Шымкент қалалық мәслихатының кезекті он екінші сессиясы өтті. Онда депутаттар Шымкент қаласының 2022-2024 жылдарға арналған бюджетін бекіту туралы шешім қабылдады. Жиынға қала әкімі Мұрат Әйтенов қатысты. Сессия жұмысына мәслихат хатшысы Бахадыр Нарымбетов төрағалық етті.
Шымкент қаласының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Рахымберді Мүлкемановтың айтуынша, қаланың 2022 жылғы бюджетінің шығыс бөлігі 468 миллиард теңге көлемінде белгіленген. Оның ішінде қаланың даму бюджеті 104 миллиард теңгені құрайды. Бұл қаржыға 159 жобаны іске асыру көзделген.
Атап айтқанда, тұрғындарды ауыз сумен қамтуға – 4 миллиард 519 миллион теңге, кәріз жүйесін жетілдіруге – 7 миллиард 99 миллион теңге, сапалы электр қуатымен қамтуға – 7 миллиард 266 миллион теңге, табиғи газбен қамтуға – 3 миллиард 674 миллион теңге және тұрғын үй құрылысына 28 миллиард 388 миллион теңге бөлінген.
Бюджеттің жобасы мәслихаттың тұрақты комиссияларының отырысында және партиялардың фракциясында егжей-тегжейлі қаралып, талқыланғандықтан депутаттар оны бірауыздан бекітті.
Қала әкімі М.Әйтенов бюджетті бекітудің маңыздылығына тоқталып, оны жоспарлау мен талқылауға белсенді түрде қатысқаны үшін депутаттық корпусқа алғыс айтты. Айта кетейік, мәслихат депутаттары жолдаған депутаттық сауалдар мен олар көтерген мәселелерді шешуге қаланың 2022 жылғы бюджетінен 39 миллиард теңге бөлініп отыр.
Сессия барысында күн тәртібіндегі өзге де мәселелер қаралып, тиісті шешімдер қабылданды.
Жиын соңында Мұрат Дүйсенбекұлы бір топ депутаттар мен қаланың дамуына елеулі үлес қосқан азаматтарды «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерекелік медалімен марапаттады.