ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Бәйдібек ауданы Боралдай ауылына қарасты О. Тайманов ауылының тұрғыны Шәрипа Әбіш 4 жылдан бері қоян өсіріп, көл-көсір пайдаға кенеліп келеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бүгінде оның ауласында 40-қа жуық қоян бар. Кейуана күнделікті таңертең тұра салысымен қораға қарай қадам басып, олардың ас-суын әзірлеп, жем-шөбін береді. Тұрақтарын тазалайды. Шаруашылықтың жұмысымен жүріп, күннің қалай өткенін де ұмытып кетеді.
«Өткен жылы қояндарымның саны 100-ден асып кетті. Аулаға сыймай қалды. Содан алғашқыда Астана, Алматыдағы таныстарға тегін таратып бердім. Кейіннен бір келісін 3 000 теңгеден сатуға қойдым. Көпшілік таласып-тармасып алып кетті», — дейді Шәрипа Әбдіжаппарқызы.
Қоян жылы қарсаңында сатып алғысы келіп хабарласқан клиенттері көбейіпті. Жерлестерінен бөлек, алыс-жақын қалалардан хабарласып, телефонына тыныштық бермей жатқанын айтады. Дегенмен, Шәрипа Әбдіжаппарқызы олардың барлығына «сатылатын қоян жоқ» деп жауап беріп отыр.
«Қазір қояндарды сатуға шығарып жатқан жоқпын. Қайта қолдағы 40 қоянымды көбейтуді көздеп отырмын. Қаңтар айының 5-іне қарай біразы көжектеуі қажет. Сол сәтті асыға күтіп жүрмін. Қояндар бір туғанда 4-5, тіпті 8-ге дейін көжекті өмірге алып келеді. Оларға арнайы тор жасап, күтім көрсетемін», — дейді шаруа.
Қазір Шарипа Әбіштің ауласында қоянның «колифорния», «француз қойы» секілді түрлері бар. Сондай-ақ, өзі қолдан будандастырып шығарған «микс» атты түрі де өсіп келеді. Бір қоянның салмағы 6-8 келіге дейін жетеді. Шаруа оларға тек сапалы өнім беріп, семіртеді.
«Торда отырғандарын көріп, кейде жаным ашып кетеді. Содан тамақты көп беріп қоямын. Көбінесе жоңышқа және жүгері, сұлы, арпа араласқан жем жейді», — дейді ол.
Жалпы, Шәрипа Әбіштің қорасында қояннан бөлек, 40 орыс ешкісі мен 60-қа жуық тауық бар. Ақ жаулықты ана олардың баршасына бір өзі қарайды. Таңертең ас-суын берген соң, қораларды тазартады. Ешкілердің сүтін сауып, тауықтардың жұмыртқасын теріп алады. Зейнеткердің үйінен шыққан өнімге сұраныс та жоғары. Тіпті, алдын ала хабарасып, тапсырыс беріп қоятын тұрақты тұтынушылары да бар.
«Қояндар мен ешкілер өте таза келеді. Тамақты да таңдап жейді. Өте момын. Ешкінің сүті, қоянның еті – ем. Сондықтан, сатып алушылар көп», — дейді шаруа.
Шарипа Әбдіжаппарқызы әлеуметтік желілердегі чаттарға қосылып алған. Олардан қоянды қалай баптау керек, көбейту жолдары, ешкілерді өсіру, тауықтан мол жұмыртқа алу секілді түрлі кеңестерді оқып отырады. Сондай-ақ, сол чаттар арқылы қажетті дәрумендер мен дәрі-дәрмегін, жем-шөбін сатып алады. Өзге де шаруалармен тәжірибе алмасып, пікірілеседі.
«Өзімнің сүйікті ісім болғандықтан шаршамаймын. Қайта демаламын. Бүгінге дейін мемлекеттік қызметте және жеке фирмаларда еңбек еттім. Жаңатаста, Шымкентте тұрдық. Тіпті, отбасылық жағдаймен Омбымен шекаралас аймақта да екі-үш жылдай өмір сүрдік. Кейіннен туған жерге оралып, кәсіп бастауды құп көрдім. Содан осы шаруашылықты қолға алдым. Алғашқыда жылқы, сиыр, қой өсірдік. Дегенмен, бізге ең тиімдісі қоян, ешкі мен тауық өсіру болды. Қазір Аллаға шүкір, өз кәсібімізден несібімезді алып отырмыз», — дейді шаруа.