Түркістан облысы Жетісай ауданы Б.Момышұлы атындағы №6 мектеп-гимназиясы бүгінде үздік нәтижесімен республикалық көрсеткіште көш бастап тұр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жетісай ауданы адами әлеуетті дамыту бөліміне қарасты Б. Момышұлы мектеп гимназиясын жергілікті тұрғындар «Алтын белгі» иегерлерінің «ұстаханасы» атап кеткен.
Себебі, білім ордасын бітіруші түлектер жыл сайын түгелдей меслекеттік грант иегері атанады.
Мәселен, биылғы 2021-2022 оқу жылында бес сыныптың 63 оқушысы түгелімен мемлекеттік грантты жеңіп алды.
Оның 30-ы «Алтын белгіге», 21-і «үздік аттестатқа» ие болды.
Ал, аталған білім ордасының 17 түлегі «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелде білім алып, ел экономикасының дамуы жолында абыройлы қызмет атқарып жүр.
«Қазіргі таңда ұжымда 165 педагог бар. Оның ішінде 7 педагог – шебер, 63 педагог-зерттеуші, 26 педагог-сарапшы, 30 педагог-модератор еңбек етіп жүр. Баршасы да жоғары білімді ұстаздар. Жалпы 2003 жылдан бері мектепті бітірген 925 шәкірт мемлекеттік грант арқылы жоғары оқу орындарына түсті. 444 оқушы «Алтын белгі», 224 оқушы «Үздік аттестат» иегері атанды. Міне, мұның баршасыда ұстаздардың, мектеп ұжымының жетістігі. Ерен еңбектің жемісі» — дейді мектеп директоры Қозыбақ Жүндібайұлы.
ҰБТ-дан әрдайым үздік шығатын білім ордасының іс-тәжірибесі бүгінде өзге мектептерге таратылып жатыр.
Жиі жиі семинар кеңестер өткізіліп, ұстаздар өзара тәжірибе алмасып отырады. Яғни, оқушыларға сапалы білім пен саналы тәрбие беріп жүрген оқытушылар күнделікті ізденіс үстінде.
Баршасы әр сабаққа жаңа технология қолдана отырып, оқушыларға жаңаша бағытта дәріс беруде.
Атап айтар болсақ, Ж.Молдабекова, Г.Барлыбаева, Т.Пайызова, Б.Егембердиева, Н.Жақсыбаева, Ә.Маралова, Р.Аязбекова, К.Сахиева, Д.Өтегенова, Г.Камнева, Е.В.Вегнер, Ж.Жумағазиева, Т.Қарабалаева, М.Түзелбаев, А.Құдайбергенова, В.Исатаева, С.Сариева, Р.Бейсенова, Г.Асқарова, Н.Жүнісова, З.Самбетова, А.Қалжанова, Н.Әлметова, Р.Набатов, Ұ.Бердишева, В.Сбоева, С.Құлжанов, В.Исатаева, К.Шонбасова, Ж.Ізтілеуова, Е.Құлжанов және өзге де ұстаздардың педагогикалық ұжымның жеткен жетістіктеріне қосып жүрген үлесі көп.
Ал, мектеп-гимназия директорының орынбасарлары А.Жақсылықова, С.Құрмантаев, С.Жұмақов, С.Сариева, М.Лесбекова, Н.Ыбырай, Ш.Нұрбеков және Б.Қадырқұловтар білім мен тәрбие жұмыстарын ұдайы қадағалап отырады.
«Басқару саласындағы 39 жылдық тәжірибемнен түйгенім — білім сапасын арттыру үшін мектеп әкімшілігі тарапынан басқару мен бақылауды тиімді ұйымдастыру, орынбасарлардың лауазымдық міндеттемелерін оңтайлы бөлу, ең алдымен, мектептің жылдық, перспективалық даму жоспарларын бірізді жүйелі бағытта жасаудың маңызы зор. Мектепішілік бақылауда – педкеңес, директор жанындағы мәжіліс пен әдістемелік кеңесте қаралатын мәселелер дер кезінде жіті қаралып, талданып, сараптама анықтамасы тағайындалып отыруы – сапалы білім мен тиянақты жауапкершіліктің айнасы болады», — дейді мектеп директоры Қозыбақ Өмірхан.
Соңғы жылдары мектепке жоғары оқу орындары мен колледждерде қызмет атқарып жүрген білікті мамандарды тарту үрдіске айналған.
Оларға да көптеген талаптар қойылып, білімі мен біліктілік деңгейі қатаң тексеріледі.
Мұнда «Педагогикалық кадрларды іріктеу, міндеттемелерді ұтымды үйлестіру және тәрбиелеу— табысты мектептің негізгі кілті» — деген қағидат қалыптасқан.
«Жаңа заманда жай ұстаз болу аздық етеді. Әрбір мұғалім жаңашыл әрі заман көшіне ілесе алуы тиіс. Бұған еңбек пен іздену арқылы ғана қол жеткізе аламыз. Сондықтан маман қабылдауда бірінші сөйлеген сөзі мен мәдениетіне, оқыған оқу орнына, теориялық білімі мен сауаттылығына мән беремін. Қызметке қабылдайтын мамандардың бәрінен тест алу арқылы жұмысқа аламын»,-дейді мектеп директоры.
Педагогика мен тәрбие бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп, бар жұмысты дұрыс жолға қоя біген білім ордасы Түркістан облысында «Ең үздік мектеп» атанды.
Ал басшысы Қозыбақ Өмірхан «Құрмет» орденімен марапатталып, есімі республикалық «Егемен елдің 100 қайраткері» анықтамалық энциклопедиясына енді.
Ұстаздардың да ерен еңбегі еленіп, көптеген марапаттарға ие болды.