырылған Азия кубогында «Түйе балуан» атанған талантты балуан Темірлан Көлбай көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Ал Алматы облысының өкілі Мади Еділбаев күміс жүлдегер атанса, қола жүлдені Абай облысының мақтанышы Әсет Ахметжанов қанағат тұтты. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді Түркістан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қанат Жолдықараев пен күрестің білікті маманы Қуат Байходжаев, сонымен қатар қазақ күресінен Қазақстан Республикасының мемлекеттік жаттықтырушысы Жеңіс Биткөзов марапаттап, таланттыларды танытты. Айта өтерлігі, аламан күрес додасының бас жүлдесіне Ордабасы ауданының әкімі Нұрбек Бадырақов демеуші болып, ордабасылықтар атынан автокөлікті сыйға тартты. Осылайша, қазақ күресінің жаңғыруына үлесін қосты. Қазақ күресі ассоциациясы өкілдерінің айтуынша, Қажымұқан атындағы Азия кубогын жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастыру жоспарланып отыр. Айта кетейік, Түркістан қаласында қазақ күресінен «Тұран барысы» Азия кубогы ұйымдастырылып, жарыс нәтижесінде Қазақстан құрама командасы жеңімпаз атанған болатын. Жалпы өңірде 4 облыстық, 28 аудандық және қалалық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде қазақ күресі бөлімдері бар. Онда 148 жаттықтырушы 3600-ден аса балаға оқу-жаттығу жұмыстарын жүргізеді. Ал Түркістан қаласында салауатты өмір салты мен бұқаралық спортты насихаттау мақсатында өткен Turkistan Marathon 2022 марафонына еліміздің түкпір-түкпірі мен алыс-жақын шетелден келген 2 мыңнан астам спорт жанкүйерлері қатысып, бақтарын сынады. Эстафеталық сайыс «Almaty Marathon» ұйымдастырушыларымен Түркістан қаласында тұңғыш рет өткізілді. Марафон – әлем бойынша жылдам дамып келе жатқан спорттық туризмнің бір түрі. Қатысушылар үшін марафонға қа¬тысу тек хобби емес, өзге елдерге саяхаттаудың ерекше түріне айналған. Жарысқа қатысуға Қазақстанның 12 облысынан және шет мемлекеттерден қатысушылар да ниет білдірген. Яғни марафонға қатысуға 2 мыңнан астам үміткердің өтініш беруі – Түркістанда спортқа қызығушылық жоғары екенінің бір көрінісі. Таңмен таласа оянып жүгіруге келген спорт әуесқойлары үшін үлкен жүгіру старты калоритті этностильде ұйымдастырылды. Спорттық додаға қатысқан 2000-нан астам марафоншы төрт қашықтық бойынша, яғни 10, 21 және 42,2 шақырым жүгіріп өтті. Балалар 3 шақырым қашықтықты бағындырды. Марафон демекші, бұған дейін ел аумағында өткен «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесінің шарықтау шегі, яғни кульминациясы осы киелі Түркістанда өтті.

Cоңғы уақытта Түркістан қаласы жаңа қарқынмен дамып, жаңа спорттық нысандардың көптеп бой көтеруі өңірде спортшы жастар, чемпиондар көбейетініне сенімді арттыра түсетінін облыс әкімі Дархан Сатыбалды «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесінің жабылу салтанатында айтты. «Ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, қазақты ат спортына жетелейтін осындай жобалар жалғасын таба берсін. Азаматтарымыз аттан түспесін! Халқымыздың мәртебесі биіктей берсін!»,– деді Д.Сатыбалды. Мәдениет және спорт министрлігі және «The Great Steppe tour» қоғамдық қорының бастамасымен, «Amanat» партиясының қолдауымен 18 қыркүйекте Астана қаласында «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесі басталған болатын. Алғаш рет ұйымдастырылған аламанға елміздің 19 аймағынан 19 команда, 200-ге жуық сәйгүлік қатысуға ниет білдірген. Әр команда марафон-бәйгеге бес аттан қосып, 600 шақырымнан кейін аттарды ауыстырып отырды. Олар күніне 100 шақырымды бағындырды. Сайыстың соңғы күні 4 команда – Түркістан, Маңғыстау, Жетісу