ЕГІЗ СӘБИ ДҮНИЕГЕ АЛЫП КЕЛГЕН АНАҒА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

«Адамның бір қызығы бала деген» деп Абай атамыз айтқандай, бала – біздің басты байлығымыз, еліміздің ертеңі мен болашағы.
Бүгін аудан әкімінің орынбасары Ербол Орманов, аудандық аурухананың бас дәрігері Жанат Тоғайбекова және аудандық аурухананың басшысының «Ана мен Бала денсаулығын қорғау ісі жөніндегі орынбасары» Замира Утегенова, аналар кеңесінің төрайымы Ақсұлу Кузембаева еліміз үшін маңызы зор Ел Президентінің кезектен тыс сайлауы күні дүниеге егіз ұлдарды алып келген Дүкербаева Ажарды арнайы құттықтап, сый-сыйапат жасады.
Саяси науқанмен тұспа-тұс күні қос батыр дүниеге келген Қыдыралиевтер отбасы азан шақырып сәбилердің есімін Қасым және Жомарт қойған.
Қазіргі таңда анасы мен сәбилердің жағдайы жақсы. Отыз бір жаста егіз босанған ана бүгінгі таңда көп балалы аналар қатарына еніп отыр.
Бұдан бөлек, аудан әкімінің орынбасары және аурухана басшылығы сайлау күні босанған Төртбаева Гаухарды, Кереметова Салтанатты және Мырзабай Перизатты арнайы құттықтап, сый-сыйапат жасап, гүл шоқтарын табыс етті.
Мемлекетіміздің демографиялық өсіміне зор үлесін қосқан аналар мен отбасыларына сәбилерінің бауы берік болсын деп, дүние есігін ашқан перзенттері елі сүйген, елін сүйген азаматтар болып өсіп-өркендеулеріне тілектеспіз!