Баланың есен-саулығы – ерен бақыт (видео)

Балалар ауруханасының тарихы 1985 жылдың мамыр айынан, Түркістан қаласы 1 мөлтек ауданда 115 төсек- орындық, 0-15 жас аралығындағы науқас балаларға арналған ауруханадан бастау алады.

Аурухана ашылған күннен бастап, 1985-1998 жылдар аралығында Ө.Елгелдиев; 1998-2006 жылдар аралығында С.Насырова; 2006-2007 жылдары К.Көптлеуова; 2007-2011 жылдар аралығында Ш.Серикбаевалар бас дәрігерлік қызметті атқарған. 2011 жылдан бүгінгі таңға дейін каладағы педиатриялық қызметті ұйымдастырушы, жоғары санатты қоғамдық денсаулық сақтау ұйымдастырушы және педиатр-дәрігер, медицина ісінің үздігі, қаланың ең кішкентай тұрғындарына, олардың денсаулығына өз өмірін арнаған С.Насырова бас дәрігерлік қызметін атқарып келеді.

Балалар ауруханасының барлық басшыларының ұйымдастырушылық қабілеттерінің арқасында, аурухана – қаладағы педиатриялық қызмет көрсететін үйлестіру орталығы болып табылады. Ауруханада Түркістан қаласының балаларына ғана емес, сонымен қатар жақын маңайдағы Кентау қаласы, Отырар, Созақ, Байдібек аудандарының және Қызылорда облысы Жаңақорған ауданнының науқас балаларына стационарлық мамандандырылған көмек көрсетеді.

1989 жылы ауруханада 6 керуеттік реанимация және қарқынды емдеу бөлімінің ашылуы, Ж.Алмахановтың қызметі белсенділігінің нәтижесі болып табылады.

Балдырғандардың денсаулықтарына қамқоршы болумен қатар, балалар ауруханасының басты бағыттарының бірі – жас мамандармен жұмыс жүргізу болып есептелінеді. Аурухана Түркістан медицина колледжінің, көпсалалы медицина колледжінің және Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік Университетінің базасы болып табылады. Дәрігерлер мен орта буын медицина қызметкерлерінің кәсіби деңгейін арттыруға көп көңіл бөлінеді.

Аурухана қызметкерлері қаланың қоғамдық өміріне белсене атсалысады. Төсек-орын қоры ұлғаюымен бірге балаларға мамандандырылған көмек көрсету де дамуда. 2015 жылдың 1 наурызынан Түркістан қалалық балалар ауруханасы Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 2008 жылғы Халқына Жолдауындағы «100 мектеп және 100 аурухана» бағдарламасы бойынша салынған жаңа ғимаратқа көшірілді. 2015 жылдың 1 наурызынан төсек-орын қоры 115 төсек-орыннан 175 төсек-орынға, ал 1 шілдесінен бүгінгі таңға дейін тәуліктік 214 төсек-орынға дейін,күндізгі 40 төсек-орынға көбейтіліп, жаңа бейінді бөлімдер ашылып, көп салалы мамандандырылған ауруханаға айналды. 2019ж қараша айынан бастап аурухананың бас дәрігері болып Егізбаев Абдүшүкір Қазыбайұлы қызмет атқаруда.