Бүгінде облыс орталығына сырттан келген қонақтар әр сапарында қаланың сәулетіне көрік қосылып, өзгеріп жатқанын көреді. Көз тартар зәулім-зәулім ғимараттар, тұрғын үйлер қаланың жаңарып жатқанын байқатады. Облыс орталығы мәртебесін алған 4 жылдан бері құрылысы тоқтаған емес.
Түркістан – исі қазақтың ғана емес, бүкіл түркі жұртының рухани астанасы. Түркістанға облыс орталығы мәртебесін беру ұтымды шешім болғанын ешкім де жоққа шығара алмайды. Орталық Азиядағы ең көне қалалардың бірі саналатын киелі қалада 21 хан мен 8 сұлтанның, 23 би мен 59 батыр жерленгені ресми түрде дәлелденген.
Түркістанның әр жетістігінің арқасында еңбек адамдарының маңдай тері тұрғаны белгілі.
Иә, мұның барлығы да оңайлықпен қол жеткізілген жетістік емес. Әр құрылыс нысаны басшылықтың тікелей бақылауында болғанымен, кез-келген жұмыстың, жетістіктің артында еңбек адамдарының табанақы, маңдай тері тұрғанын айтпай кетуге болмайды. Ал, құрылыстың күні-түні басында жүріп, қадағалайтын сала басшыларының да еңбегі зор. Мұндайда шаһардың көркеюіне тікелей жауапты қала басшысының да алар орны ерекше. Қаланың құрылысынан бөлек, әлеуметтік-экономикалық дамуы да назардан тыс қалмауы тиіс.
Осы ретте халық санының да артып жатқанын айта кеткен жөн. Мәселен, былтыр дәл осы уақытта Түркістанда 184 мың 436 тұрғын болса, биыл оның саны 194 мың 774-ке жеткен. Қаланың аумағы 22,4 мың гектарды құрайды.
Ал, көне қаланың жаңа келбетін көруге келушілердің саны артпаса, кеміп жатқан жоқ. Өткен жылдың 7 айында 1 124,9 мың турист келсе, ағымдағы жылдың осы уақытында бұл көрсеткіш 1 135,4 мың адамға жеткен. Бұл туралы Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков атап өтті. Оның ішінде шетелден келушілердің де саны артқан.
Түркістан қаласында 2019-2023 жылдар аралығында 95 инвестициялық жоба базасы мақұлданған болатын. Биыл оның шетел инвесторлары есебінен 7 жобасы іске асырылып, 278 жаңа жұмыс орны ашылды. Енді алдағы 5 жылда 10 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Оның бірі 2023 жылы Шейх Халифа бен Заид Аль Нахайянның қоры аясында жүзеге асып жатқан «Ана мен бала» орталығының құрылысын, House Development ЖШС салып жатқан «5000 адамға арналған» мешітті және «BN2» ЖШС тұрғызып жатқан «5 жұлдызды қонақ үй» құрылысын аяқтау жұмыстары бар. Одан бөлек, келер жылы «Интерстрой» ЖШС сауда ойын-сауық орталығының, BAZIS-A ЖШС Yassy tower бизнес және ATM TURKISTAN HOSPITAL ЖШС 570 койкалық көппрофилді медицина орталығының құрылысын аяқтамақ. Алдағы жылы «Қылует» қайырымдылық қоры «Қылует» рухани-мәдени орталығын, «Бозарық АБЗ» ЖШС асфальт-бетон шығаратын зауытын және битум қоймасының терминалын ашпақшы. 2025 жылға дейін инвесторлар есебінен тұрғын үйлер құрылысы жүргізіле бермек.
TURKESTAN индустриалды аймағын дамыту шаралары да күн тәртібінен түскен емес. 40 га аумақты алып жатқан жер бүгінде 190 гектарға ұлғайтылып, инфрақұрылыммен қамтамасыз етіліп жатыр. Мұнда 2016 жылдан бері 27 кәсіпорын іске қосылып, 1330 жұмыс орны құрылған. Былтыр 557 адамды жұмыспен қамтыған 4 жоба іске асты. Биыл жыл басынан бері мұнда асфальт-бетон, газоблок және газобетон зауыттары құрылып, жұмыстарын бастағалы жатыр.
