Боксшылар ел чемпионатына аттанды

Тәуелсіз еліміздің спорт тарихынан белгілі, қазақстандық боксшылар барлық олимпиада ойындарында жүлдессіз қалмаған.Қазір Қазақстан бокс федерациясы талай адуынды саңлақтарды бүкіл әлемге танытқан боксты жаңаша әлемдік деңгейде дамытуда игілікті істер атқаруда. Республикамызда №1-ші спорт түрі саналатын бокс жастар мен жасөспірімдер арасында кеңінен дамып барады.

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды әрдайым түркістандық боксшыларға қолдау көрсетіп, жерлестеріміздің түрлі халықаралық додаларда жеңіске жетуіне жағдай жасап отыр. Ал, Түркістан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қанат Жолдықараев өңірімізде олимпиадалық ойындардың бағдарламасына енген барлық спорт түрлері мен бұқаралық спортты дамытуда тындырымды тірліктер атқаруда.

Облыс спортының басшысы Қанат Жолдықараевтің тапсырмасына сәйкес бокстан ересектер арасында Қазақстан Республикасы чемпионатының алдында бокс мамандары мен саңлақтармен бас қосты. Басқарма басшысы еліміздің намысын түрлі жарыстарға жоғары деңгейде қорғап келе жатқан жұдырықты қолғап шеберлері мен ересектер арасындағы бокстан құрама команда бапкерлеріне, сонымен қатар аға жаттықтырушыларға спорттық киімдер мен аяқ киімдер табыс етті. Қайсар ұлдарымыз өз бабында болу үшін де оларға жан-жақты жағдай жасалынуы керек, -деді облыс спортының жетекшісі Қанат Жолдықараев.

Жиында мемлекетіміздің мерейін төртжылдықтың басты додасы-олимпиада ойындары мен әлем, Азия чемпионаттарында үстем етіп келе жатқан жерлестерімізге жақсылық тілеп, оларға үлкен сенім артылды. Өңірімізде жеңіске деген құштарлықтары мықты Рио олимпиадасының қола жүлдегері, талантты жігіттерді бастаған Сәкен Бибосыновтай батыр боксшы ұлдарымыз бар.

Түркістан облысының ересектер құрама командасының аға бапкері Нүркен Аңдасовтың айтуынша, бәрінен де ұлттық намысты жоғары қоятын түркістандық боксшылардың мақсаты айқын, жеңіске деген күш-жігерлері мықты. Алда Париж олимпиада ойындары күтіп тұр. Елдігімізді бүкіл әлемге танытатын жеңімпаз боксшыларымызға әрдайым сәттілік тілейміз.