Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған Шымкент қаласының Полиция департаментінде мерекелік жиын өтті.
Салтанатты іс-шараға қатысқан қала әкімі Мұрат Әйтенов ішкі істер органдарының басшылары мен жеке құрамды мерекемен құттықтап, «ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы» мемлекеттік наградаларды табыстады.
Тәуелсіздік жылдарында қоғамдық тәртіпті сақтауда полиция қызметкерлерінің жетістіктерін атап өткен қала әкімі, қаламызда тәртіп сақшыларының азаматтарға қызмет көрсету жолында жаңа бастамалар жүзеге асқанын айтты.
– Шымкенттің республикалық дәрежедегі қалаға айналуы полиция қызметкерлеріне де жаңа міндеттер жүктеді. Қаламызда полицияның азаматтарға қызмет көрсету орталықтары ашылды. Құқық қорғау органдарының фронт-кеңсесі қалалық «Nur Otan» партиясының филиалы жанынан құрылды. Сонымен бірге, халық тығыз орналасқан шағын аудандарда заманауи 100 мобильді полиция бекетін салу бастамасы іске асырылуда, — деді М.Әйтенов.
Қалада қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін биыл жаңадан 3177 бейнебақылау камералары орнатылып, қала аумағын шолу 3 есеге артты.
Айта кетсек, қалада осы жылдың 11 айында жалпы қылмыстардың саны 6 пайызға азайған.