Түркістанда облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының ұйымдастыруымен 2022 жылдың үздіктерін марапаттау салтанаты өтті. Спорт майталмандары бас қосқан шарада үздік спортшылар мен жаттықтырушылар, үздік спорт мектебі аталымдары бойынша кіл мықтыларға құрмет көрсетілді.
Өңіріміздегі жалынды спорт саңлақтарының еселі еңбегін атап өткен спорт басқармасының басшысы Қанат Жолдықараев сайыпқырандарға алғыс білдірді. Ел мерейін үстем еткен спортшыларға құрмет көрсетіліп, шараның негізгі бөлігінде марапаттау рәсіміне кезек берілді.
«Өткен жылға қарағанда биылғы көрсеткіштерміз айтарлықтай жоғары. Мұның барлығы мекеме басшылары мен жаттықтырушылардың, спортшылардың ерік-жігерінің нәтижесі. Барлығыңызға үлкен алғыс білдіремін», деді Қанат Жарылқапұлы.
Сонымен қорытынды бойынша бокстан Азия чемпионатының күміс жүлдегері Сәкен Бибосынов, дзюдодан Азияның қола жүлдегері Дидар Хамза, қазақ күресінен әлем чемпионатының қола жүлдегері Айдарбек Тоқтарбек бастаған өңіріміздің мақтаныштары жылдың үздік спортшысы атанды. Жылдың үздік балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі номинациясына Келес аудандық №1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі лайықты деп танылды.
Сондай-ақ «Түркістан облысының №2 олимпиада резервінің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебі» КММ жылдың үздік облыстық спорт мекемесі атанды. Отырар аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімі үздік бөлім атағын иеленіп, ұжым мерейі үстем болды.
Жалпы оңтүстік өңірдің спортшылары жыл ішінде спорттың 59 түрі бойынша ҚР чемпионаттары мен кубоктарына қатысып 360 алтын, 242 күміс, 280 қола медальға қол жеткізсе, жыл басынан бері өткен Азия чемпионаттары мен кубоктарында 120 алтын, 48 күміс және 34 қола медаль иеленді. Осы уақыт аралығында Әлем чемпионаттары мен кубоктарында облыс спортшылары 56 алтын, 37 күміс және 25 қола медальға ие болды. Сондай-ақ «Сауран» спорт клубының параспортшылары 28 алтын, 23 күміс, 30 қола медальмен жылды қорытындылады.