және Жамбыл облыстарының шабандоздары ғана жарыс жолын жалғастырып, Түркістанға жетті. Түркістан жұртшылығы 1200 шақырымды 11 күнде бағындырған батырларды үлкен қошеметпен қарсы алды. Бәйгенің жеңімпазы атанған Маңғыстаудың «Көкмойнақ» командасына 24 млн теңгенің сертификаты тапсырылды. Екінші орын атанған Жетісу өңірінің «Жетісу» командасына 12 млн теңге жүлде тарту етілcе, мәреге үшінші болып жеткен Түркістандық «Теріскей» командасының шабандоздары 9 млн теңге сыйақыны қанжығаларына байлады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан жұртшылығымен кездесуі кезінде «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгенің мән-маңызына тоқталған болатын. «Жақында Астанадан бастау алған «Ұлы дала жорығы» санаулы күннен соң Түркістанда өз мәресіне жетеді. Мұның зор символдық мәні бар. Осы өңірде халқымыздың салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы сақталған. Бір сөзбен айтқанда, Түркістан – халқымыздың қаймағы бұзылмаған қасиетті мекені», деді Президент. Қазақ халқының салт-дәстүрін жаңғыртатын, рухын оятатын, еліміздің бай табиғаты мен тарихын зерделейтін, жаңа туристік бағыттарды қалыптастыратын тың жоба – еліміздің 6 аймағын (Астана, Ақмола, Қарағанды, Ұлытау, Қызылорда, Түркістан облыстары) қамтыған тұңғыш жалпыреспубликалық ат аламаны. Бәйгеге қатысқан шабандоздар Ұлы даланы 11 күн бойы көктей өтіп, қазақ тайпаларының басын қосып, таңбасын бөліскен Ұлытау жерінен өтті. Жошы хан мен Алаша хан кесенелеріне тағзым етті. Қазақ хандығының алғашқы астанасы Созақ қаласы мен қарт Қаратауды бойлай отырып, түркі руханиятының бесігі Түркістан қаласына жетті. Жеңімпаздарды Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев, «Amanat» партиясының Атқарушы хатшысы Асхат Оралов, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды, Ұлттық спорт қауымдастығының атқарушы директоры Болат Маханалин, Sportqory директоры Асхат Сейсембеков құттықтап, сертификат пен медальдарды тарту етті. «Түркістан арена» стадионында өткен бәйгенің жабылу салтанатында министр Дәурен Абаев жобаның өміршең боларына сенім білдіріп, шабандоздардың ерлігін жоғары бағалады. Ал облыс әкімі Дархан Сатыбалды елімізде тұңғыш рет ұйымдастырылған бәйге-марафонның қасиетті Түркістанда мәресіне жетуі өңір үшін үлкен мәртебе екенін атап өтті. «Ұлы дала жорығы» марафон бәйгесін ұйымдастырушыларының бірі Арман Абдоллаевтың айтуынша, бәйгеде қазақ жылқыларының мәртебесі асқақтай түскен. «Биыл тұңғыш рет өтіп отырған бұл бәйгенің баламасы әлемде жоқ деуге болады. Жарысты ұйымдастырар барысында біз жан-жақты зерттеп көрдік. 1200 шақырымды әрі бірнеше өңірді қамтитын көшпелі бәйге әлемде жоқ. Тағы бір айта кетерлігі, осы бәйгені қадағалап, зерттеп жүрген мамандар қазақ тұлпарларының шыдамдылығына таңғалып отыр. Біздің мақсат та – ұлттық спортты ұлықтау, қазақты ат спортына қызықтыру әрі ұлы даламыздың тұлпарларын дәріптеу. Бірнеше облысты басып өтіп, үлкен қиындықтарды жеңе білген әрбір шабандоз құрметке лайық. Түркістан тұрғындарына алғысымыз мол. Осы марафонда ең көп жанкүйер Түркістан облысында жиналды. Бұл – өңірде ұлттық спорт жанашырларының көптігінің белгісі», дейді. А.Абдоллаев. Ал шабандоздар қазақы жылқыны сынайтын дәл осындай жарысты көптен күткендерін айтады. Мұндай аламан додаға жылқыны бір жыл баптау керектігін, келесі жылға дайындалатындарын айтушылар да бар. Яғни шабандоздар бұл доданың ауқымы кеңейіп, дәстүрлі түрде өткізілетінінен үмітті. Өз аймағындағы жылқы тұқымын дәріптеп жүрген атбегілердің айтуынша, марафон-бәйгенің мақсаты – қазақ жылқысының қасиетін әлемге таныту болуға тиіс.

