Шаһарда «Тіл — тәуелсіздік тұғыры» атты конференция өтті

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында Шымкентте қалалық тілдерді оқыту-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен «Тіл — тәуелсіздік тұғыры» атты ғылыми-практикалық конференциясы өтті.

Оған қоғам қайраткері, тіл жанашыры Оразкүл Асанғазы, М.Әуезов атындағы ОҚУ доценті, филология ғылымдарының кандидаты Ақжол Қалшабек және өзге де тіл мәртебесі үшін өлшеусіз еңбек етіп жүрген азаматтар мен лингвист мамандар қатысты.

Конференцияны кіріспе сөзбен бастаған орталық директорының міндетін атқарушы Дәурен Дүйсебаев келесі тілдерді оқыту мекемесінде жыл басынан бері 1200 азамат дәріс алғанын, орталықта қазақ тілінде мемлекеттік іс-қағаздар жүргізу, сондай-ақ орыс пен ағылшын тілдері және латын алфавиті тегін үйретілетінін атап өтті. Мұнан өзге мекеме әдістемелік оқу құралдарын әзірлеумен айналысады. Орталық басшысының айтуынша, тіл саласына қатысты іс-шаралар ҚР тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде іске асырылуда. Сонымен бірге келесі жылы аталмыш мекеменің құрылғанына 25 жыл толмақ. Осыған орай орталық арнайы дайындық жұмыстарына кірісуде.

Өз кезегінде қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазы Тәуелсіздіктің елге берген үш жемісін атап өтті. Ол мемлекеттік тілдің өз тұғырына қонуы және Алаштың зиялы азаматтары армандап кеткен елдің экономикалық жетістігі мен халық санының өсуі.

— Егемендік тұсында қазақ тілі кең құлаш жайды. Мемлекеттік тіл шын мәнінде қолдау тауып, қоғамның барлық саласына ендіру мәселесі қарқынды түрде жүргізілді. КСРО тұсында Шымкенттің өзінде жалғыз ғана №7 қазақ тілді мектеп болды. Бұрынғы Целиноград қаласына қызмет бабымен барған шағымда 34 мектептің ішінде біреуі ғана қазақ тілінде білім беретін. Бүгінгі таңда қазақ тілді мектептердің саны орысша оқытатын білім ошақтарынан әлдеқайда асып түсты. Осының барлығын Тәуелсіздіктің қазақ халқына тартқан үлкен сыйы деп қабылдау керек, — деді қоғам қайраткері.

Ал, оқымысты ғалым Ақжол Қалшабек өз баяндамасында қазақ ұлты рухани жаңғыру үшін бес құндылыққа аса көңіл бөлу қажет дегенді айтты.

— КСРО өр мінезді қазақты шалажансар халыққа айналдыру мақсатында астыртын жоспарлар түзді. Соның салдарынан көп нәрседен айрылдық. Бірақ сонда да рухымыз сынбады. Аңсаған Тәуелсіздік бізді біржолата мәңгүрттенуден сақтап қалды. Екімыңжылдық тарихта қазақ 21 мемлекет құрыпты, 30 астана ауыстырған, 6-7 алфавит қабылдап, бірнеше дінге мойынсұнған. Осындай қайнаған тарих қазанынан соңында бүгінгідей қазақ елі қалыптасты. Халқымыздың үлкен табысы Тәуелсіздік болса, ендігі сынағы соны сақтап қалу. Менің түсінігімде ұлттық рух бес негізден құралады. Ол дін, тіл, тарих, салт-дәстүр, атамекен жер, — деген ғалым әрқайсысына жеке-жеке тоқталып өтті. Соның ішінде тілімізді қазақтың бар құндылығы сақталған алтын қобдишаға теңеді. Сонымен бірге қазақтың тілі өте бай, құнарлы, адам ойын дәл жеткізуде қазақтай тілге шебер халық жоқ екенін атап өтті.

Сондай-ақ конференцияда Шымкент қаласы бойынша соттар әкімшісінің құжат айналымы және бақылау бөлімінің бас маманы – сот мәжілісінің хатшысы Сұлтан Лесбек және М.Әуезов атындағы ОҚУ жастар орталығы директорының орынбасары Жасурбек Жұматаев баяндама жасап, қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтуге байланысты өз ойларын ортаға салды. Мұнан бөлек басқосу барысында көтерілген тақырыпқа орай қатысушылар баяндамашыларға көкейінде жүрген сауалдарын қойып, өзара пікір алмасты. Сонымен бірге конференция аясында тілге жанашыр бірнеше азамат оқыту- әдістемелік орталығының атынан алғыс хат пен бағалы сыйлықтарға ие болды.

 

x

Check Also

80 лет истории – яркий символ веры в будущее

Сегодня в «Доме дружбы» города Шымкент состоялось торжественное мероприятие, посвященное 80-летию переселения турок-ахысов в Казахстан. В этом событии приняли участие ...

80 жылдық тарих – болашаққа деген сенімнің жарқын символы

Бүгін Шымкенттегі «Достық үйінде» ахысқа түріктерінің Қазақстанға қоныстануының 80 жылдығына арналған іс-шара өтті. Іс-шараға Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – ...