Қазақ шипагерлігі, халық емшілігі дегенде көз алдыңызға бақсы-балгер келеді. Себебі, қазақ медицинасы ғасырлар бойы дамып келсе де, кейін орыс және батыс медицинасының араласуымен дамуы мүлде кенжелеп қалды. Жай ғана ескінің сарқыншағы іспетті түсінікте дамыды. Алайда, қазақ шипагерлігі өз елінде медицина саласы ретінде дамымаса да, Қытай жеріндегі қандас бауырларымыздың ұйытқы болуымен дамып, ғылыми түрде медицинаның бір саласы ретінде қалыптасқан. «Ақиқат» журналының өткен санында жарыққа шыққан келелі кеңес Қазақстанға жолы түскен қазақ дәрігерлерінің қатысуымен өткен еді. Кеңеске Шыңжаң медицина университетінің профессоры, медицина ғылымының докторы, Шыңжаң қазақ шипагерлік дәрі зерттеу орталығының жетекшісі Әсия Бейсенбайқызы, Шыңжаң медицина университетінің жанындағы бірінші емханасының профессоры, медицина ғылымының докторы, сүйек маманы Жасарат Жәлелұлы, Шыңжаң қазақ шипагерлік дәрі зерттеу орталығының қызметкері, фармоколог маман Ұмұхан Нұрхабекқызы, Шыңжаң қазақ шипагерлік дәрі зерттеу орталығының қызметкері, Пекин Юнион Университетінің PhD докторы Болат Мақабылұлы қатысты. Ендеше, сонда айтылған қазақтың ұлттық шипагерлігі туралы ойларын назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік. – Қытайдағы қазақ медицинасы қалай дамуда? Қазақстанда дамуы кенжелеп қалған қазақ шипагерлігінің бүгінгі таңда қандай мәселелері бар?
Әсия Бейсенбайқызы:
– Қазақ еліне келіп өзіміздің қазақ медицинасы туралы сөз қозғап отырғанымызға өте қуаныштымыз. Ал, қазақ медицинасына келер болсақ, қазақ шипагерлігінің тарихы өте тереңде жатыр. Біз шартты түрде қазақ медицинасы тарихын 1738 жылы жарық көрген Өтеубойдақтың «Шипагерлік баяны» деген кітабымен байланыстырамыз. Ал түптеп келгенде, бұдан бұрын да қазақта халық емшілері болған. Олар шөп дәрілермен түрлі ауруларды емдеп, емдеу тәсілдерін жасаған. Алайда, аралықта біраз жыл үзіліс болып, енді қазақ емшілігі қайтадан қолға алынып келеді. Біраз уақыттан бері Қытай елінде халық емшілігін – қазақ шипагерлігін ғылыми тұрғыда зерттеп, зерделеп дамытудамыз. Ал, биылдан бастап біз мұны халық емшілігі демей, қазақ медицинасы деп таныдық. Өйткені, қазақ шипагерлігі жүйеленіп, медицина ғылымның бір саласы болып қалыптасты. Неге десеңіз, бізде қазақ емханалары ашылып, жұмыс істей бастады. Қазақ өз тәсілдерімен, өзіндік дәрілік шөптерімен емдейтін екінші дәрежелі емхана бар. Сонымен қатар, басқа да емханаларда қазақ медицинасымен емдейтін бөлімшелер құрылды. Бұдан басқа біздің көптеген емдейтін халық емшілеріміз жеткілікті. Және бірнеше зерттеу орталықтары құрылды. Мысалы, Алтайда, Іле, Құлжада Қазақ дәрігерлігі зерттеу орталықтары 2007-2008 жылдан бастап жұмыс істеуде. Ал, біздің үкімет Шыңжан Қазақ шипагерлік дәрі зерттеу орталығын 2010 жылдың қараша айында ашуға қолдау білдіріп, бекітті. Сөйтіп, ол 2011 жылы ресми түрде ашылды. Біздің Шыңжаң Қазақ шипагерлік дәрі зерттеу орталығының басқалардан айырмашылығы, нақты тәжірибелер жүргізе аламыз, дәрілік шөптердің құрамын тексеріп, қарапайым емшілер жасайтын дәрілерді мемлекет деңгейіне көтеруге ықпал етеміз. Біздің мақсатымыз орталықтағы зерттеулердің мемлекет өлшемін жеткізіп, қандай емхана болмасын қазақ дәрілерінің пайдаға асатын, дауа бола алатын дәрежеге көтеру. Мүмкін, Қазақстанға да біздің дәрілер келуі де мүмкін. Реті келгенде айтып өтейін, тағы бір мақсатымыз, мамандарды оқыту. 