Иә, жастардың және жалпы қала тұрғындарының спортпен айналысуына киелі Түркістанда барлық жағдай жасалған. Бұл орайда Түркістан қаласында статистикалық есеп бойынша 231 спорт нысаны жұмыс істеуде. Атап айтсақ, Спорт сарайы, Олимпиада орталығы, Халықаралық қазақ-түрік университетінің стадионы, О.Жарылқапов атындағы стадион, «Түркістан арена» стадионы, 4 спорт кешені, бокс федерациясы, №4 БЖСМ спорт кешені, Халықаралық туризм меймандостық академиясы 139 спорт ойын алаңдары, 10 теннис корты, 7 жүзу бассейні, Спорт сарайында орналасқан бассейн, су спорт кешені, акваланд су кешені, шипа су бассейні, ХҚТУ бассейні, Нұрасыл, Rixos қонақүйі, жаңадан ашылған Б.Саттарханов даңғылы ашық бассейндері, 69 спорт залдары бар. Түркістан қаласында заманауи үлгідегі жасанды төсенішпен 64 ашық спорт алаңшалары салынып, пайдалануға берілді. Сонымен қатар, 2022 жылы Түркістан қаласында халықаралық Теннис орталығы салынып, ел игілігіне табыс етілді. Одан бөлек, Б.Саттарханов атындағы облыстық спорт мектебінің спорт кешенін қайта құру және 320 көрерменге арналған қосымша ғимарат салу құрылысы, Мұз сарайының құрылысы, Ескек есу каналы бағытындағы спорт кешендерінің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Аталған спорт нысандарының құрылысын 2023 жылы аяқтау жоспарланып отыр.

Әрине тұрғындарды спортқа баулу үшін алдымен спорт мекемелерінің базасы жақсы болуы керек. Содан барып спортқа қызығушылық танытатын тұрғындардың саны арта түсуі анық. Өңірде 59 спорт түрі бойынша 29 олимпиадалық, 30 олимпиадалық емес спорт түрлері бойынша 72 спорт мекемесі бар. Онда жалпы саны 51 мыңнан астам спортшы тіркелген. Түркістанда жекпе-жек спорт түрлеріне сұраныс артып отыр. Оны спортшылардың жеткен жетістіктерінен анық байқауға болады. Жалпы өңірде бокс, таэквондо, дзюдо, күрес түрлері, қазақ күресі, аралас жекпе-жек, сынды басқа да спорт түрлеріне қызығушылық артуда. Өңірде өткен жылдың

қорытындысы бойынша 4643 спорт ғимараты жұмыс істеді. Оның ішінде, 21 стадион, 1 спорт сарайы, 2 құрама командалардың оқу-жаттығу орталығы, 41 спорт кешені, 103 спорт манежі (102 футбол манежі, 1 ат манежі), 1 шаңғы базасы, 135 атқыштар тирі, 16 теннис корты, 2 ипподром, 22 жүзу бассейні (50 метрлік – екеу, 25 метрлік – 20, 25 метрден аз – 7), 998 спорт зал, жазықтықты құрылғылар 3256 (6 спорттық ядролар, 2350 спорттық алаң, 900 алаң) және 45 жапсарлас спорттық залдар бар. Биылдың өзінде Түркістан облысының 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспарына сәйкес, облыс орталығында «Теннис орталығы», «Ескек есу каналы» пайдалануға берілді. Сондай-ақ, 2022-2024 жылдар аралығында «Ә.Нұрмаханов атындағы олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің спорт кешені», «Дарынды балаларға арналған облыстық спорттық мектеп-интернаты», «Жоғары шеберлік спорт мектебі», «Облыстық медициналық дене шынықтыру диспансері», «Түркістан қаласының олимпиадалық резерв мектебі», сондай-ақ «Ат спорты кешені» сияқты бірқатар қазіргі заманғы үлгідегі спорт нысандарын пайдалануға беру жоспарда бар. Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы мамандары спортшыларды ынталандырудың бірнеше жолы барын айтады. Спортшыларды ең бастысы жаттығу жасайтын орындарын, спорттық құрал-жабдықтармен, спорттық киімдермен қамтамасыз ету керек. Сонымен қатар облыс құрамасына еніп, әрі қарай ұлттық құрамаға енген спортшыларға спорттық нәтижесіне қарай облыс әкімдігінің қаулысына сәйкес жоғарғы жетістікке жеткен спортшыларға және жаттықтырушыларына ай сайынғы ақшалай стипендия төленеді. Спортшыларды ынталандыру жолында жаттықтырушының да алатын орны ерекше. Сондықтан жаттықтырушылар оқу-жаттығу және жарыс барысында спортшылармен бірге барып жеке жаттығу жұмыстарын жүргізуге көңіл бөледі. Басқарма басшылығының мәліметіне қарғанда, өткен жылмен биылғы жылдың 7 айдағы