Жауапсыз мердігерлерге қатаң ескерту жасады

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды құрылыс мерзімінен кешіккен нысандарды жаппай тексеріп, міндеттемелерге құлықсыздық танытқандарды құзырлы органдардың құзыретіне тапсыруды жүктеді.

Түркістандағы бірнеше тұрғын үй құрылысын аралаған облыс басшысына жауаптылар жұмыс барысында кездескен кей кедергілерді еңсере алмағанын алға тартты. Құрылыс материалдарының қымбаттап, шекарадағы шектеулердің болғанын айтты. Алайда аймақ басшысы істің соңын сиырқұйымшақтатып жіберген әлеуметтік маңызы зор нысандардың жауаптыларына компанияның тәуекелге барып, құрылысқа кіріспес бұрын оның қаншалықты тиімді екенін зерделейтінін еске салды.

— Сіздерді мәжбүрлеген ешкім жоқ. Мерзімнен кешігіп, салбырлыққа салынып жүргендерге ескерту берілген. Ертеңін ойламай, бірнеше нысанды мойнына алып, жөнімен бітіре алмай отырғандарға кешірім болмайды. Маған сылтау айтудың қажеті жоқ. Бұл — жауапсыздық. Әр нысанның артында халықтың тұрғанын ұмытпаңыздар. Талапқа бағынбайтындардың жырын созбай, құзырлы органдардың құзыретіне тапсырыңыздар, — деді облыс әкімі Дархан Сатыбалды.

Облыс басшысы Түркістан қаласындағы құрылыс алаңдарын аралап, жауапты басшыларға нақты тапсырмалар жүктеді. Игерілген қаржы мен атқарылған жұмыстың айырмашылығын есептеуді міндеттеді. Құрылыс қарқынын үдетуді тапсырды.

Қазіргі таңда облыс орталығының әкімшілік-іскерлік орталығында 5, 7, 9, 12 және 20 қабатты 60 тұрғын үй бой көтерді. Сондай-ақ әкімшілік ғимараты бар 20 қабатты тұрғын үй құрылысы аяқталуға жақын.

«Керуен сарай» тұрғын үй кешенінің құрылысына 500 адам жұмылдырылған. 4,5 га жерде орналасқан заманауи баспаналар кешені жыл соңында пайдалануға беріледі деп күтілуде.

x

Check Also

Түркістанда халықаралық талапқа сай кілем фабрикасы салынады

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды түркиялық кәсіпкер әрі инвестор Искендер Капланмен кездесті. Кездесу барысында Түркістанда ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру ...

«Таза Қазақстан» шарасы басталғалы Түркістан облысында 1 млн-ға жуық тал отырғызылған

«Таза Қазақстан» шарасы аясында Түркістан облысындағы республикалық және облыстық маңызы бар жолдарға тазалық жұмыстары қарқынды жүргізілген. Бұл туралы брифингте облыстық ...