Алматыда «Тағзым» мемориалы ашылды

Қаңтар қасіреті мен сол кезде өмірі қиылған азаматтар жадымызда мәңгі сақталады. Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыда «Тағзым» мемориалының ашылуында осылай деді, деп хабарлайды «Qazaqstan» телеарнасы.

Ескерткіш қаңтар оқиғасының құрбандарына арналған. Президент қасіретті күндер бәріміз үшін үлкен сабақ болғанын айтты. Елдің амандығы мен жеріміздің тұтастығын қорғау перзенттік парызымыз екенін еске салды.

Шерхан Жамбылұлы, тілші:
Қаракөз егіліп, қанат сөгіле жаздаған қаралы қаңтардан бері бір жылға жуық уақыт өтті. Сол елең-алаң шақта Алматыдағы дәл осы орталық алаң жұртты дүр сілкіндірген дүрбелеңнің ошағына айналған еді. Ресми дерек бойынша, бұл оқиға кезінде 200-ден астам адам көз жұмды. Біреу арқа сүйер азаматынан, біреу бауыр еті баласынан айырылып, көптеген отбасы қара жамылды. Ел тарихындағы сын сәті — халық жадында. Енді сол оқиғаға байланысты қаланың дәл ортасынан «Тағзым» мемориалы бой көтерді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:
Қираған дүниені қалпына келтіруге болады. Бірақ, үзілген өмір қайта жалғанбайды.Мұндай оқиға ешқашан қайталанбауы үшін біз қолдан келгеннің бәрін жаап отырмыз. Еліміздің амандығын, жеріміздің бүтіндігін қорғау – бәріміздің перзенттік парызымыз. Тұрақтылық пен татулық болса ғана, осы міндетті ойдағыдай орындай аламыз.

Шерхан Жамбылұлы, тілші:
Кешеннің мағынасы терең, мән-маңызы зор. Үш бөліктен тұрады. Сұр тұғырлар қазақ елінің сан ғасырлық қилы кезеңін бейнелейді. Қара тастар қаңтар қайғысының көрінісі. Ал ақ дегеніміз халқымыздың жарқын болашаққа деген үкілі үміті. Ақын-жазушылар мен ғұламалардың елдік пен ерлік жайлы сөздері қашалып жазылған.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:
Сөз жоқ, қаңтар қасіреті халқымыздың жүрегіне өшпес жара салды. Бұл күндер ел тарихындағы үлкен сынақ ретінде халқымыздың жадында сақталады. Мен сол үшін арнайы ескерткіш орнатуды тапсырдым.Біз бұл кешенді қаңтарда қаза болған отандастарымыздың рухына тағзым ретінде тұрғыздық. Сондай-ақ, оны кейінгі ұрпаққа тағылым болсын деп орнаттық. Мен осы мемориалдың бой көтеруіне атсалысқан сәулетшілерге ризашылық білдіремін.

Шерхан Жамбылұлы, тілші:
Ынтымақ пен бірлік болмаса, басқа жетістіктің бәрі бекер. «Жау жоқ деме, жар астында» деген сөздің мәнін де жете түсіндік деді мемлекет басшысы. Сұрлы әрі қара кезең артта. Алдымыз ақ жол деген үміт басым. Бостандыққа апаратын жалғыз жол – ұлттық ынтымақ қана.

x

Check Also

«Көмекке жиналған 1,5 млрд теңгені жымқырған»: волонтер Перизат Қайрат ұсталды

ҚМА еріктілер қозғалысының белсендісі және қоғамдық қайырымдылық қорының құрылтайшысы Перизат Қайратқа қатысты тергеу жүргізілуде. Ол көктемгі су тасқынынан зардап шеккен ...

Қазақстан «Серпін» бағдарламасын іске асыру жұмысын күшейтуге ниетті

ҚР Премьер-министрінің орынбасары Тамара Дүйсенованың төрағалығымен өткен кеңесте «Серпін» бағдарламасының іске асырылу барысы қаралды. Әлеуметтік жобаның мақсаты еліміздің оңтүстік өңірлерінен ...