жетістігінің қорытындысы бойынша облыс спортшылары Әлем чемпионаттары мен Әлем кубоктерінде жалпы саны 53 медаль, оның ішінде 20 алтын, 22 күміс, 11 қола медаль иеленді. Азия чемпионаттарында жалпы саны 168 медаль, оның ішінде 101 алтын, 40 күміс, 27 қола медаль алса, Қазақстан Республикасы чемпионаттарында 707 медаль, оның ішінде 290 алтын, 190 күміс, 227 қола медаль жеңімпаздары мен жүлдегерлері болды. Түркістан өз алдына бөлек облыс болғалы төрт жылдықтың басты додасы – жазғы Олимпиада ойындарына бірінші рет қатысты. Өткен жылы Токио қаласындағы XXXII жазғы Олимпиада ойындарында Сәкен Бибосынов бокстан 52 келі салмақ дәрежесінде қола медаль жеңіп алып, Қазақстанның мерейін үстем етті. Жетістіктерін мақтанышпен айтуға болатын басқа да спортшылар көп. Спортшылардың еңбегі де лайықты бағалануда. Олимпиада, Әлем чемпионаттарының жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне заңға сәйкес қолдау көрсету мақсатында Токио Олимпиадасының қола жүлдегері, әлем чемпионы Сәкен Бибосыновқа мемлекеттік «Ел қорғаны» медалі және Түркістан қаласынан екі бөлмелі жаңа пәтердің кілті табыс етілді. 2000 жылы Сиднейде өткен Олимпиада ойындарының чемпионы Бекзат Саттарханов атындағы спорт кешенінің құрылысы бүгінде қарқынды жүріп жатыр. Жалпы алғанда, бокстан осындай жетістіктерден кейін бокспен шұғылданатын жастар қатары жылдан жылға артып отыр.

Жұмыстан бір мезет бойды сергітіп, спортпен шұғылдану әрбір тұрғын үшін өте маңызды. Осы тұрғыдан алғанда, мұғалімдер мен медицина қызметкерлері арасында спартакиада, жоғары, орта арнаулы оқу орындарының студенттері, құқық қорғау қызметкерлері арасында жарыстар тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Мысалы, Қарағанды қаласында төрт жылда бір рет өтетін БАҚ қызметкерлері арасындағы республикалық жарыста түркістандықтар жалпыкомандалық есепте бас жүлдені иеленді. Спорттың бес түрін қамтыған сайыста ақпарат құралдары өкілдері қазақ күресі мен футбол, волейбол және үстел теннисі, бильярд спортынан республика бойынша іріктелген құрамалар қатысып, шеберліктерін көрсетті. Аса тартысты өткен спартакиадада көш бастаған түркістандықтар қоржынында 3-алтын, 3-күміс, 1-қола медалді иеленді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы тағайындалған Кубоктар мен дипломдармен марапатталды. «Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай бұқаралық спортты дамытуға көңіл бөлінуде. Бұқаралық спортымыз дамымай, облыстың спортын әлемдік деңгейде көтеру мүмкін емес. Бірақ қазір де спортшыларымыздың бірқатары әлемдік деңгейде өнер көрсетіп, жүлделі орындардан көрінуде. Түркістан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының 2021-2025 жылдарға арналған стратегиялық дамуға арналған салалық бағдарламасында белгіленген бағыттары бойынша дамуда. Осы орайда, спорт саласындағы басым бағыттарының бірі қазақстандықтардың дені сау ұлт болып қалыптасуы үшін дамытылуы тиіс жайт – ол бұқаралық спортты дамытып, көпшіліктің айналысуына жағдай жасау. Бұқараның спортпен айналысуы үшін спорт ғимараттары қолжетімді болуы тиіс», дейді басқарма басшысы Қанат Жолдықараев. Өңірде футбол спортының дамуына бірқатар жұмыстар атқарылып, өз нәтижесін беріп келеді. Биыл бір облыс атынан екі футбол командасы – «Тұран» және «Мақтааралдың» Премьер-лигада өнер көрсетуі соның дәлелі. Сонымен қатар, облыста қыздар футболына көңіл бөлініп, «Тұран-Томирис» футбол клубы құрылды. «Тұран-Томирис» 2021 жылдың турнирлік кестесі бойынша 2 орынды иемденіп, қыздар арасындағы UEFA чемпиондар лигасына жолдама алды. Осы жетістіктер қорыта айтқанда облыста футболдың қарқынды дамып келе жатқанын көрсетеді. Басқарма басшылығы алдағы уақытта Түркістан футболының дамуы бойынша біршама жұмыстарды қолға алуды жоспарлап отыр. Мысалы, Түркістандағы Октябрь Жарылқапов атындағы ойын алаңы күрделі жөндеуден өтеді.

