Қажымұқанның меценаты кім?

Аягөз өңірінің өткеніне көз жіберсеңіз, талай тарихтың куәсі боласыз. Осы ауылдың аңқылдаған абыз ақсақалдарын былай қойғанда, орта буын өкілдерінің де айтар ой-толғамы бар. Бірде әріптесім Бекен Малдыбаев деген азамат осы қалада Қажымұқан атамыздың болғанын және ұлы күш атасының осындағы орталық алаңда өнер көрсеткенін білетін адамның Аягөзде тұратынын айтты. мен болсам, оған бірден қолқа салып, сол адаммен таныстыруын өтіндім. Келісті. Бірақ мінезі шатақ шал мені қаланың қақ ортасындағы көк қақпалы үйдің алдына әкелді де, кетіп қалды.

Саффа сақтаған газет қиындысы
Алдымнан сексеннің сеңгіріне шыққан қағілездеу адам шықты. Мен өзара қысқа амандықтан соң келген шаруамды айттым. Ол болса, бетіме ұзақ қарап тұрып: «Бірер күннен соң соғарсың», – деп шолақ қайырды да, шығарып салды.

Сонымен, қойшы, әлгі бірер күнім бір айға созылды. Кездестік. Өзін Саффа Шалқаров деп таныстырған адамым қолыма ескі газеттің әбден сарғайған қиындысын ұстатты. Байқасам, сөзге шорқақтау адам тәрізді. Оның үстіне, қашан да сақтық танытып отырады екен.

Әлгі газет қиындысы 1955 жылы «Көкшетау правдасы» газетінде «Анадан алып туған-ды» деген атаумен шыққан Қажымұқан жайында жазылған естелік мақала екен. Мақалада Қажымұқан туралы әлі күнге дейін еш жерде жарық көрмеген тың деректер және күш атасының басынан кешкен небір тағдыр тәлкегі жазылыпты. Мақаланы екі қайтара оқып шықтым. Міне, қызық! Мақала авторы қарсы алдымда отырған Саффа атамыздың туған жездесі, Көкшетаудың Еңбекшілдер ауданының тұрғыны, қазірде өмірде жоқ Болат Бекенов болып шықты. Мақала авторы 1955 жылдың жазында Аягөзге қайын енесі, Саффаның туған апасы Дина шешейдің алдынан өтуге келсе керек.

Сонымен, сарғайған сары қағаздың сыры тым тереңде жатқанын байқап, оның үстіне, әңгіме күш атасы Қажымұқан жайында болған соң, көнекөз қарияның өзін сөйлеткенді жөн көрдім… Тегі, мен ол туралы сөзге сараң деп ағат айтыппын. Ол шіркін әңгіменің тиегі ағытылғанда, көсіле жөнелді.

– Мен қазақтың біртуар балуаны Қажымұқанды бес жасымда көріп, оның өнерін алдымен Зайсанда, одан соң Аягөзде әлденеше рет тамашаладым, – дейді куәгер қарт. Күш атасының бұл өңірге келіп өнер көрсетуіне Саффа ақсақалдың әкесі мұрындық болыпты.

Зайсанда зауытпен қатар бірнеше дүкен ашып, Семей, Петербор, Мәскеуде саудасы дөңгеленген меценат Шаяхмет Шалқаров 1926 жылдың жазында елге қайтпақ болып, Семейден пароходқа отырады. Жол үстінде әлдекімдерден даңқты балуан Қажымұқанның осы пароходтың үшінші класты бір кісілік каютасында жатқанын естіп, сәлемдесе барады. Ол барғанда, балуан астына бөстегін салып, басын шапанымен жауып алып демалып жатыр екен.

Балуан басын көтеріп, қонақтың сәлемін алады. Аз-кем амандықтан соң ол: «Ал, батыр, бұл жатысың қалай?» – деп қасындағы бірінші класты каютаға көшіріп, балуанды басыбайлы қасына алып, жол бойы әңгіме-дүкен құрады.

Сол сапарда күш атасы жол серігіне өзінің өмір жолын баяндаған екен.алыптың алғашқы
қамқоршысы Апанаев болыптыҚажымұқан бабамыз жайында жазылған деректер мен айтылған аңыздар ел арасында жетіп-артылады.

Алайда Шаяхмет Шалқаров сынды атымтай жомарт азаматтың өз аузымен айтып қалдырған мұрасының орны бір бөлек.

Қажекең жолсерігіне туған жерінің Омбы облысы екенін, сондағы Шерлак (Шарбақты) деген пристаньда туғанын айтыпты. «Руым – қыпшақ, Қобыланды батырдың тұқымынанмын. Біздің тұқымда әр жүз жыл сайын бір зор туады екен», – деп күліпті.

Сол жолы қашан да халқының қадірлілерін пір тұтатын, көкірегі ояу Шаяхмет Қажымұқан атамызды шығыс өңірінің шалғайдағы шағын шаһарына аттай қалап, алып келеді.

Содан Зайсанның ауқатты азаматы Шаяхметтің үйінде игі жақсы дегендер бас қосып, Қажымұқанның ел алдында өнер көрсетуін өтініпті. Ел-жұрт сый-құрметін аямаса керек, балуан сол жолы игі жақсылардың қолдауымен екі рет тегін ойын көрсетеді. Ол көпшілікке 25 тақтайдан көпір жасатып, аяғына екі пұт гір тасын байлатып, көпірдің астыңғы жағына барып, шалқасынан жатады да, үстінен 25 ат пар-парлап шауып өткен соң, тақтаның астынан мырс-мырс күліп тұрып кетеді. Бұл ғаламатқа таң-тамаша болған халық батырдан өнерін жалғастыруды сұраса керек.Енді бірде ол арбаға 15 кісіні және желкесіне еңгезердей тағы бір азаматты отырғызып, адамдар иін тірескен арбаны тісімен сүйрей жөнеледі. Сосын қолына білектей темірді білезік қып орап, Шаяхметтің ешкім көтере бермейтін, салмағы үш пұт бір жастағы қызы Софияны қоса көтеріп алып жүре берген екен.

