Түркістан қаласындағы OLYMPIC CENTER спорт кешенінде қазақ күресінен ересектер арасындағы Қажымұқан Мұңайтпасов жүлдесіне арналған Азия Кубогі аяқталды. Түйе палуан номинациясын иеленген батысқазақстандық Темірлан Көлбай бас жүлдеге ие болып, нива автокөлігінін жеңіп алды.
Екі күнге созылған дүбірлі додада қазақстандық балуандар өз мықтылықтарын көрсетіп, Азия құрлығы бойынша теңдессіз екендігін көрсетті. Кезінде қазақ халқымыздың атақ-даңқын күрес өнерімен бүкіләлемге танытқан Қажымұқан Мұңайтпасов та талай жеңістің шыңына жетті. Биыл кең көлемде ұйымдастырылған бұл Азия Кубогінде түйе палуандықты иеленген Батыс Қазақстан облысынан келген талантты балуан Темірлан Көлбай көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Бас жүлде автокөлік жеңіп алған жеңімпаз саңлақ қуанышын көпшілікпен бөлісті.
Азия құрлығы бойынша Қытай, Өзбекстан Тәжікстан мен Қырғызстанның да балуандары шеберліктерін күрес сынында көрсетті. Ал, Алматы облысының өкілі Мади Еділбаев күміс жүлдегер атанса, қола жүлдені Абай облысының мақтанышы Әсет Ахметжанов қанағат тұтты. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді Түркістан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қанат Жолдықараев пен күрестің білікті маманы Қуат Байходжаев, сонымен қатар қазақ күресінен Қазақстан Республикасының мемлекеттік жаттықтырушысы Жеңіс Биткөзовтар марапаттап, таланттыларды танытты. Айта өтерлігі, аламан күрес додасының бас жүлдесіне демеуші болған Ордабасы ауданы әкімі Нұрбек Бадырақов автокөлік сыйға тартып, қазақ күресінің жаңғыруына үлесін қосуды азаматтық парызы санайды.
Қазақ күресін дүниежүзіне кең түрде дамытуға игілікті істер атқарып келе жатқан еліміздің қазақ күресі Ассоциациясы өкілдерінің айтуынша, бұл халықаралық күрес додасы Қажымұқан атындағы жүлде Азия Кубогін жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастыруды жоспарлап отыр.