Мемлекеттің мәртебесін, ұлттың намысын айқындайтын, халықтың жанкүйерлік рухын көтеретін спортты дамытуға Түркістанда айрықша көңіл бөлінуде. Жалпы спорт саласы елімізде кең қолдауға ие. Саланың дамуына, бұқаралық спорт қозғалысын арттыруға, спорттағы жетістіктерді ынталандыруға бағытталған көптеген шаралар ұйымдастырылуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында бұқаралық спортты дамытуға тапсырма бергені мәлім. Ал бұқаралық спорттың жағдайы мен дамуы қажетті спорттық инфрақұрылымның болуына байланысты екені белгілі. Осы орайда Түркістан қаласында заманауи үлгідегі спорт нысандары салынып жатыр. Олардың құрылысы қала әкімі Нұрбол Тұрашбековтің тікелей бақылауында. Бұқаралық спорт пен жоғары жетістіктер спортын дамыту бағытында облыс басшысының бастамасымен бірнеше жаңа спорт орталықтары бой көтерген. Түркістанда салынып жатқан барлық ғимараттар қаланың көркі ғана емес, тарихи келбеті мен болмысын сақтай отырып, заманауи архитектураның озық жетістіктерін пайдалануда. Ғалымдар мен кәсіби мамандардың пікірі ескеріліп, тарихи келбетін жоғалтпауға басымдық берілуде. Түркістан тарихында тұңғыш рет қысқы спортпен кәсіби түрде айналысуға мүмкіндік жасалады. Яғни Түркістанда «Мұз сарайының» құрылысы жүріп жатыр. Әлемдік стандарттарға сай мұз айдыны 1200 адамға есептелген. Жаңа нысанның жалпы жер аумағы 2 гектарға жуық. Ғимарат құрылысының көлемі – 4160,9 шаршы метр. Нысанның құрылысы келер жылдың көктемінде аяқталады деп жоспарланған. Бұл ғимаратта қысқы спорт түрлері дамытылып, үйірмелер ашылады. Жақын уақытта мұз айдынына керекті құрал-жабдықтар сатып алынады. Түркістан қаласында сондай-ақ «Теннис орталығы», Олимпиадалық резерв мектебінің әкімшілік ғимараты мен жатақханасы, Б.Саттарханов спорт кешені, «Ат спорты кешені» секілді жаңа спорт нысандары ашылады. 35 гектар жерде орналасқан ат спорты кешенінде поло-клуб, манеж, стендтік атысқа арналған алаңқай, садақ атуға арналған алаң, канал арқылы өтетін көпір мен атпен серуендеу аймағы болады. 20 гектар жерде орналасқан «TURAN» футбол академиясының құрылысы да қарқынды. Мұнда спортшыларға Еуропаның үздік клубтарындағыдай жағдай жасалмақ. Жаңа кешенде үлкен және шағын 10 футбол алаңы болады. Сондай-ақ нысанда допинг-бақылау кабинеттері, 300 орынды қонақүй, спортшыларға арналған монша, 3 мейрамхана, мәжіліс залдары бар. Сауықтыру орнында медициналық, массаж кабинеттері мен жеке блоктар бар. Елімізде теңдесі жоқ ескек есу каналына да су келді. Облыс орталығындағы спорт кешенінің құрылысы халықаралық талаптарға сай жүргізілуде. Жалпы ауданы 100 гектарға жуық алаңда орналасқан су спорты кешенінде ұзындығы 2,5 шақырымға созылатын су арнасы салынды. Әмбебап оқу жаттығу базасында жоғары деңгейдегі жарыстар өткізілмек. Құрылыстың екінші кезеңінде мұнда олимпиадалық стандартқа сай орталықта қонақүйлер, бассейн, эллинг, каноэге арналған пирстер, көрермендерге арналған жай, көпірлер салынады. Спорт кешенінде сапбординг, су шаңғысы, флайбординг, вейксерфинг, канополо, драгонбот және жағажай ойындар футболы, волейбол, гандбол, регби секілді су және жағажай спортының танымал түрлерінен сайыстар өтеді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл балалар жылына орай елімізде балаларға тегін үйірмелер ашу жөнінде тапсырма берген болатын. Бұл бағытта өңірде жақсы жобалар қолға алынғанымен, тиісті қарқын ала алмады. Басты мәселе – бөлінген қаражаттың аздығы мен тиімді игермеу. Осыған байланысты осы жобаны жүзеге асыруға кіріскен кәсіпкерлердің жұмысы тоқтап қалған. Өңірде спорт үйірмелеріне 4835 баланы қамту