TURKESTAN арнайы экономикалық аймағы аясында қалада 4 аумақ жұмыс істеп тұр. Әкімшілік іскерлік орталығы, әуежай аумағы, тарихи мәдени орталық және өндірістік аймақ аумағы бар.
Аталған аумақтарда 2019-2023 жылдарға арналған жоспар бойынша 3,5 мыңға жуық жұмыс орны ашылуы тиіс. Ол үшін 67 жоба жүзеге асады. Бүгінде оның 20-сы орындалып, 1 590 жұмыс орны ашылған. «180 га өндірістік аймақта аталған жоба аясында қала дамуындағы ең үздік жобалардың бірі болмақ. Инвесторлар тарапынан сұраныс жоғары, нәтижесінде заманауи технологиямен жабдықталған 50-ден астам кәсіпорындар пайда болады», – деді Нұрбол Әбдісаттарұлы.
Шыны керек, жергілікті билік өкілдерінің жұмыс көрсеткіші ең алдымен халықты жұмыспен қамту, әлеуметтік қолдау және инвесторлар тартумен өлшенетіні белгілі. Бұл бағытта Түркістан қаласында халықты жұмыспен қамту, аз қамтамасыз етілген және мүмкіндігі шектеулі азаматтарды әлеуметтік қолдау жүйелі атқарылып жатыр деуге болады. Ұлттық жобаның «Еңбек» бағыты бойынша 4 844 адам жұмыспен қамтылған. Бастау бизнес жобасы бойынша 992 сертификат алынып, 24 адамға мемлекеттік грант берілген. Сондай-ақ, АӘК алатын отбасыларға 4 696 балаға азық-түлік және тұрмыстық химия жиынтықтары бар себет таратылыпты.
Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға жүйелі түрде әлеуметтік қолдау шаралары ұсынылып келеді. Биыл осы санаттағы 3 585 жанға қаржылай қолдау көрсетілген. 263 адам протездік-ортопедиялық, 270 сурдо-тифлотехникалық құралдармен және 245 жан қол арбамен, 401-і жеке көмекшілер қызметімен қамтылып отыр. 151 адам инватакси қызметіне, 8-і әлеуметтік такси қызметіне жүгінеді. Әлеуметтік қызмет көрсету орталығы «Тең қоғам», «Белсенді ұзақ өмір», «Әлеуметтік психологиялық сүйемелдеу» бойынша 3 бағытта жұмыс атқаруда.
Ал, енді құрылыс саласының бәсі бөлек. Өйткені қаладағы қарқынды жұмыстардың бірі бұл. Қазіргі таңда 2021 жылдан өтпелі болған 3 392 пәтерлі 53 үйдің құрылысы жүргізілуде. Аталған үйлердің 2 706 пәтері кредиттік жүйемен сатылса, 686-ы кезектегі отбасыларға үлестірілмек. Пайдалануға берілген пәтер саны өткен жылмен салыстырғанда екі есе артқанын айта кету керек. Қалада 14 473 жан тұрғын үй кезегінде тұр. Бұл өзекті мәселенің бірі екені рас. Дегенмен, осынау мәселе де біртіндеп өз шешімін тауып келеді.
Сонау бір кездері Түркістан қаласында табиғи газ деген мүлдем болмаған. Бүгінде мұның шешімі де табылып, газдандыру шаралары кезек күттірмей, қарқынды жүріп жатқаны үлкен жетістіктің бірі десек те болады. Бүгінде көгілдір отынмен қамтылу көрсеткіші 91 пайызды құрап отыр. Енді биыл жаңадан қоныстанған, жер құжаттарын енді ғана заңдастырған 380 тұрғын үйге табиғи газ тарту шаралары жүруде. Тұрғындарды сапалы электр энегриясымен қамту да кезек күттірмейтін мәселенің бірі.
Айта кетейік, шаһардың аумағы кеңейіп, халықтың саны бірнеше есеге көбейген сайын инфрақұрылым мәселесінің де күрделене беретіні анық. Соған қарамастан жергілікті билік уақыт ағымынан қалмай осынау шараларды да жіті бақылауында ұстап келеді. Бүгінде қаланың таза сумен қамтылуы 98 пайызды құрап отыр. Келер жылы 5 нысанның құрылыс жұмыстарын аяқтау жоспарлануда. Ал қазір Кентау қаласындағы Біресек су кен орнынан 600 диаметрлік құбырмен сағатына 1 590 текше метр және Мырғалымсай ескі кен орнынан 800 диаметрлік құбырымен сағатына 3 200 текше метр мүмкіндігімен қарастырылып жатыр. Бұдан бөлек, жаз айларында Түркістан-Су мекемесінің меншігіндегі 21 су ұңғымасы арқылы және Арыс теміржолы ЖШС-нің меншігіндегі 14 су ұңғымасы арқылы қала ауыз сумен қамтамасыз етілуде.