Балуан аягөзге қанша рет келген?
Шаяхметпен әңгімесінде Қажымұқан 17 жасында көшпелі цирктің атқосшысы болып Қазанға барғанын айтады. Бір күні қаланың үлкен алаңында күрес болып, бір орыс балуаны (атын ұмытып қалыпты) күрескендердің барлығын баудай түсірсе керек. Қажымұқан шыдай алмай, делебесі қозып, алаңға ұмтылса, судья жібермейді. Мығым денелі қазақ жігіті маза бермеген соң, ол: «Ну, давай, киргиз!» – деп рұқсат береді. Қажымұқан әлгі едірейген орысты ұстаған бетте жерге сылқ еткізіп бір-ақ ұрыпты.

Сол жерде ойынды тамашалап отырған ноғайлар: «Орманбет! Орманбет!» – деп ұран салып, Қажымұқанды көтеріп алып кетеді. Содан Қазанның Апанаев деген ноғай көпесі балуанның басына баспана, үстіне қымбат киім-кешек, астына тройка беріп, үлкен қамқорлық жасайды. Бұған қоса Апанаев Қажымұқанды өз қаражатымен Петербордағы Лебедевтің 9 айлық цирк-күрес мектебіне оқуға жібереді. Балуан алып денесі мен күшіне сай мінезі бар, салмақты, тамақты орташа ішетін, арақ ішпейтін жан болған екен. Ол оқудан қайтып келіп, Қазанда екі жыл тұрады.

Қажымұқанның Париждегі, Түркиядағы жеңістері, атақты Поддубныйдың сұқ саусағын сындыруы, Рига, Тройцк, Берлин, Лондон, Варшава сынды қалалардан алған алтын медальдары ноғай Апанаевтың арқасы болса керек. Тегінде, Шаяхмет Шалқаровтың туған жері Қазан қаласы екен. Ол осы сапарда батырды Аягөз арқылы әкеліп, халықтың сұрауы бойынша қаланың орталық алаңында өз демеушілігімен ойын өткізеді. Демек, батыр атамыз Аягөз өңірінде алғаш рет 1926 жылы өнер көрсеткен болып саналады.

Кейіннен, өкінішке қарай, атымтай жомарт атанған Шалқаровтың да басына қара бұлт үйірілген көрінеді. Оған дәлел ретінде оның 1935 жылдың қысында Семейдегі циркте Қажымұқанмен тағы кездесуін айтуға болатындай. Басынан баяғы дәурені мен байлығы кетсе де, ол ескі досына тағы да қол ұшын берген көрінеді.

1938 жылы Қажымұқанның басына іс түсіп, Түркістанның маңайындағы бір колхозда жұмыста болады. Сол жерде оған Шаяхмет Шалқаровтың туған күйеубаласы, Динаның жолдасы, Түркістан әскери округінің комиссары Ысқақ Үсеев көмек қолын созыпты. Қажымұқан Ысқақтың ақылымен 7 қарашадағы ойыннан түскен қаражатты армияға жіберген. Орайы келгенде айта кетейік, аталған қаржыға алынған соғыс ұшағын семейлік ұшқыш Қажытай Шалабаев соғыстың соңына дейін ұстаған. 1941 жылы бір қойы бар Қажымұқан Түркістандағы Дина шешейдің үйіне келіп, үш күн қонақ болады. Бұл кезде Динаның үй іші Аягөзге көшкелі жатса керек. Сол күндері Қажымұқан сәл көңілсіздеу болып, қимастықпен қоштасып: «Ондай жақсылық бірге туғанның да қолынан келе бермейді», – деген екен. Ол содан араға біраз уақыт салып, Аягөзде тағы бір рет шағын ойын-сауық көрсетеді. Бұл – батырдың екінші келуі болатын.Сонымен, Саффа ақсақалдың айтуына қарағанда, Қажымұқан бабамыз Аягөзде әлденеше мәрте болғанымен, екі-ақ рет ойын көрсеткен.

Қажымұқан атамыздың 1945 жылы ұлы Абайдың ғасырлық мерейтойына жанұясымен келіп қатысқанын заманында ақпарат құралдары жарыса жазған екен. Осы сапарында алып күш иесі Жүрекадырдың үстімен жүріп, Аягөзден Шәуілдірге аттаныпты. Бұл сапар батырдың аңыздар елі – Аягөзге келген соңғы сапары болатын.

Қадырбек Кәкімұлы
qasym.buketov.edu.kz

x

Check Also

Шымкентте Орталық Азия елдерінің ix халықаралық театр фестивалі мәресіне жетті

6-11 қараша аралығында Шымкент қаласында өткен Орталық Азия елдерінің IX халықаралық театр фестивалі биыл Жұмат Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық ...

Түркістанда ел бірлігі мен рухани мәдениетті дамытуға елеулі үлес қосқан азаматтар марапатталды

Бүгін Түркістан қаласындағы «Достық үйінде» облыстық Қазақстан халқы Ассамблея мүшелерінің қатысуымен кездесу өтті,-деп хабарлайды Xnews.kz ақпарат агенттігі Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. ...