ТҮРКІСТАНДА РЕСПУБЛИКА КҮНІ МЕРЕКЕСІНЕ АРНАЛҒАН ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛ ӨТТІ

Түркістан қаласында «25 қазан – Республика күні. Кеше. Бүгін. Ертең» атты дөңгелек үстел өтті.
Келелі басқосуда Республика күні мерекесінің мән-маңызы, еліміздің тәуелсіздік жылдардағы негізгі жетістіктері, қоғамда тұрақтылықты сақтауға бағытталған мәселелер талқыланды.
Жиынға ғалымдар, үкіметтік емес ұйым мүшелері, мемлекеттік органдардың, этномәдени бірлестіктердің, жастар қанатының өкілдері қатысты.
Кездесуде алғаш болып сөз алған Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының басшысы Аңсар Өсербаев Қазақстанның егемендігі туралы декларация тәуелсіздікке қарай жасалған алғашқы қадам екенін, оның қабылдануы еліміз үшін оң өзгерістер әкелгенін жеткізді.
– Биыл Президентіміздің бастамасымен 25 қазан — Республика күні ұлттық мереке ретінде аталып өтіледі. Дәл осы күні 1990 жылы Қазақстанның егемендігі туралы Декларация қабылданды. Бабаларымыз үш ғасыр армандаған тәуелсіздік құжат ретінде тіркелді. Осы декларацияның арқасында еліміздің жеке территориясы, халықаралық қатынастардағы дербестігі, мемлекеттік рәміздері бекітілді. Республика күні осындай тарихи құндылығымен бағалы, — деді Аңсар Жаңабайұлы.
Басқарма басшысы сондай-ақ биыл облыста Республика күнін атап өтуде елдік пен бірлікті дәріптейтін қайырымдылық, экологиялық және патриоттық акцияларға басымдық беріліп отырғанын жеткізді. Бұл ретте, ұлттық мерекенің тұжырымдамасы негізінде Түркістан облысында 30 іс-шарадан тұратын жоспар бекітілген. Мереке аясында аудан, қалаларда өтетін 1200-ден астам шара жоспарланып отыр. Сонымен бірге мереке қарсаңында Түркістан өңірінде жаңа әлеуметтік нысандар ел игілігіне тапсырылады. Мұның барлығы мерекенің маңызын арттыруға бағытталған.
Сондай-ақ жиында сөз алған ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Түркістан облысы бойынша филиалының директоры Айнұр Идрисова 25 қазанды Жаңа Қазақстан құру жолындағы маңызды күн деп атап өтті.
– Соңғы 13 жылдан бері елеусіз қалған атаулы күнді, ел Президенті қайта жаңғыртты. Еліміздің тәуелсіздігі расымен де осы күннен бастау алады. Сондықтан, бұл күннің ұлттық мереке ретінде бекітілуі тәуелсіздік тұғырын асқақтата түсетін маңызды қадам. Бұл мерекені тарихымызды, дәстүріміз бен тілімізді, құндылықтармызды дәріптеу деп қабылдауымыз керек, — деді ол.
Жиынды қорытындылаған басқарма басшысы қатысушыларды Республика күні мерекесімен құттықтап, елдік пен бірліктің жолында күш біріктіріп, елге қызмет ете беруге шақырды.
x

Check Also

Түркістан облысында өзіндік кірістер мен салықтық түсімдер көлемі ұлғайды

Түркістан облысында өзіндік кіріс көздерін артыру, «көлеңкелі экономикамен» күрес, қосымша кіріс көздерін анықтау жұмыстары нәтижесінде өзіндік кірістер мен салықтық түсімдер ...

Түркістан облысында кедейлік деңгейін төмендету шаралары белсенді жүргізілуде

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды кедейлік деңгейін 5,5%-дан асырмау және осы бағыттағы жұмыстарды күшейту жөнінде тапсырма жүктеген болатын. Қабылданған шаралардың ...