үшін 700 миллион теңге мөлшерінде қаражат көзделген. Алайда аrtsport.edu.kz ақпараттық жүйесінде тіркелген балалардың саны 26386 жеткен. Тегін үйірмеге қатысуға өтініш білдіргендер саны шектен тыс көбейіп кетсе де, ақпараттық портал арқылы балаларды тіркей берген. Нәтижесінде екі айда бөлінген қаржы бітіп қалған. Содан соң басқарма кәсіпкерлерге ақша төлемейтіндігі жөнінде ескерту хат жіберіпті. Мәдениет басқармасы 2022 жылға 484 млн теңге қаржы жоспарлаған. Жыл басында 145 шығармашылық үйірме ашылып, 7487 бала қамтылған. Басқарма өкілдері мәселе асығыстықтан туған дейді. аrtsport.edu.kz порталында да шикілік болғанын айтады. Нәтижесінде келіп түскен өтініштерді тоқтата алмай шектен тыс еселеп артып кеткен деп отыр. «Атамекен» палатасының өкілдері бұл істі соңына дейін жеткіземіз деп белсеніп отыр. Себебі еліміз бойынша Түркістан облысынан өзге аймақтардың барлығы бұл мәселені сотқа жеткізбей шешкен. Қазір бұл жұмыстар прокуратураның бақылауында. Олар облыс әкімдігі тиісті қаражатты бөліп, кәсіпкерлердің зардап шекпеуі үшін барлық мүмкіндікті қарастыру керек деп отыр. Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент қосымша спорттық және шығармашылық білім беру ісіне мемлекет тапсырысы бойынша қаржы бөлінетінін айтты. «Бұл қадам үйірмелер мен секцияларға қатысатын балалардың санын 70 пайызға дейін арттырды. Мұны стратегиялық тұрғыдан дұрыс шешім болды деп санаймын. Дегенмен, жоба іске қосылған жылы бірқатар олқылықтарға жол берілді. Яғни, қаржы мәселесіне және тиісті порталдың («Артспорт») жұмысына қатысты қателіктер болды. Қаржыны артық жұмсау, алаяқтық, ашықтан-ашық жымқыру басталды. Ата-аналар балаларын бірден бірнеше үйірмеге беретін болды. Өкінішке қарай, мұндай теріс пиғыл басқа балалардың жолын кесіп отыр. Кемшіліктің бәрін түзетіп, осы игі бастаманы жалғастыру қажет. Әкімдіктер және мәслихаттар қосымша білімге бөлінетін бюджет қаражаты жетпей қалуы мүмкін деп алаңдап отыр. Білімге салынған қаражат – мемлекет үшін ең басты инвестиция болуы керек», – деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осы орайда Түркістан қаласында спортты дамыту мақсатында 5 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі, 1 балалар мен жасөспірімдер спорт клубы, 1 футбол клубы хылыққа қызмет көрсетіп жатқанын айта кетелік. Аталған спорт мекемелерінде спорттың 14 түрі дамытылып, онда 3248 адам спортпен тұрақты түрде шұғылдануда. Мысалы, «Түркістан қалалық №1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі» КММ-де 508 бала спортпен шұғылданады, ал оларды 16 жаттықтырушы волейбол, бокс, таеквондо, тоғызқұмалақ, үстел теннисі, асық ату спорт түрлерінен баптауда. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұқаралық спортты дамыту жөніндегі тапсырмасы аясында өңір өткен жылғы мамыр айынан бастап, жан басына шаққанда мемлекеттік спорттық тапсырыс жобасы жүргізілуде. Бүгінгі күні аталған жоба аясында Түркістан қаласында 16 кәсіпкер тіркеліп, спорттың 12 түрінен 4453 бала жүйелі түрде шұғылдануда. Сондай-ақ соңғы жылдары Түркістан қаласында «Ақжайық» саз мектебі мен «Оқушылар сарайы» ғимараттары пайдалануға берілді. «Ақжайық» саз мектебінде тәрбиелік мазмұнда түрлі байқаулар, жарыстар, музыкалық қойылымдар, фестивальдер өткізілуде. Ал өткен жылы ашылған «Оқушылар сарайында» түрлі бағыттағы көптеген үйірмелер жұмыс істейді. Негізгі басымдық дрондар мен робототехникаға, балалар шығармашылығын дамыту жұмыстарына берілген. Оқушылар сарайында бүгінде түрлі үйірмелер нәтижелі жұмыс істеп тұр. Жылдан астам уақыт ішінде мүмкіндігінше балалардың қызығушылығын арттыруға әрекет жасалуда. Әуелде 60-қа жуық үйірме ашу жоспары бекітілген оқушылар сарайында балалар мен мамандардың сұранысына орай 40 шақты үйірме жұмыс істейді. Олар өнер, шығармашылық, ғылым, тіл, спорт және IT секілді 6 бағытта қызмет көрсетеді. Оқушылар сарайына аудандардан да келіп, үйірмеге қатысатын балалар баршылық. Дәл қазір үйірмелерге мыңнан аса бүлдіршін келеді. Олардың көпшілігі гимнастика, жекпе-жек, таеквондо сияқты спорттық бағыттарға, одан кейін домбыра, вокал және робототехника, суретші-аниматор үйірмелеріне жазылған. Ғылымға қызығатын балалар да аз емес. Әр пән бойынша қосымша сабақ алуға да жағдай жасалған. Атап өтерлігі, үйірмелер тегін. Оқушылар сарайы қызметінің негізгі бағыттарының бірі – техникалық бағыт. Бұл орайда «IT & SANA» бөлімінде «Роботехника LEGO», «Логика дамыту», «Суретші-аниматор», «Мобилография» сынды үйірмелер жұмыс істеп тұр. Осыған лайық кабинеттерге соңғы үлгідегі құрал-жабдықтар қойылған. Баланың робот, дрон құрастыруына, жалпы, алаңсыз ғылыми ізденіспен айналысуларына барлық жағдай жасалынған. Ашылғанына көп бола қоймаса да, бұл үйірмелер ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерге жетіп үлгерді. «Суретші-аниматор» үйірмесіне қатысушылар жасаған анимациялық жұмыс Түркістанда өткен халықаралық «ÁMEN» анимациялық фильмдер фестивалінде «Креативті көзқарас» номинациясымен марапатталды. Сондай-ақ оқушылар сарайы мен Қазақ Ұлттық университеті арасында түзілген меморандумға орай БҰҰ-ның ЮНИСЕФ балалар қоры қыздар арасында білім беру жобасын өткізбек. Онда «UniSat» наноспутниктерін әзірлеу бойынша өтетін білім беру жобасына 14-25 жас аралығындағы қыздар қатысқан. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы жылды «Балалар жылы» деп жариялай отырып, «Бұл жылды тек ұрандап немесе мереке түрінде атап өту ғана емес, ең алдымен билік тарапынан денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қамсыздандыру саласында балаларды қорғау мақсатында нақты іс-шаралар жасалуы керек» деген болатын. Яғни балалармен тікелей жұмыс істейтін Оқушылар сарайына да үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр. Биылдың аясында жоспарланған жұмыстар жүргізілуде. Мысалы, «14 ақпан – халықаралық кітап сыйлау күніне» балалар арасында кітапқа деген қызығушылықты арттыруға және оның құнды сыйлық бола алатынын түсіндіру мақсатында «Кітап сыйла» акциясы өткізілді. Оқушылар сарайында ашылған кітапханаға кез келген оқушы, ата-ана бос уақытында келіп, кітап оқып кете алады. Кітапхана қоры «Кітап сыйла» акциясының аясында мыңға жуық отандық және шетелдік авторлардың шығармаларымен толықты. Дәстүрлі «Jas Talant» байқауы өткізіліп, әсіресе мектеп бітіруші түлектер үшін тамаша мүмкіндік беру жоспарланған. Өткен жылы бір жоғары оқу орны грант бөлсе, биыл төрт университет бірлесе жұмыс істеуге келісіп отыр. Оқушылар сарайы балаларды ресми түрде 2021 жылдың 1 ақпанынан бастап қабылдады. Бір жылдан астам уақыт ішінде бағындырған белестері аз емес. Оқушылар республикалық, халықаралық додаларда бой көрсетіп жүр. Мысалы, «Сурет» үйірмесінің оқушылары Бақыт Толғанай, Еркебұлан Бердалиев Астана қаласында өткен ХІV Халықаралық «ALASH STAR» байқауынан бас жүлдені иеленіп келді. «Киім моделін жобалау» үйірмесінің қатысушылары Қайрат Тұрар мен Жұмабек Нұргелді секілді жас дизайнерлер да түрлі байқауларда ерекше көзге түсіп жүр. «Вокал» үйірмесіндегі Асқар Курешов Алматыда өткен халықаралық байқауда бас жүлдені жеңіп алды. «Дәстүрлі ән» үйірмесінің қыздары да халық әндерін тамылжыта орындағанда көпті тәнті етуде.

