ПИЯЗДЫҢ ПАЙДАСЫ ТУРАЛЫ БІРНЕШЕ ДЕРЕК

ПИЯЗДЫҢ ПАЙДАСЫ ТУРАЛЫ БІРНЕШЕ ДЕРЕК

Пияз алғаш рет Қиыр Шығыста пайда болған. Ол уақыт өте келе Мысыр, Греция елдерінен басқа мемекетерге танымал бола бастаған. Қай уақытта болмасын өсімдік ғажайып пайдалы ретінде қабылданды.

Тарихта римдіктер мен гректер пиязды жауынгерлерге күш және батылдық беретін әрі жарақатты жазатын шипалы, қасиеті күшті өсімдік ретінде қолданған. Олар пияздың бір түріне жеңімпаз деп ат берген. Қиыр Шығыс пен Сібір елдерін аралаған жиһанкездер пиязбен қырқұлақ (цинга) ауруын емдеген.

Пияз құрамында түрлі дәруменге бай минералды тұз, органикалық қышқыл, зиянды микробтарға қарсы төтеп беретін көзді ашытатын ұшпалы «фитонцид» бар. Фитонцид ауадағы ауру тарататын микроб-бактерияларды жояды. Пияздың сөлі емге пайдалы. Мәселен, өсімдікті спиртке қосып жасаған аллачеп деген дәрі асқазан, ішек науқасына, сондай-ақ атеросклерозға да ем.

Пияздың қанның құрамындағы қантты азайтатын қасиеті де бар екен. Қант диабетімен ауыратындарға пияздан әзірленген сорпалы тамақ пайдалы. Бүйрегінде тасы бар сырқаттарға да пияздың 1 ас қасық сөлін күніне екі-үш рет ішкен ем болады.

Кейбіреулер мұрнынан су ағып, тамағы қызарып ауырған кезде пияз сөлін тамызады. Бұл дұрыс емес. Себебі, қызарып, бөртіп тұрған сілекей қабығын пияз сөлі одан әрі асқындырып жібереді. Оның орнына пияз сөлін шәйнектегі ыстық суға қосып, булап емдеген дұрыс. Пияздың емдік қасиеті 15-20 минут сақталатындықтан тезірек пайдаланған абзал.

Езілген пиязды сүтке қосып, дәкеге орап, аяқтың мүйізденіп кеткен жеріне басса, қатқан тері, нәрленіп, жұмсарады. Іріңдеген жараға, үсіген жерге басуға да болады.

Пияздың шаштың түсуін тоқтататын да қасиеті бар. Пияз сөлін мақтаға тигізіп, бастың құйқасына жағу керек. Сондай-ақ, пиязды үккіштен өткізіп, оны басқа жағып, сыртынан таңып қою керек. 1,5-2 сағаттан соң, жылы сумен шайып жібереді.

Үккіштен өткізілген пиязға сұйық май, жұмыртқаның сары уызы, бал (1 шәй қасық) қосып, құрғақ шашқа жақса, шаш түсуі мен ұштануын тоқтатып, тез өседі.

Апельсин мен лимонға қарағанда, пияздың құрамында аскорбин қышқылы көбірек. Қазіргі таңда жер жүзінде пияздың төрт жүзден аса түрі белгілі. Пиязды жылдың кез келген маусымында пайдалануға болады.