Қ.Тоқаев Қазақстан халқын Республика күнімен құттықтады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Республика күнімен құттықтады. Президенттің құттықтау сөзін Ақорда жариялады.

«Құрметті отандастар! Баршаңызды Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы декларация қастерлі тәуелсіздігімізге жол ашты.

Сондықтан бұл тарихи құжаттың мән-маңызы зор.

Біз биылдан бастап Республика күнін ұлттық мереке ретінде жаңа мазмұнда атап өтеміз. Осы бастама жұрттың кең қолдауына ие болып, дәстүрге айналарына сенімдімін.

Республика күні – халқымыздың рухын көтеріп, елдігімізді нығайтатын, бірлігімізді бекемдеп, ынтымағымызды арттыратын айшықты мереке.

Біз Әділетті Қазақстанды құруға кірістік. Барша қазақстандықтар белсене атсалысқанда ғана осы игі мақсатқа қол жеткізе аламыз. Себебі мемлекеттің тірегі де, басты байлығы да – азаматтар!

Жаңғырған ұлттық мерекемізге орай өңірлерде бірлігіміздің символы – көк байрағымызды көтеруге арналған салтанатты рәсім өтеді. Бұл – ұрпақ санасында отансүйгіштік қасиетті, елдік рух пен ұлттық ұстанымды бекемдей түсетін маңызды шара. Көк туымыз – егемендік, азаттық, бірлік, бейбітшілік сынды ізгі құндылықтарды ұштастыратын қастерлі рәміз.

Біз – байрағын биік ұстаған бабалардың ұрпағымыз. Сондықтан ту көтеру рәсімі ұлттық мерекенің маңызын арттырады.

Қазақстаннан басқа Отанымыз жоқ. Бағдарымыз – айқын, мақсатымыз – ортақ.

Біз тәуелсіздік тұғырын биік ұстап, мемлекеттігімізді нығайта береміз. Өйткені Отанымыз – бір, мемлекетіміз – бір, халқымыз – бір.

Ендеше Әділетті Қазақстанды бірге құрайық!

Баршаңызға зор денсаулық, бақ-береке тілеймін!

Еліміздің егемендігі баянды болсын!», — делінген мемлекет басшысының құттықтау сөзінде.

Еске сала кетейік, биыл Қазақстанда Республика күні 13 жылдан бері алғаш рет тойлануда. Биыл шілдеде өткен Ұлттық құрылтайда президент Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынған болатын.

x

Check Also

Биыл ірі бизнес өкілдері 10-нан аса ғылыми жобаны қаржыландырады

Қазақстанның ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Мемлекет басшысы қойған ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты нығайту міндеттерінің іске асырылу ...

1,7 млн оқушы мектептерде тегін ыстық тамақпен қамтылған

Үкімет басшысы Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мектепте тамақтандыруды ұйымдастыру мәселелеріне тоқталып өтті. Мемлекет басшысының ...