«Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесі мәреге жетті (видео)

«AMANAT» партиясының қолдауымен ұйымдастырылған «Ұлы дала жорығы» атты тұңғыш республикалық бәйге-додасы өз мәресіне жетті. Астана төрінен аттанған шабандоздар Қазақстанның киелі жерлерін аралап, Түркістанға дейінгі 1200 шақырым қашықтықты жүріп өтті,-деп хабарлайды «Astana» телеарнасы.

Шабандоздар мың шақырымнан астам жолды 12 күнде еңсерді. Тау мен тас, шөл дала, ауа-райының күрт құбылуы оларға кедергі болған жоқ, қиындықтарға қарамастан сәйгүліктер желдей есті. Дегенмен, жолда аты болдырып, жарыстан шығып қалғандар да болды. Сөреге төрт команда жетті. «Ұлы дала жорығының» мәресі ретінде Түркістанды белгілеу тегін емес. Оның өзіндік мән-мағынасы бар. Киелі өңірде халқымыздың салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы барынша сақталған. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысының жұртшылығымен жүздескен кезде осылай деген болатын.

Исатай Бауыржанұлы, Түркістан облысы командасының шабандозы:
Ұлытаудың тауындағы тас ең қиыны сол жер болды. Ол жерден енді аттар тағаланған, соның арқасында ешқандай жерде ат жетектеген жоқпыз, ат мініп өттік барлық жерде. Бірінші атым да, екінші атым да, өзім де бір–бір ауырып, тұмауратып үшеуміз де бір екі күннен ауырып шықтық үшеуміз де.

Тұңғыш республикалық марафон-бәйге 18 қыркүйекте бастау алған болатын. 19 команданың 100-ден астам шабандозы атқа қонды. Яғни, еліміздің әр өңірінен 1 командадан қатысты. Бәйге 100 шақырымнан 12 сатыға бөлінген. Қатысушылар киелі жерлерге ат басын бұрып, тарихи орындарға зиярат етті. Олар демалыс орнымен, азық-түлікпен және қажетті медициналық көмекпен қамтамасыз етілді. «AMANAT» партиясы, «The Great Steppe Tour» қоғамдық қоры мен Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі ұйымдастырған ұлы дүбір Түркістан қаласында түйінделді.

Асхат Оралов, «AMANAT» партиясының атқарушы хатшысы:
«Amanat» партиясы ұлттық құндылықтарды қашанда жоғары қояды. Ұлтымыздың ұйтқысы болған руханиятымызды, мәдениетімізді, дініміз бен тілімізді сақтап ұлы болашаққа аманаттау біздің биік мақсаттарымыздың бірегейі. «Amanat» партиясы ұлт руханиятына серпіліс беріп, отаншылдыққа бастайтын халықты біріктіретін бастамаларды әрдайым қолдауға дайын.

Әлібек Әлденей, «The Great Steppe Tour» қоғамдық қорының төрағасы:
Осынау әлемде теңдесі жоқ бәйге –марафон отандық және халықаралық ат спорты саласында жаңа сайыс форматына енгізуге негіз болады деп сенеміз. Марафонды келешекте халықаралық деңгейде ұйымдастырып, халықаралық ат спорты федерациясы өткізетін жарыстар қатарына қосу жоспарланып отыр.

Он екі күнге созылған жарыс қорытындысында киелі шаһарға бірінші болып жеткен Маңғыстау облысының командасы «Ұлы дала сарбазы» атағымен марапатталды. Жүлделі 2-ші орынды Жетісу өңірінің шабандоздары қанжығаласа, 3-ші орынды Түркістан облысының командасы иеленді. 4-ші болып мәре сызығын Жамбыл облысының шабандоздары кесіп өтті.

Нұрсағын Дәулетұлы, Маңғыстау облысы командасының шабандозы:
12 күн 1200 шақырымды жүріп өту оңай емес. Талай ата-бабамыздың атпен жүріп өткен жерін сезінгендей болдық шынымен де. Тарихтың бір бөлшегінде қалдық деп есептейміз өзімізді. Қуаныштымыз, Аллаға шүкір, аттарымыз аман-есен келді, жеткізді.

Барлық жеңімпаздарға қомақты қаржылай сыйақы табысталды. «AMANAT» партиясы ұлттық спортты, соның ішінде ат спортын дамытуға әрдайым қолдау көрсететін болады.

 

x

Check Also

Түркістанда халықаралық талапқа сай кілем фабрикасы салынады

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды түркиялық кәсіпкер әрі инвестор Искендер Капланмен кездесті. Кездесу барысында Түркістанда ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру ...

Келесі жылдары білім гранттарының саны артады — министрлік

Ғылым және жоғары білім министрлігі үш жылдық бюджетте мемлекеттік білім беру гранттарының санын көбейту мүмкіндігіне қатысты түсінік берді. — Қазақстан Республикасында ...