Бүгін Қазақстан Республикасының Президенттігіне Кандидат Қ.К.Тоқаевты қолдау жөніндегі Түркістан облыстық қоғамдық штабы ашылды. Оның құрамына облысқа танымал тұлғалар, зиялы қауым өкілдері мен белсенді жастар еніп отыр. Бұл туралы халықтық коалиция штабының төрағасы болып бекітілген «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының Атқарушы хатшысы Бейсен Тәжібаев баспасөз брифингінде мәлімдеді.
Бейсен Дәулетұлының айтуынша, облыстық қоғамдық штаб бір ай бойы үгіт-насихат науқанында ҚР Президенттігіне Кандидат Қ.К.Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасын жан-жақты түсіндіретін болады.
— 2 миллион 200 мыңнан астам тұрғыны бар, 1 миллион 165 мың сайлаушы тіркелген Түркістан облысының тұрғындары әрбір саяси науқанда өздерінің белсенділігімен көрініп келеді. Елде өткен Референдумға да өңір халқының 80,66 пайызы қатысып, Республикада алғашқы орында болды. Яғни, түркісандықтар Қасым-Жомарт Кемелұлының бастамаларын белсенділікпен қолдады. Алдағы саяси науқанды жоғары деңгейде ұйымдастыру мақсатында қазірде белсенділікпен жұмыс істеп жатырмыз,- деді облыстық қоғамдық штабтың төрағасы Бейсен Тәжібаев.
Бүгінде Түркістан облысында 1 облыстық және 17 аудан, қалалық штаб жұмыс істеп жатыр. Облыстық қоғамдық штаб құрамы 65 адамнан тұрады. Ал, аудандық, қалалық штабтарда 524 адам жұмыс істеуде. Өңірде алғаш рет Ел Президенттігіне үміткер халықтық коалициядан ұсынылғаннан кейін «Ақ Жол» партиясынан 17 адам, Қазақстанның Халықтық партиясынан 4 адам үгіт шараларына штаб мүшесі ретінде енген. Мұнан бөлек аталған құрамға іскер әйелдер және спорт қауымдастықтары, мүгедектер қоғамдық бірлестіктері, бітімгер медиациялар, азаматтық альянс мүшелері, ауған соғысының ардагерлері, журналистер және жазушылар одақтары филиалдарының өкілдері халықтық коалиция құрамына енген.
Сондай-ақ, облыстық штабта ұйымдастыру, саяси, қоғамдық қабылдау, заңгерлік бөлімдері мен баспасөз қызметі жасақталған. Үгіт-насихат жұмыстары барысында аудан, қалаларда республикалық, облыстық дәрежедегі бірнеше іс-шаралар өткізу жоспарлануда. Мұндағы мақсат – кандидаттың сайлауалды бағдарламасын халыққа кең көлемде түсіндіру.
Ал, қараша айында өңірге Республикалық қоғамдық штаб мүшелерінің келуі жоспарланып отыр. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов басқарып келетін штаб мүшелерінің құрамында қос палата депутаттары және есімдері елге танымал азаматтар бар.
Б.Тәжібаевтың айтуынша, республикалық штаб мүшелері бағдарламаға сәйкес еңбек ұжымдарымен, қоғам белсенділерімен, құрылысшылармен, ауыл шаруашылығы, этномәдени бірлестік өкілдерімен, көп балалы аналармен, спортшылармен, ақсақалдармен, кәсіпкерлермен және теміржолшылармен кездесіп, кандидаттың сайлауалды бағдарламасымен таныстырады.
— Орталық сайлау комиссиясының күнтізбелік жоспарына сәйкес кеше, яғни 21 қазан күні сағат 18.00-ден бастап елімізде үгіт-насихат кезең басталды. Осы орайда облыстағы 100 орынға баннер ілініп, 13 ЛЭД экранға үгіт құралдары таратылды. Сонымен қатар, үгіт кезеңінің бірінші толқынында облыс бойынша таратылатын 120 мыңнан астам үгіт құралдары аудандарға жөнелтілді. Аталған үгіт құралдарын «Есіктен есікке» акциясы аясында «Jastar Ruhy-ның» 600-ден астам белсендісі таратуда» — деді штаб төрағасы.
Брифингте Түркістан облыстық мәслихат хатшысы, штаб төрағасының орынбасары Қайрат Балабиев ұйымдастыру және үйлестіру жұмыстарымен таныстырды. Қазіргі таңда облыста 919 сайлау учаскесі бар. Аталған сайлау учаскелерінде партия атынан 2705 адам сенімді өкіл қызметін атқаратын болады.