Түркістанда даңқты балуан Қажымұқанның 150 жылдығы атап өтілді (видео)

Биыл қазақ даласының батыры, күш атасы Қажымұқан Мұңайтпасұлының туғанына 150 жыл.

Осыған орай бүгін Түркістан қаласында қазақ күресінен халықаралық турнир басталды. Сонымен қатар алып күш иесінің өмірі мен өнері туралы үш тілде жазылған кітап пен деректі фильмнің тұсауы кесілді.

Қажымұқан — қазақтан шыққан тұңғыш кәсіпқой балуан. Еркін күрестен әлемнің бірнеше дүркін чемпионы. Алып күш иесінің 150 жылдық мерей тойы қарсаңында тағы бір жаңа жинақ жарыққа шықты. «Күш атасы – Қажымұқан» деп аталатын кітапта балуанның өмірі мен туған жеріне қатысты ел арасында айтылатын кейбір жаңсақ пікірлерге нақты деректермен нүкте қоюға тырыстық дейді кітаптың құрастырушы-редакторы, белгілі журналист Бақтияр Тайжан.

Бақтияр Тайжан, кітаптың құрасырушы-редакторы:
— Қажымұқан туралы Қараөткелде туды деген әңгіме бар, одан кейін мынау Шілікте туды дейді. Қай жерде туса да Қажымұқан біздің ортақ тұлғамыз. Сондықтан Қажымұқан анда туды, мында туды деп таласуға болмайды. Сосын Қажымұқанды кезінде біреулер аштан қалды, күнін көре алмай отыр, Үкіметтен қаржы сұрады дейді. Оның бәрі өтірік нәрсе. Қажымұқан өмірінің соңында өте малды болған. Созақ даласынан қайтып келе жатқан кезде бір отар қой сыйлапты. Соны жолай бүкіл жетім-жесірге, кембалдарға таратып берген.

Сонымен қатар бүгін облыс әкімідігінің қолдауымен түсірген «Алып күш иесі – Қажымұқан!» деректі фильмінің тұсауы кесілді. 50 минуттық фильмде палуанның дүниеге келуінен бастап балалық шағы, бойындағы ерекше дарыны, күреске келу сәті және жеткен жетістігі мен халқына деген сүйіспеншілі баяндалады. Сондай-ақ фильм режиссері Сәбит Әбдіхалықтың туынды да бұған дейін түсірілген фильмдерде көрсетілмеген Қажымұқан өмірінің кейбір көлеңкелі тұстарын толық қамтуға тырысқанын айтады.

Сәбит Әбдіхалық, деректі фильмнің продюсері:
— Сол фильмдерге ұқсамайтын, басқаша бір тың деректермен шығу мақсатында Алаш ордашылармен байланыста болғанын, оларға өзінің көп көмегі тигені жайында және Қажымұқан атамыздың қоғам қайраткері ретінде қуғынға ұшырағанын, Өзбекстан, Тәжікстанға елден кетіп жүрген кездерін ашып көрсеуге тырыстық.

Көзінің тірісінде аты аңызға айналған Қажымұқан әлемнің 30-дан астам елінде белдесіп, 50-ге жуық медаль олжалаған. Боз кілемде жауырыны жер иіскеменген ол орасан зор күшімен дүниежүзін тәнті еткен. Сондай-ақ бүгін күш атасының мерей тойына орай Түркістанда қазақ күресінен халықаралық турнир жалауын көтерді. Оған Ресей, Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан жəне Тəжікстаннан келген ең талантты саңлақтар қатысуда. Дзюдодан Азия чемпионы, әлем чемпионатының қола жүлдері Дидар Хамза да батыр бабасының мерей тойында жеңіс тұғырынан көріну үшін барын салмақ.

Дидар Хамза, жарыс қатысушысы:
— Менің бұл қазақ күресінен алғашқы жарысым. Өте жоғары деңгейде өтіп жатыр. Өзіміздің ұлттық күрес болғанан кейін өзіміздің елде өтіп жатқаннан кейін бағымды сынап, Түркістан қаласына қуаныш сыйлағым келді.

Батырдың спорттағы жетістіктерінен бөлек, халқы үшін аянбай тер төккен ерен еңбегі әлі де терең зерттеуді қажет етеді дейді мамандар. Сондықтан биыл туған өңірі – Түркістан облысында 150 спорттық іс-шара өткізу жоспарланған.

Бағлан Батыршаев, Ордабасы ауданының әкімі:
— Ауданда, облыста осындай әртүрлі спорттық, мәдени әс-шаралар өтіп жатыр. Желтоқсан айында да біз облыстық жас балаларға арналған күрес жарысымен аяқтайтын боламыз. Оның барлығы ертең ұрпаққа мұра болады.

Айта кетейік, қазақ даласының батыры, күш атасы – Қажымұқан Мұңайтпасұлының туғанына 150 жыл толуына орай ұйымдастырылған халықаралық турнир ертең өз мәресіне жетеді. Бағы жанған балуан үйіне темір тұлпар тізгіндеп қайтады.

Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш
«Хабар 24» телеарнасы.

x

Check Also

Түркістанда қазақ романстарын орындаушылар арасында халықаралық байқау өтіп жатыр

Бүгін Түркістанда ХХVI «Қазақ романсиадасы» романс орындаушыларының байқауы басталды. Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен, «Южный Казахстан» қоғамдық-саяси газетінің ұйымдастыруымен өтіп жатқан ...

Түркістанда ақын Бақытжан Алдиярдың «Аналардың анасы» әдеби-сазды кеші өтті

Түркістанда Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Ерен еңбегі үшін» төсбелгісінің иегері Бақытжан Алдиярдың «Аналардың анасы» әдеби-сазды ...