Рамиля Гулиева 13 жылдан бері Ақшатоған ауылында фельдшер болып еңбек етеді, деп хабарлайды «Хабар 24».
Тәжірибелі маман жергілікті тұрғындарға тозығы жеткен мекемеде қызмет көрсетуге мәжбүр.
Рамиля Гулиева, фельдшер:
-Ғимаратымыз кішкентай. Небәрі үш бөлме. Күніне 20-25 адам келетін кездер болады. Сол кезде орын жетпей қалады. Пеш жағамыз, ауланы сыпырып, еденді де жуамыз. Қысқаша айтқанда жұмыстың барлығын өзіміз істейміз.
Бұл ауылда 750-ден аса адам тұрады. Енді олар емделу үшін аудан орталығына сабылмайды. Елдімекенде жаңа аурухана салынып жатыр. Тұрғындар құрылыс жұмыстарының аяқталуын тағатсыздана тосып жүр.
Жуық арада Жамбыл ауылында да жаңа фельдшерлік акушерлік пункт салынып бітеді. Сол кезде науқастар 70 жыл бұрын тұрғызылған үйде емес арнайы жабдықталған мекемеге келіп емделеді.
Меруерт Әмірбекова, Жамбыл ауылының тұрғыны:
-Медпунктіміз тар болатын. Қазіргі мед пунктіміз Құдай бұйырса міне Алланың қалауымен кеңейіп, кабинеттері көбейіп соған қуанышты болып жатырмыз.
Нұрболат Ахметов, Жамбыл ауылының тұрғыны:
-Балаларымыз жаңа мектепте оқып, көшедегі жарқырап тұрған көшемізді көріп және мына халыққа арнайы салынған медпункіттің жағдайы міне өте жақсы. Өзгерістер көп. Жаңа Қазақстанымыз әруақытта жақсылықпен қуанышпен өркендеп өсе берсін.
Көксу ауданында кадр тапшылығы да рет ретімен өз шешімін тауып келеді. Соңғы бес айдың ішінде 11 дәрігер жұмысқа алынған. Алайда әлі де бірнеше маман қажет.
Жаннұр Сырымов, аудандық аурухананың бас дәрігері:
-Дәрігер тапшылығы бар бүгінгі күнге. Травмотолог, онколог, педиатор, неонотологымыз бар. Жалпы тәжірбиедегі дәрігеріміз акушер гениколог дәрігерлеріміз басқа да дәрігерлер бүгінгі күнге тапшы.
Екі жылдың ішінде Көксу ауданында он екі емдеу мекемесі салынады. Олар шалғай ауылдарда бой көтереді. Соның үшеуі жыл соңына дейін ел игілігіне беріліп, ондағы медициналық қызмет сапасы жақсарады.