Сонымен қатар қалаға сапалы жылу беру үшін тозығы жеткен нысандарды кезең-кезеңмен ауыстыру жоспарланған. Бүгінде қала аумағында 10 жылу қазандығы арқылы 312 нысан жылумен қамтамасыз етілуде.
Көлік инфрақұрылымын дамыту жұмыстарына келсек, қазіргі таңда қаладағы ірі көшелердің бірі І.Қожабаев көшесін реконструкциялау жүргізілуде. Нәтижесінде, Кентау тасжолы бағытындағы жолды Әкімшілік іскерлік орталығы арқылы Шымкент бағытындағы жолға қосатын болады. Дәл осындай реконструкция жұмыстары жүріп жатқан Ә.Жангелдин көшесі арқылы Қызылорда бағыты мен Балтакөл бағытындағы автокөлік жолы байланысады. Б.Қалаби көшесін реконструкциялау нәтижесінде Балтакөл тасжолын Шәуілдір және Шымкент тасжолына тікелей қосады. Киелі қалада осы және басқа да реконструкция шараларымен біраз өзгерістер орын алмақ.
Қала аумағындағы 46,4 шақырымды құрайтын 40 көшеге орташа және 105 шақырымды құрайтын 160 көшеге тас төсеу жұмыстары жүріп жатыр. Қала ішінде заман талабына сай жаңа, таза қоғамдық көлік тасымалы жолға қойылды. Бүгінде қала ішінде жалпы 21 бағытта 220 қоғамдық көлік қатынайды. Жыл соңына дейін қосымша тағы да сыйымдылығы жоғары 42 автобус әкелінеді. Былтыр экологиялық талапқа сәйкес 78 жаңа автобус алынған.
Түнгі жарықтандыру шаралары 2 жылдың ішінде 31 пайыздан 57 пайызға дейін ұлғайған. Келер жылы оның үлесі 89 пайызға жетеді. Туризм бағытында дамып келе жатқан қаланы абаттандыру жұмыстары жергілікті биліктің басты жұмыстарының бірі екені рас. Қала тұрғындары мен қонақтарына ыңғайлы жағдай жасау, дем алу, кешкі серуендеу үшін, аулаішілік ойын алаңдары мен жеке демалыс орындары іске қосылған. Қосымша қалаға қарасты тұрғын алқаптардың қажетті деп танылған аумақтарына балалар ойын алаңшасы мен спорт алаңдары салынған. Қаланың сәулеттік көркін келтіру үшін әрбір көп қабатты үйлер сыртына түңгі шамдар қойылған. Сонымен бірге, саябақтар мен гүлзарларды күтіп ұстау және ішкі ирригациялық жүйелердің жай-күйі басты назарда. Биыл қаланың 12,2 гектар аумағына 15 мыңнан аса ағаш егіліп, 9000 шаршы метр аумаққа көгал төселген. 200 мың түп гүл отырғызылып, 380 гектар аумақта күтіп-баптау жұмыстары жүргізілуде. Облыс орталығында 400 гектар жерге орналасқан 248 саябақтар мен гүлзар, желілік бақ пен жасыл желекті демалыс аймақтары бар.
Сондай-ақ, Түркістан қаласы географиялық белдеу бойынша шөлейтті аймақта орналасқан. Қаланың микро климатын өзгерту үшін, қала көлемін толықтай суландыру аясында қала ішінен гидрантты жүйемен су жүргізу және егілген талдарды суару үшін 6 кезеңге бөлініп отыр.
Бәрін айт та бірін айт, қала бүгінгі Түркістан мен кешегіні салыстыра алмайтындай өзгергені, тақыр жерден үлкен қалаға айналғаны елдің көз алдында өтіп жатыр. Ал, оның әрбір бұрышында жоғарыда айтып өткендей, еңбек адамдарының маңдай тері мен жарғақ құлағы жастыққа тимей жүгіріп жүрген орасан зор еңбегі бар.