2010 жылы ең алғаш орта техникум іспетті бөлімшеге 100 білімгер қабылданып, қазақ шипагерлігінің орта техникумы құрылды. Ал, бір жылдан кейін Шыңжаң медицина университетінде қазақ шипагерлігі бойынша толық курс білім беретін жаңа бөлімі ашылды. Содан бері жылына бір топ қазақ медицинасы бойынша жастар қабылданып келеді. Олар басқа медицина салалары секілді 6 жыл оқып, бітіру куәлігін алып шығады. Бұл дәрілік шөптерді зерттеу, пайдаға асырудан басқа, қазақ медицинасындағы биылғы табысымыз қазақ медицинасы бойынша білім алған мамандарға куәлікті заңдастырдық. Мемлекеттің білім беру жүйесі қазақ медицинасы білім саласы ретінде танып, куәлік беруді бекітті. Биылғы түлектер куәлігі бар қазақ медицинасының маманы болып шығады. Айта кетер жайт, бітіруші жастар арасында аталған мамандық бойынша сынақ жүргізіліп, куәлік беріледі. Қазақ медицинасы саласында білім алатындар тек қазақтар ғана емес, сонымен қатар басқа ұлт өкілдері де бар. Бірақ, сынақ қазақ тілінде өтеді. Қазір қазақ медицинасы даму жолында деп айтуға болады. Біз қазақ шипагерлігі, халық емшілігі емес, ғылыми негізі бар қазақ медицинасы деп танимыз. Біздің жұмысымыз өнімдірек болуы үшін 2012 жылы «Қазақ шипагерлік ғылыми қоғамын» құрдық. Бұл ұйым бірлесе жұмыс жасау мақсатында құрылды. Қазір 600-ден астам мүшесі бар. Бұл қоғамымыз дамып келеді, жылына бір рет ауқымды шара, яғни, ғылыми талқы жиынын өткіземіз. Мұндағы мақсатымыз өзара пікір алмастыру, қазақ медицинасын дамыту.
Жасарат Жәлелұлы:
– Қазақ шипагерлігін қазақша ем, дауалау деп айтатынын жиі естиміз. Бірақ, бұл шартты ғана атауы. Біздің қазақ медицинасы деген өз ғылымымыз бар. Оны «Алты тұғыр теориясы» деп атаймыз. Ұлы ойшыл әл-Фарабидың кітабында «Төрт тұғыр» деп аталады. Өтеубойдақтың жазуымен «алты тұрғы» болып дамып келеді. Мұны қалай біз медицинада жүзеге асырамыз? Мысалы, сүйек сынса орыс немесе батыс медицинасы оны орнына келтіріп, үш айға дейін гипспен қатырады. Бұл мүлде қате. Ол топыраққа қатырып тастаумен тең, үш ай гипстен кейін сүйек жұмсарып, әлсіз болып қалады. Буын қуысы жоғалып, шеміршек азаяды. Нервтердің қызметі зақымданады. Себебі, гипстің ішіне ауа кірмейді ғой. Сондықтан, оны қатырып қоймай, керісінше қимылмен емдеу керек. Сондықтан, сынықты, сіңір үзілуін қимыл арқылы емдеу дейтін қазақ медицинасының жаңалығына Қытай үкіметін ден, қызықтырып, жан-жақты жағдай жасап отыр. Қазақ медицинасы өзі бірнешеге бөлініп, салаланады. Диагноз қоюдың өзіндік ерекшеліктері бар. Мәселен, адамның қимыл-қозғалысы, сөйлеген сөзіне қарап немесе ауырған жерін ұстап, тамыр басып көреді. Тамақ арқылы емдеудің де жолы бар: қымыз-қымыран, шұбат, т.б. тағам түрлері арқылы емдейді. Оташы, бұлаумен де емдейді. Тарихта сақтардың бұлауына шөп дәрілер қосылған екен. Гректердің жазбаларында, шөп дәрі жасауды сақтардан үйренгендері туралы жазылады. Одан кейін қан шығару емінің де өз мезгілі болады: қар еріп, су тасыған кезде шығарады. Сонымен қатар, у мен уды қайтару. Халық емшілігінде мұның неше тәсілдері бар. Медицинаның символында неліктен екі жылан бейнеленуі тегін емес. Қазақ медицинасында рухани дауалаудың өзі үлкен бір сала. Инемен емдеу, теріні тесу – мұның барлығы нәзірияның шеңберінде жүзеге асады.
– Осы тұста сұрақ туындап тұр. Сіздер қызмет ететін Шыңжаң емханасында емдеудің заманауи түрлері өте көп шығар. Дегенменде, осы қазақ медицинасының емдеу тәсілдері тәжірибе жүзінде қаншалықты қолданылады?
