Түркістан және Маңғыстау облыстары ҚХА жанындағы аналар кеңестері тәжірибе алмасты

Түркістанда Маңғыстау облысының «Маңғыстаудан мың сәлем, Түркі төрі!» атты мәдени күндері өтті.

Салтанатты шара аясында бүгін «Ұлы Дала елі» орталығында Қазақстан халқы Ассамблеясының Маңғыстау және Түркістан облыстары бойынша Аналар кеңестері бірлесіп, рухани құндылығы мол игі шара ұйымдастырды. Жиынға Түркістан облысы ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Гүлсара Тоққұлова модераторлық етті.

Тағылымы мол шараға Түркістан және Маңғыстау облыстары ҚХА Аналар кеңестерінің мүшелері, Кәсіпкерлер қауымдастығының өкілдері, меценаттар, ардагерлер, Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің басшылығы және БАҚ өкілдері қатысты.

Жиында қос өңірдің аналар қауымы қазақы нышанмен көмкерілген дөңгелек үстелде бас қосып, еркін форматта пікір алмасты. Осы орайда, Маңғыстау облысы іскер әйелдер қауымдастығының мүшесі Татьяна Мурадян, Маңғыстау облысы жазушы шеберханасының директоры Наталья Задерецкая, Маңғыстау облысы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша Сараптамалық кеңес мүшесі Бибайша Нұрдәулетова, Маңғыстау облысы әкімдігі жанындағы саяси-қуғын сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі комиссия мүшесі, белгілі журналист Маңдайлы Қосымбаева және Түркістандағы «Ұлы Дала елі» орталығының директоры Гүлжанат Дүйсенбаева елдік пен бірлікті нығайту жолындағы ұсыныс-пікірлерлерін ортаға салып, тәжірибелерімен бөлісті.

Келелі кеңесте қазақ халқының озық салт-дәстүрлері мен тарихы да дәріптелді. Бұл ретте, Маңғыстау облысы ҚХА Аналар кеңесінің мүшелері Түркістан облысы ҚХА Аналар кеңесі мүшелеріне қазақтың салт-дәстүрі бойынша Маңғыстау өңірінде ежелден бері сақталған Амал мерекесі аясында өтетін «Көрісу» дәстүрін көрсетті. Сонымен қатар, түркістандық аналарға өз қолдарымен жасаған тарту-таралғыларын ұсынды. Маңғыстау облысы Ішкі саясат басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің басшысы, облыстық ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Амангүл Джайлханова Маңғыстау өлкесі туралы шығарылған кітаптар жиынтығын түркістандық әріптестеріне тарту етті.

Мазмұнды шарада сөз алған Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің басшысы Эльмира Жанғазиева Аналар кеңестерінің осындай бірлескен басқосулары жас ұрпақ тәрбиесіне үлкен септігін тигізетінін, Тәуелсіз еліміздің бірлігін бекемдей түсетінін айтып, меймандарға алғысын білдірді.

Жиында Маңғыстау облысынан келген өнерпаздар «Ұшады Маңғыстаудан шағалалар» әнін нәшіне келтіре орындап, кештің ажарын аша түсті. Шара соңында құрметті қонақтар «Ұлы Дала елі» орталығының жұмысымен танысып, мұражайдың құнды жәдігерлерін тамашалады.

x

Check Also

Түркістанда халықаралық талапқа сай кілем фабрикасы салынады

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды түркиялық кәсіпкер әрі инвестор Искендер Капланмен кездесті. Кездесу барысында Түркістанда ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру ...

«Таза Қазақстан» шарасы басталғалы Түркістан облысында 1 млн-ға жуық тал отырғызылған

«Таза Қазақстан» шарасы аясында Түркістан облысындағы республикалық және облыстық маңызы бар жолдарға тазалық жұмыстары қарқынды жүргізілген. Бұл туралы брифингте облыстық ...