Түркістанда халықаралық қарттар күні атап өтілді

Түркістанда Халықаралық қарттар күні мерекесі аталып өтті. Салтанатты іс-шараға Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды қатысып, өңір ақсақалдары мен ардақты әжелерін құттықтап, құрмет көрсетті.

– Баршаңызды 1 қазан — Халықаралық қарттар күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Қазақ халқында «Қарты бар ел қазыналы ел» деген нақыл сөз бар. Үлкенді сыйлау, оларға құрмет көрсету – ата-бабадан келе жатқан салтымыз. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда Түркістан тұрғындарымен кездесуде шаһарға қолдау жалғасатынын айтты. Бұл ретте өңірді дамытуда сіздердің де еңбектеріңіз мол. Облыста 179 мыңнан астам ардагеріміздің әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында әр түрлі бағытта жұмыстар атқарылып, мәдени-рухани өмірге белсене араласуларыңызға қолайлы жағдай жасалуда. Мерейлі мерекеде баршаңызға зор денсаулық, ұзақ өмір, отбасыларыңызға – амандық, ұрпақтарыңызға бақ-береке тілеймін! – деді Д.Сатыбалды.

Мерекелік іс-шараға аудан, қалалардан облысқа еңбегі сіңген еңбек ардагерлері мен зиялы қауым өкілдері шақырылып, құрметке бөленді. Олардың бірқатарына алғыс хаттар тапсырылды. Өңір басшысы аға буынмен пікірлесіп, ұсыныстары мен ойларын тыңдады.

Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов пен «Amanat» партиясының Түркістан облыстық филиалының атқарушы хатшысы Бейсен Тәжібаев та ардагерлерді құттықтады.

Осы күні Түркістан қаласында «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығы ашылды. Ғимараттың жалпы алаңы – 728 шаршы метр. 2022 жылға Түркістан қаласының бюджетінен орталықты ұстау және қызметтерді көрсетуге тиісті қаржы бөлініп, 19 штаттық бірлік құрылды. Орталықта күнделікті 70 зейнеткерге тиісті қызмет көрсетіледі. Бір жылда 2500 ардагер тынығады. Жалпы облыста «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталықтарының саны 10-ға жетіп отыр.

Түркістан облысында 2022 жылғы 1 қазандағы жағдаймен 179 633 мың зейнет жасындағы қарттар мен ардагерлер тұрады. Оның 20-ы Ұлы Отан соғысының ардагерлері болса, 4,8 мыңнан астамы – тыл еңбеккерлері. Бүгінгі таңда мемлекетпен кепілдендірілген төлемдер көлемі жыл сайын көтерілуде, облыстық және жергілікті бюджеттер қаржысы есебінен де түрлі әлеуметтік қолдаулар ұйымдастырылып келеді. Жалпы өңір ардагерлеріне ай сайын 15,8 млрд. теңге көлемінде зейнетақы төлемі жүргізіледі. Егде жастағыларды сауықтыру мақсатында жыл сайын облыстық бюджет есебінен «Ардагерлер үйі» мен «Мейір» ардагерлер үйлерінде жыл сайын 8 мыңға жуық қария денсаулығын түзеп келеді.

x

Check Also

Түркістанда халықаралық талапқа сай кілем фабрикасы салынады

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды түркиялық кәсіпкер әрі инвестор Искендер Капланмен кездесті. Кездесу барысында Түркістанда ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру ...

«Таза Қазақстан» шарасы басталғалы Түркістан облысында 1 млн-ға жуық тал отырғызылған

«Таза Қазақстан» шарасы аясында Түркістан облысындағы республикалық және облыстық маңызы бар жолдарға тазалық жұмыстары қарқынды жүргізілген. Бұл туралы брифингте облыстық ...