Жасарат Жәлелұлы:
– Қытайда 56 ұлт бар. Әр ұлттың өз медицинасы бар. Ал, қазақ медицинасы осының ішінде 6-шы орында тұр. Қазақ медицинасының жолы өте дұрыс екенін тәжірибе дәлелдеп отыр.
Әсия Бейсенбайқызы:
– Жасарат Жәлелұлы осы тірсек медицинасын өте жақсы қолдануда. Бұрын оны операция арқылы емдейтін болса, қазыр ота жасалмай-ақ емдеуге болады. Қазақ медицинасының батыс медицинасынан озып тұрған осындай жаңалықтары бар.
Ұмұхан Нұрхабекқызы:
– Қазақ медицинасы өте жүйелі. Менің кәсіби мамандығым оташы, оның ішінде сүйек-буын оташысы. Сынықтарды салу, буынды қалпына келтіруді қазақ шипагерлігі бойынша емдеп жатырмыз. Емделуге келген науқасқа ең алдымен, диагноз қоямыз. Сынықты салғаннан кейін, әрі қарай басқа ұлттық медицинаға тән ем-дом жасаймыз. Мысалы, сынықты салған соң тауықтың жұмыртқасының ағына түрлі дәрілерді қосып, араластырып, сыныққа таңамыз. Жаңа Жасарат ағамыз айтқандай, батыс медицинасындағы гипспен емес, жұмыртқаның ағыменен емдейміз. Егер сынық ауыр болса, онда жан-жағынан тақтайшалармен таңып тастаймыз. Таңғанда да, қан жүретіндей еркін, дәкені де, тақтайшаларды да аралық сақтап отырып, байлаймыз. Жұмыртқаның ағы мен оған қосатын дәрілер сүйек жетілдіреді. Мұндай дәрілерді біз «Жалғағыш талқан» деп атадық. Бұл ғылыми диссертация ретінде зерттелді. Және оған патент алдық. Бұл қазақ шипегерлігінің клиникада өте жақсы қолданатынын аңғартса керек. Біздің емханалар өте қарбалас жұмыс істейді. Өйткені, емделушілер өте көп. Әсіресе, сүйек бітістіру жағынан қазақ медицинасын мойындайтындар көп. Өйткені, Батыс медицинасы гипспен қатырып,шегелеп тастайды. Ал, бізде басқаша. Күл паршасы шығып, сүйек сынып кетсе де, оған операция жасамай-ақ, жазуға болады. Неге қазақ медицинасының дәл осы сүйек бітістіру саласы жақсы дамыған десек, халқымыздың көшпелі өмір салтының нәтижесінде қалыптасты. Себебі, қазақтың өмірі аттың үстінде өткен, жиі көшеді, түрлі спорттарымыз бар. Содан халық арасында оташы, сынықшылар көп таралған. Ал, оны ғылыми жолмен зерттеп, дәрі қалай пайдаға асты, қандай тәсілдер қолданды деген секілді сұрақтардың жауабын табудамыз. Бұдан басқа, қазақ медицинасының өзіндік емдеу әдісі – бұлау. Ғасырлар бұрын бұлаудың емдік қасиеті туралы Өтеубойдақ бабамыз айтып кеткен. Бұлаудың өзі алтыға: сақтанды бұлау, баптаулық бұлауы, қақтаулық бұлауы, нақтаулы бұлауы деген секілді бөлінеді. Халқымыздың ат қоюдағы көрегендігін қарамайсыз ба? Қазақтың бұлауын біз орталығымызда аштық. «Желғұз» деп ат қойып, үкіметтен көмек алып жүзеге асырдық. Бұл өте тиімді, себебі шығыны аз, әрі емделушілерге ұнайды. Басқа ішкі ағзаларға еш зияны жоқ. Мәселен, дәрі ішсе адамның іш құрылысы ауырады, ал, бұлау сырттай емдейтін болғандықтан еш кері әсері аз. Химиялық дәріге қарағанда, зияны жоқ десе де болады.
