Биыл Түркістан облысының құрылғанына 4 жыл толды. Осынау қысқа уақыт ішінде киелі шаһар көркейіп, көрсе көз тоятындай үлкен қалаға айналды. Түркістан сыртқы келбетімен ғана сұлуланып жатқан жоқ. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы жақсарып, барлық салада өсім байқалады.
Бүгінде қаланы дамытудың ІІ кезеңі жүріп жатыр
Түркістан қаласы туризм, мәдениет, медицина, білім мен ғылым, спорттық іс-шаралар жиі ұйымдастырылатын орталыққа айналып келеді. Мұнда тұрғындардың, жастардың жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасалып жатыр. Қазір Түркістан қаласын дамытудың ІІ кезеңі жүріп жатыр, бұл жұмыстар шаһардың 4 аумағында жүзеге асырылып отыр. Оның біріншісі – әуежай аумағы. Мұнда 12 жоба қолға алынады. Оның ішінде 100 орындық қонақүй, жеміс бағы, 50 гектар жерге жылыжай, 10 мың бас ірі қара бордақылау кешені, 1 200 бас тауарлы-сүт өндіру фермасы салынбақ. Екіншісі – әкімшілік-іскерлік орталығында жүзеге асатын 57 жоба. Олардың қатарында Халықаралық теннис орталығы, құрылысы жүріп жатқан «Мұз сарайы» бар. Одан бөлек, ат спорты кешені, демалыс орындары мен денсаулық сақтау нысандарын да атап өтуге болады. Сондай-ақ осы аумақта жалпы 4,8 млн шаршы метр тұрғын үй салынып, 46 мың пәтерді пайдалануға беру жоспарланған.
Ал үшіншісі, Б.Саттарханов даңғылының бойында да бірқатар жоба жүзеге асуы тиіс. Төртінші аумақ – Мәдени-рухани орталықта Күлтөбе қалашығының тарихи нысандарын қалпына келтіру, «Әзірет Сұлтан» музей-қорығының аумағын абаттандыру жоспарға алынған. Бұдан бөлек, «Керуен сарай» тұрғын үй кешені, «Аманат» коттедж қалашығы, Medina Palace қонақүйі, «Қылует» мәдени-рухани орталығы салынып жатыр. Жалпы, Түркістан қаласын дамытудың 2-кезеңінде инвестициялардың көлемі 1,3 трлн теңге болады деп межеленген. Оның 1 трлн теңгесі немесе 77 пайызы жеке инвестициялар есебінен жүзеге асады.
Қаланы суландыру, газдандыру мәселесі шешімін тапқан. Жасыл алқап аумағы ұлғайып, қаланың экологиясы да жақсарып келеді. Туристер саны артып, республикалық, халықаралық деңгейдегі басқосулар жиі өтіп жатыр.
Қазір Түркістан қаласы аумағында азық-түлік белдеуін қалыптастыру аясында құны 34,3 млрд теңге болатын
5 серпінді ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Азық-түлік қауіпсіздігі де басты назарға алынған.
Түркістан шетелдіктер үшін туризмімен еске түседі. Сондықтан өңірде туризм саласын дамыту, оның әлеуетін арттыру әрі туристерге тартымды ету – бүгінгі күннің басты талаптарының бірі. Туризмді өңірдің негізгі драйверлерінің бірі ретінде оны дамыту басты назарда тұр.
Сонымен қатар облыс болып құрылған төрт жылдың ішінде халқының саны 285 216 адамға көбейгенін де айтпай кетуге болмайды. Түркістан осылайша түрленіп, түлеп жатыр.