Жалпы облыс орталығы – Түркістан қаласында спорт саласы күннен-күнге қарқынды түрде дамып келеді. Өткен жылы спорттағы сан саланы қамтып, дамыту үшін шаһарда жаңадан «Яссы футбол клубы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі мен «Түркістан қалалық балалар мен жасөспірімдер спорт клубы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі құрылған болатын. «Яссы футбол клубында» ересек футболшылар кәсіби түрде дайындық жасаса, «Түркістан қаласы балалар мен жасөспірімдер спорт клубында» негізінен, бұқаралық спорт түрлеріне мән беріледі. Атап айтқанда, аталған клубта спорттың футбол, баскетбол, «Street bаll», үлкен теннис, Street Workout сынды түрлері бойынша 10 жаттықтырушы жұмыс істейді. Түркістан қалалық спортты дамыту бөлімінің 2021-2025 жылдарға арналған Даму бағдарламасы аясындағы мәліметке сәйкес, өткен жылы халықты спорт инфрақұрылымымен қамту, яғни, спорт залдармен және жүзу бассейндері сынды орындармен қамту (1000 адамға шаққанда) жоспардағы 55 пайыздан 8 көрсеткішке артық орындалып, жұмыстарды орындау деңгейі 63,1 пайызға жеткен. Дене шынықтыру және спортпен шұғылданатын азаматтарды қамту аясындағы жұмыстарда да оң өзгеріс байқалады. Балалар мен жеткіншектердің саладағы үлес салмағы мол. 6-18 жас аралығындағы спортпен айналысатын түркістандықтардың саны 7 мыңнан асқан. Түркістан шаһарындағы бұқаралық спортты дамыту, қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу, салауатты өмір салтын насихаттау, мақсатында бөлім тарапынан жарыстар ұйымдастырылып жұмыстар атқарылуда. Бұл ретте, қалалық Адами капиталды дамыту бөлімімен бірлескен жұмыстар істелініп жатыр. Атап айтқанда, мектеп оқушылары, мұғалімдер арасындағы спартакиадалар, жоғары, орта-арнаулы оқу орындарының студенттері, оқытушылары арасында спартакиадалар, құқық қорғау қызметкерлері арасында жарыстар, ҚР атаулы мерекелері қарсаңында дәстүрлі түрде спорттық жарыстар ұйымдастырылып өткізілуде.

Айта кетелік, Түркістан қаласында секторлар арасында 9 спорт түрінен ересектер арасындағы қысқы қала біріншілігі өтуде. «Балуан Шолақ» атындағы спорт кешенінде өтіп жатқан шарада 8 команда бақ сынасуда. Қатысушылар шахмат, тоғызқұмалақ, волейбол, баскетбол, футбол, үстел теннисі, гір тасын көтеру, қол күрес пен асық атудан жүлделі орындарды сарапқа салмақ. Тұрғындар арасындағы спортты дамыту мақсатында ұйымдастырылған бәйгенің ашылуында «Amanat» партиясы Түркістан қалалық филиалының атқарушы хатшысы, қалалық маслихат депутаты Ғаппар Амантайұлы және Түркістан қаласы әкімдігінің «Мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің» басшысы Сәкен Абжаппар спортшыларға сәттілік тіледі.

Дереккөз: rgmedia.kz