Болат Мақабылұлы:
– Ассалаумағалейкум! Осында отырған мамандармен қазақ медицинасы жөнінде бірлесіп жұмыс жасап келеміз. Қазақстанға әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың 80 жылдық мерейтойы қарсаңында арнайы шақырумен келдік. Әл-Фараби есімін бала күнімізден бастап білеміз. Ол қазақ медицинасының негізін қалап берген. Мен қазір Пекин университетінде, яғни, PhD доктор дәрежесінде білім алып жатырмын. Мұнда дәрілік шөптердің химиялық құрамын зерттеу бойынша ізденіс үстіндеміз. Менің мамандығым қазақ медицинасымен тығыз байланысты. Неге десеңіз, қазақ медицинасы осы табиғи өнімдерге сүйенеді. Қытай ғалымдарының қазақтың емдік шөптерді пайдалануы туралы сұрағаны бар еді. Енді, нақты кесіп айта аламыз. Қазақ дәрілерін нарыққа шығару үшін бір мекемеге топтасып, жұмыс істеудеміз. Ісіміздің нәтижесі жақсы деп айта аламыз. Қазір бірнеше бағыт бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Табиғи өсімдіктердің түрлерін, санын анықтауымыз керек. Екіншіден, ол өсімдіктердің қандай пайдасы бар немесе қандай мақсатта пайдаланамыз деген сұрақ туындайды. Тағы айта кетер жайт, халық емшілері бізге келіп, емдік шөп жасау тәсілдерімен бөліседі. Ал, біздің тарап оларға патент жазып береді. Өзіміздің ұлтымыздың игілігіне жарату үшін дереу патенттеп беруге тырысамыз. Кейін емханада зерттеуден өткеннен кейін, ол тәсіл емдеуге пайдаланылады. Ең тиімді дәрілер қолданысқа жіберіледі.
– Қазақстанда қазақ медицинасы жоқ. Және «қазақ медицинасы» дегенде ойға бірден бақсылық, емшілік түседі. Сол тараптан қарағанда, сіздердің жұмыстарыңызға риза болып отырмыз. Қазақ медицинасын одан әрі қарай дамытуға Қазақстан тарапынан қандай бір көмек қажет пе?
Әсия Бейсенбайқызы:
– Миллиард қытайдың арасында отырып, қазақ медицинасы дамып жатыр. Дегенмен, бізге дарынды, білімді мамандар қажет. Үкімет тарапынан немесе жеке азаматтар болсын, осы қазақ медицинасын қолдау керек. Біз 2012 жылдан бастап Қазақстанға жыл сайын келіп жүрміз. Біз тек бір ғана мақсатпен, қазақ медицинасын дамыту үшін ғана келеміз. Бұл жақтағы халық емшілерінің көбі рухани жағынан емдейді екен. Және сүйек оташылар, сынықшылар екен. Қазақ медицинасын елімізде дамыту керек. Өйткені, бұл қазақ мемлекеті. Қазақ мемлекеті біздің қазақ медицинамызды, шипагерлігімізді отандық медицина деп таныса. Сонда ғана қазақ медицинасы әлемге әйгілі медицина болып қалыптасар еді.
– Қазақ медицинасының Қытайдағы орны қандай? Өздеріңізге белгілі Қытай медицинасы да үлкен бір сала. Қазақ медицинасы оның еншілес саласы бола ма, әлде жеке медицина саласы ретінде дами ма? Қазақ медицинасының болашағын қалай елестетесіздер?
Әсия Бейсенбайқызы:
– Қазақ медицинасының болашағы жарқын деп ойлаймын. Өйткені, әр ұлттың өзінің медицинасы, емдеу әдіс-тәсілдері бар. Бірақ, қазақ медицинасының негізгі нәзіриясы (теория-автор) қалыптасқан. Біз қазір мейлі зерттеу жағынан болсын, білім беру немесе емдеу жағынан болсын нәзіриямызды бірлестіріп жатырмыз. Яғни тәжірибе мен ұлттық медицина теорияларын байланыстырудамыз. Мұндағы мақсатымыз басқа медициналардан қандай ерекшілігі, парқы бар екендігін көрсету. Біздің жасаған шөп дәрілеріміз Қытай, Тибет, Моңғол медициналарында жоқ деп айта алмаймыз. Біз сол дәрілердің өнімін көрсету, дозасын мөлшерлеу, кері әсерін азайтуға байланысты. Қазақ медицинасының мақсаты аурудың ең қысқа уақыт ішінде, ең аз ақша жұмсап, ауру азабынан арылту.
Жасарат Жәлелұлы:
– Әр ұлттың медицинасы болады деген ой айтылды. Ал, қазақ медицинасы алты тұғырға сүйенеді. Осы алты тұғырдың айналасында жүргізілген емдеу әдістері осы қазақ медицинасының діңгегі.
Болат Мақабылұлы:
– Мұнда түрлі мамандармен кездестік. Олармен екі елдің арасында қазақ медицинасы туралы жиі байланыста болу туралы ортақ уағдаға келдік. Болашақта осындағы қазақ мамандарымызбен бірлесіп жұмыс істесек, қазақ медицинасын елімізде де дамытсақ деген ой айтамыз.
Ұмұхан Нұрхабекқызы:
– Қазақ медицинасының дамуына атсалысып жүрген азаматтар аман болсын! Осындай ғылыми тұрғыдағы ауыс-күйіс, барыс-келіс, байланысымыз күшейе берсін!
Жазып алған Жания Әбдібек