КІШКЕНТАЙДЫҢ ӨМІРІН САҚТАП ҚАЛАТЫН ОРТАЛЫҚ

Түркістандық Динара Омарова шала туған баланың анасы. Нәрестесінің салмағы 1,8 келі, бойы 41 см болып туылды. Дәрігерлердің көмегімен шақалақтың денсаулығы жақсарған. Жуық арада отбасыға оралатын болады.

Айтайын дегеніміз, елімізде бүгінде бала денсаулығын ерте диагностикалау, бала дүинеге келмей жатып баланы медициналық қолдау, перинаталды тексеруді жетілдіру шарасына басымдық беріліп отыр.

Осы ретте, Түркістан облыстық №1 перенталдық орталығы нәтижелі жұмыс жасап келеді. Орталықта жыл басынан бері 2602 нәресте өмірге келген болса, оның ішінде, 345 шала туған нәрестеге дәрігерлер ерекше күтім жасады.

Осынау ауыр жұмысты таңдаған бас дәрігердің неонтологиялық қызмет бойынша орынбасары Татьяна Кочурова. Қаншама сәбидің өмір сүру тынысын ашып, үміт сыйлаған жанның бірі.

Нәресте дүниеге келген соң, перзентханада тұқым қуалайтын ауруларға неонаталдық скрининг жүргізіледі. Яғни, фенилкетонурия мен туа біткен гипотериоз тексеріледі. Сонымен қатар, жаңа туған нәресте мен балалар есту қабілетінің бұзылуын уақтылы анықтау мақсатында аудиологиялық скринингтен өтеді. Аталмыш емдік шаралар МӘМС шеңберінде көрсетіледі.

Өткен жылдан бері енгізілген әдіс – құлақ мүкістігін анықтайтын объективті аудиометрия. Бұл баланың есту қабілетінің бұзылуын топикалық диагностикалайды, әрі зақымдану орның анықтайды. Әсіресе, шала туған баланың бойындағы ақауды ерте анықтап, дер кезінде емдеуге мүмкіндік жасалады.

Айта кету керек, Түркістан облыстық №1 перенталдық орталығының жаңа туған нәрестелерді реанимациялау және қарқынды терапия бөлімінің неонтолог-дәрігерлері, мейірбикелер сәби үшін астың да, дәрінің де орның басатын ана сүтімен қоректендіруді насихаттап келеді.

Ана сүті нәрестені инфекциялардан қорғайтын антиденелерді таратады.Яғни, шала туылған нәрестелер немесе иммундық жүйесі әлсіреген сәби үшін өте маңызды. Өйткені, мерзімінен бұрын босанған анасүтінің құрамында майлар мен секреторлық иммуноглобулин көп.

Сондай-ақ, шала туылған нәрестелерде асқазан-ішек жолдары дамымағандықтан бұл қоректік заттарды сіңіру қиын. Ал, ана сүтінде баланың ас қорытуын жеңілдететін ферменттер бар.